Шығыс Қазақстан облысындағы Бұқтырма су қоймасына 19 млн-ға жуық шабақ жіберілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ШҚО Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының мәліметіне сүйенсек, өңірдегі су айдындарын балықтандыру шаралары жүргізіліп жатыр.
«Балық шаруашылығын дамыту мақсатында іске асырылатын жұмыстардың бірі – жыл сайын су айдындарын балықтандырып отыру. Балық саны азайып кеткен өзен-суларға уақтылы шабақ жіберіліп отырылуы тиіс. Оны осы саладағы кәсіпорындар жүргізіп отырады. Одан бөлек, мемлекет қаражатына да балықтандыру жұмыстары жүргізіледі», - делінген ақпаратта. Өңірдегі бұл жұмыстар 15 сәуірде басталған. Бүгінгі таңда Бұқтырма су қоймасына 19 млн-ға жуық шабақ жіберілді.
Балық ресурстарын молықтыру және сақтау мақсатындағы бұл шаралар мамыр айының соңына дейін жалғаспақ.