Биыл алматылық 2 мың тұрғын қоныс тойын тойлайды. 700 пәтер осы күзде «Жас қанат» ықшам ауданынан берілмек. Бүгін мәжіліс депутаттары «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша салынып жатқан үйлерді аралап көрді деп хабарлайды Алматы арнасына сілтеме жасаған Businessnews.kz.
«Жас қанат» ықшам ауданында ұзын-ырғасы 79 үй бой көтереді. Ондағы пәтер саны 3 мың 800-ден асады. Кезекте тұрғандардың жартысы пәтерлерді алдымен «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша, кейін Қазақстан ипотекалық компаниясы мен тұрғын үй инспекциясы арқылы ала алады. Қалған жартысына ипотека арқылы берілмек.
«Жас қанат» шағын ауданында 32 9 қабатты үйдің және 47 5 қабатты үйдің, жалпы саны 79 үйдің құрылысы қарастырылған. Қазіргі күні 28 үйдің құрылысы қарқынды жүріп жатыр», — деді Алматы қаласы құрылыс басқармасының басшысы Мұхамедғаріп Құрманғалиев.
«Нұрлы жол» бағдарламасы деңгейінде салынып жатқан үйлерге ұлттық қордан 10,9 миллиард теңге бөлінген. Мамандар, осы күзге дейін 12 үйдің құрылысы аяқталып, пайдалауға берілетінін жеткізді. Бүгін мәжіліс депутаттары «Жас қанатта» салынып жатқан баспана құрылысымен танысып, жоғары бағасын берді.
«Үйлердің сапасы мен көлемі жаман емес. Бір бөлмелі үйдің шаршы метрі 1,45. Ал үш бөлмелісі 75-80 метрден асып отыр», — деді ҚР Мәжілісінің депутаты Гүлмира Исімбаева.
«Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша жоспарланған үйлер 2016 жылдың бірінші жартыжылдығында толығымен бітеді. Ал «Жас қанат» ықшам ауданында жуырда 280 орындық екі, 320 орындық бір балабақша салынып, қысқа дейін пайдалануға беріледі. Сондай-ақ, 120 орындық қоғамдық монша мен денешынықтыру-сауықтыру орталығының да құрылысы жүруде. Ал, осы айдың 25-інде жергілікті бюджетке салынған 200 орындық емхана ашылады.
businessnews.kz