Екібастұздықтарға жылу энергиясы үшін қаңтардағы төлем қайта есептелетін болды
Екібастұздықтарға жылу энергиясы бойынша қаңтардағы төлем қайта есептелетін болды. Бұл туралы «Екібастұзтеплоэнерго» ЖШС бас директорының міндетін атқарушы Дмитрий Захаров мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Zakon.kz сайтына сілтеме жасап.
Оның сөзінше, жылу желілеріндегі төтенше жағдайдан кейін ЖЭО жабдығының тұрақсыз жұмысына байланысты станцияда қазандық агрегаттарының тұрақты жұмысын қамтамасыз ету және параметрлерді тұрақтандыру үшін негізгі және қосалқы жабдықтардың жөндеу – алдын алу жұмыстары күнделікті жүргізіліп жатыр. Осыған байланысты жылу көздерінен босатылған жылу тасымалдағыш жоспарланған мөлшерден төмен болып отыр.
«Қаланы жылумен қамтудың температуралық кестесін сақтамау және температуралық параметрлерді қалпына келтіру бойынша реттеу жұмыстарын жүргізуге байланысты қаңтар айына жылу энергиясы бойынша төлем қайта есептелетін болады. 2023 жылғы қаңтардағы жылу энергиясымен қамту жөніндегі қызметтердің құнын қайта есептеу алгоритмі 10 ақпанға дейін есептік ай жабылып, тұтынушылар төлемін есептеу жүргізілгеннен кейін ұсынылады», - деді Дмитрий Захаров.