Екі әйел нашақордың бұғауынан босады
Бұрын сотталған нашақор екі әйелді кепілдікте ұстады. Ол есірткінің дозасын талап етіп, жәбірленушілерді босатудан бас тартқан. Бірақ арнайы құрылған жасақ қызметкерлері оны тұтқындап, уақытша қамау изоляторына жеткізді.
Қостанай облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, 46 жастағы нашақор есірткі дозасын талап етіп, екі әйелді кепілдікте ұстаған. Оқиға шілденің 9-ы сағат 22.00 шамасында болыпты. Наркодиспансердің тіркеуінде бар, бұрын сотталған еркек көршілері 45 жастағы әйел мен оның қызына пышақ кезеп, оларды пәтерге қамаған. «Нашақор балконға шығып, дереу ескірті дозасын тауып беруді талап етті», –дейді баспасөз қызметінің мамандары. Полиция қызметкерлерінің жәбірленушілерді босату туралы талабына құлақ аспаған ер адам ескірткі табылмаған жағдайда екі әйелге де зәбір көрсететінін айтқан. Бірақ ІІД-нің арнайы жасақ бөлімшесінің қызметкерлері күдіктіге қарсы тиісті шараларды қолдану арқылы тұтқындады. Аталған фактіге қатысты ҚР ҚК 234-бабына сәйкес, қылмыстық іс қозғалып, күдікті Қостанай қаласындағы ІІБ-нің уақытша қамау изоляторына отырғызылды.