Ресейге салынған санкциялар саны күн санап артқан сайын бұл елдің азаматтары қазақстандық атанып, көк паспорт алудың амал-әрекетін іздей бастады. Осылай деген мәжіліс депутаты Берік Дүйсембиев қос азаматтығы бар тұрғындардың саны көбейіп кетпей ме деген мәселені парламентте көтерді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Aibat жаңалықтар қызметіне сілтеме жасап.
“Соңғы оқиғаларға байланысты біздің еліміздің азаматтығына қызығушылық білдірушілер өте жоғары болып тұр. Бейбіт, мамыражай өмір сүріп жатқан елге келуге біздің көршілеріміздің қызығушылығын әлеуметтік желіден көріп отырмыз”, – дейді Берік Дүйсембиев.
Ішкі істер министрлігі елімізде қазірдің өзінде қос елдің азаматы болып жүрген қанша адам барын білмейтін болып шықты. Себебі Ресейге сұрау жібергенде салғырттық танытып, нақты жауап бермейтін көрінеді.
Бірақ қазақтандық атанғысы келетіндерге арнайы талап бар.
“Арнайы тексерулер бар. Өз елінің азаматтығынан бірінші шығу керек. Оны дәлелдеу керек. Заңға қайшы келмесе содан кейін барып қана біздің азаматтығымызға мүше бола алады”, – дейді ІІМ орынбасары Марат Қожанов.