Жаңа зауытты ашу туралы шешім бұдан екі жыл бұрын қабылданған. Шетелдік компаниялар сегіз ай бойы жобасын жасап, бір жыл бойы құрал-жабдықтарды орнатқан. Бұл туралы «Петропавл құбыр зауыты» ЖШС директоры Марат Әбиіров мәлім етті. Сондай-ақ зауыттың ашылу салтанатына қатысқан Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Серік Біләлов Петропавл құбыр зауыты индустриялық-инновациялық стратегия аясында жүзеге асырылып жатқан төрт инвестициялық жобаның құрамына кіретінін атап өтті.
«Солтүстік Қазақстан жерінде бірінші рет құбыр зауыты салынып отыр. Бұл зауыт облыс экономикасын дамыту үшін өте қажет. Қарашаға дейін зауыт өнімдеріне тапсырыс берілгенін айтсақ та жеткілікті», – деді С. Біләлов.
Жаңа зауыт негізінен су мен газ өткізуге арналған, диаметрі 102-219 мм, қабырғасының қалыңдығы 4-6 мм, сонымен бірге өлшемі 80х80 және 100х100 мм квадрат болат құбырларды шығарады. Кәсіпорын өз өнімдерін Қазақстан мен ТМД елдеріне сатуды жоспарлап отыр.
Зауыттың алғашқы жобалық қуаты жылына 36 мың тонна өнім өндіру. Үш жыл ішінде мүмкіндігінше ең жоғары көрсеткішке қол жеткізіп, жылына 120 мың тонна өнім өндіру жоспарланып отыр. Аталмыш кәсіпорында 100 жұмыс орны ашылып, көптеген жұмысшылар қайта даярлау мен оқуға жіберілген. Зауыт жұмысшыларының орташа жалақысы – 63 мың теңгені құрайды.