Қармақшы ауданы Төретам елді мекенінде тұратын Талғат Қиымбаев екі бүлдіршінді ажалдан құтқарып, ел арасында үлкен беделге ие болып отыр.
Сол күні жұмыстан қайтып келе жатқан Талғат жолдан бұрыла бергенде, көліктің айнасынан артқы жағынан екі қыз баланың өткенін байқайды. Дегенмен олардың демнің арасында қайда кеткенін аңғармай қалады. Көңілі әлденеге алаңдаған ол дереу көлікті тоқтатады. Жан-жағына қараса, ешкім жоқ. Көше бойымен жедел адымдап, екі кішкентай қызды іздейді. Сөйтсе, жер астына жалғанған су құбыры құдығына ілініп тұрған қос бүлдіршінді көзі шалады. Біреуі терең суға батып бара жатқан секілді. Ойланып тұратын уақыт жоқ. Дереу оны құдықтан алып шығады. Төртінші сыныпта оқитын қыз бала көп ұзамай есін жиып алып, қасында 2 жастағы сіңлісі бар екенін жеткізеді. Талғат қайта құдыққа үңіліп қараса, онда бүктеліп отырған бүлдіршінді көзі шалады. Оны да ажал тырнағынан құтқарып қалды.
Қамқор пейілді ағаларының арқасында 4-сыныпта оқитын Рауан мен 2 жастағы Перизат өмірге қайта келді десек те артық емес. Адамгершілік жасаған Талғатқа қыздардың ата-аналарының айтар алғысы шексіз.
Берекет Ермағанбетов, екі қыздың әкесі:
– Қос қызымды өмірге қайта алып келген бауырымызға ризашылық білдіреміз. Осындай азаматтар арамызда көп болса дейміз.