Бүгін белгілі қоғам қайраткері Мұрат Қалматаев дүниеден озды, деп хабарлайды Caravan.kz.
Бұл туралы Ауған және аймақтық соғыс ардагерлері одағының төрағасы Шәріпбай Өтегенов өзінің фейсбуктағы парақшасында жазды.
"Ұзақ уақыттан бері сырқаттанып жатқан Ауған соғысының ардагері, Қызыл жұлдыз орденінің иегері, генерал Қалматаев Мұрат Дүйсенбіұлы бүгін 80 жасында өмірден озды... Мұрат аға Ауған соғысына қатысқан генерал шеніндегі жалғыз қазақ болған еді. Ол кісі жақсы дос, керемет әке және біз сияқты ауғандарға адал дос бола білді! Өжет генералдың жаны жәннатта болсын..." - деп жазған.
Мұрат Қалматаев (1936 жылы туған) – әскери және қоғам қайраткері, генерал-майор, журналист. 1983 жылы республика ІІМ-нің жаңадан ұйымдастырылған саяси бөлімінің бастығы болып тағайындалып, 1986 жылы генерал-майор атағы берілді.
Қалматаев 1988-89 жылдары Ауғанстан соғысында бірнеше жауапты операцияларға қатысып, басшылық етті. Майданнан аман-есен елге оралып, Семей облысы Ішкі істер басқармасын басқарды. 1995 жылы ҚР ІІМ-нің кеңесшісі болып тағайындалды. Қалматаев 12-13 сайланған Қазақстан Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланып, Құқықтық реформа және заңдылық жөніндегі комитеттің төрағасы болды. ІІМ-нің еңбек сіңірген қызметкері, «Құрмет белгісі», «Қызыл Жұлдыз», «Халықтар достығы», «Отан күзетінде» ордендерімен, 8 КСРО және шетел медальдарымен марапатталған.