Қазақстандық режиссер-дебютант Саламат Мұхаммед-Әлидің "Бүкіл әлем аяғымыздың астында" фильмі 26 наурызда прокатқа шығады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Лента туралы 2011 жылы тұңғыш рет айтылған болатын, ол кезде Голливуд актерлары Арманд Ассанте, Кэри Тагава, Боло Йенг Алматыға келді. Сол жылы фильмнің Қазақстан мен АҚШ аумағындағы түсірілімдері басталды. Арада төрт жыл өткенде "Бүкіл әлем аяғымыздың астында" атты картинаға қазақстандық көрермен өз бағасын беретін болды.
Фильм Әлия (Қарлығаш Мұхамеджанова) есімді жас қыз туралы, ол тағдырдың жазуымен қылмыстық ортаға түседі, бірақ ол еш берілместен қылмыстық әлемнің "кіндік аталарына" қарсы шығады. Лентаның сценарисі әрі продюсері Дәурен Мұсаның айтуынша, сценарий жазуға оған кеңесшілер тобы көмектескен. "Фильмнің кей жерлеріндегі оқиғалар шынайы өмірден алынған. Ал факт шынайы өмірден алынған кезде, оның белгілі бір энергиясы болады", - дейді ол.
Есте қалатыны, бұл фильмге Ақтөбе облыстық қылмыстық іздестірудің экс-басшысы, Алматы ІІД басшысының бұрынғы бірінші орынбасары, 2013 жылы опат болған Серік Бимұрзин қатысқан. "Серік Бимұрзин фильмді шығарғаннан кейін қылмыстық полицияның бұрынғы полковнигі ретінде ондағы кейбір оқиғалардың шынайы өмірден алынғанын айтамын дейтін. Оның өз Отанына қызмет етіп жүріп қылмыстық оқиғаларды ашқан кездері болып еді", - деп бөлісті Мұса.
Картинаға Майкл Мэдсен, Питер О’Тул, ресейлік актер Алексей Франдетти, қазақстандық әртістер Мұрат Бисенбин, Нұрлан Алтаев, Ерден Телемісов, Асан Қырқабаев, Альфия Күнғожинова қатысты.
Айта кетейік, бастапқыда 30 миллион доллар бюджет жоспарланған. Режиссер фильмге А класындағы Аль Пачино, Роберт де Ниро мен Эдриан Броуди сынды жұлдыздарды шақырмақшы болды. Алайда кейін бұл ойынан бас тартты. "Біз өндіріс үшін жоспарланған 15 миллионның жартысынан көбін үнемдедік. Қалғаны маркетингке жұмсалды - бәрібір әлі де шығын шығады, себебі фильмді Ресейде прокатқа шығарғымыз келсе ең кемі тағы бірнеше миллион доллар қажет болады", - деді "Бүкіл әлем аяғымыздың астында" фильмінің продюсері.