Бюджет саясаты жырға айналды
Бюджеттің жыры Мәжілісте ғана емес, Парламенттің жоғары палатасында да үлкен жырға айналды. Кеше Сенат алдына бюджетті жетілдіру мен салық салу мәселелері туралы екі бірдей заң жобасын әкелген экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Ерболат Досаев сенаторлардан біраз сөз естіді. Депутаттардың дүрлігуі де бекер емес. Бақсақ, Бюджет кодексіне соңғы төрт жылда 42 рет өзгеріс енгізілсе, Салық кодексі 69 рет өзгеріске ұшырапты. Айтып-айтпай не керек, бұған шыдамаған сенатор Қуаныш Айтаханұлы «Бюджет кодексі сендерге «проходной двор» емес» деп бір-ақ салды.
Үкімет ұсынған салық өзгерістеріне келсек, 2014 жылдың желтоқсан айының соңына дейін ел аумағына әкелінген көлік қозғалтқышының көлемі 3 мың текше метрден жоғары темір тұлпарларға салық көлемі арттырылады. Сонымен қатар Астана мен Алматы қалаларындағы, облыс орталықтарындағы тұрғын үйлеріне мүлік салығы екі есеге жуық артады. Айтпақшы, әуел баста Үкімет нұсқасы Мәжіліске кіргенде мүлдем басқаша болатын. Сөз арасында осыны сенатор Светлана Жалмағамбетова еске салды. «Үкімет осы жолы сән-салтанатқа салық саламын деп айтып, іс жүзінде орта буынға ауыртпашылық артпақ болды. Сөйтіп, енді ғана жайлы өмір сүре бастаған қазақстандықтар, ипотека арқылы баспанаға ие болып, 100-150 шаршыны құрайтын үй-жайларға қолы енді жете бастағанда салыққа қатысты тағы қысылтаяңды бастан кешетін еді. Мәселен, Астанада 155 шаршы метрді құрайтын жаңа пәтерге қазіргі норма бойынша мүлік салығы 17 мың теңге. Ал Үкімет ұсынған нұсқада 178 мың теңге көрсетілген. 10 есеге артық! Бұл – өте үлкен сома. Әлгіндей пәтерге ие қазақстандықтардың барлығы оны төлей де алмас еді», – деді сенатор. Бұл ретте Мәжілістегі әріптестеріне алғысын білдірген сенатор, Үкімет ұсынған нұсқа Мәжілісте барынша өзгертіліп, орта буынға түсетін ауыртпалық біршама жеңілдегенін айтты. Мұны Елбасы да қуаттаған. «Мәжілістегі нұсқа бойынша енді әлгі 155 шаршы метрлік пәтерге Үкімет көрсеткендей 178 мың теңге емес, 35 мың теңге шамасында салық төленеді. Сонымен қатар ауылды елді мекендерге салық өзгеріп отырған жоқ», – деді Светлана Жалмағамбетова. Бұдан бөлек, министр Ерболат Досаев ұсынған заң жобасында күштi алкоголь және темекi өнiмiне акциз мөлшерлемелерiн 2014-2016 жыл аралығында кезең-кезеңмен арттыру жүргізіліп, 100 пайызға жоғарылату көзделді. «Заң жобасында экономиканың жекелеген салаларын қолдау жөнiндегi шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне, ауыл шаруашылығы тауарын өндiрушiлерге салық салуды оңтайландыру жөнiндегi нормалар қосылды.
Мысалы, жоғары технологиялық өнiм өндiрiсiн арттыру үшiн жекелеген арнайы экономикалық аймақтардың аумақтарында жүзеге асырылатын қызметтiң басым түрлерiнiң тiзбесi кеңейтiледi», – дедi Ерболат Досаев Сенаттағы талқылауда.
Талқылаудан соң Сенат Бюджет пен Салық кодекстеріне өзгерістерді қарайтын екі заң жобасын да бірінші оқылымда мақұлдады. Дегенмен депутаттар Үкімет тарапынан сапасы сын көтермейтін заң жобалардың келуі әдетке айналғанын айтып, мұндайға төзбейтіндіктерін білдіріп қалғандар да болды. Мәселен, сенатор Қуаныш Айтаханов Елбасы ұдайы Парламент пен Үкіметтен сапалы заң қабылдауды талап етіп келе жатқанын, алайда қабылданған заңдардың шикілігінен оларға өзгертулер мен түзетулер жиі енгізілетінін атап өтті. «Әрине, өмір бір орнында тұрмайды. Ол тұрақты даму үстінде болғандықтан қолданыстағы заңнамалар жаңарып тұруы заңды. Алайда Парламентке келіп түсетін заң жобалары терең зерделенбей, жетілмей келіп жатыр. Мұның өзі қабылданған заңдардың жұмыс істеуіне кері әсерін тигізіп, азаматтардың заңға деген сенімсіздігін арттырады», – дейді Қуаныш Айтаханов. Бұл ретте сенатор 2009 жылы қабылданған Салық кодексін алға тартып, аталмыш кодекске 3 жылдың ішінде 69 рет толықтыру енгізілгенін айтты. Депутаттың айтуынша, салық жүйесіндегі тұрақсыздық салық төлеушілердің наразылығын тудырып, елімізге инвестициялар келуіне кері әсерін тигізеді. «Ал бүгінгі талқыланып отырған Бюджет кодексіне төрт жыл ішінде 42 рет өзгеріс енсе, соның 10-ы – биылғы жылдың еншісінде. Бүгін тағы өзгеріс енгізіп отырмыз. Жарты жылдан кейін министр Досаев тағы бір құшақ әкелем деп отыр. Бүйтсе, бюджетте не бедел қалады? Сонда не, Бюджет кодексі «проходной двор» ма?» – деді сенатор.
Бюджет жыл сайын игерусіз қалып жатыр
Бюджет мәселесіне келсек, заң жобасы мемлекеттік жоспарлау жүйесін жетілдіру мақсатында әзірленген. Соған сәйкес, алдағы екі жылда жергілікті бюджет шығыстарының базасына тұрақты қаржыландырудың ең төменгі көлемін енгізу ұсынылады. «Бұл әкімқаралардың бөлінген қаражатты басқа мақсаттарға пайдалануына жол бермеуіне септігін тигізеді», – дейді министр Досаев. Сондай-ақ қаржылық тәртіпті арттыру мақсатында 2015 жылдан бастап бюджетті қалыптастыруда бағдарламалар бойынша әкімшілердің шығыстары бойынша лимиттер енгізіледі деп күтілуде.
Бұған қатысты сенатор Қуаныш Айтаханов министр Досаевқа уәж білдірген еді. Халық қалаулысы: «Бюджеттік өтініштің негізінде бюджеттік лимит құралады деп отырсыз. Ал заңда «алдымен бюджеттік лимит жасалынады. Содан кейін барып бюджеттік лимиттің шеңберінде өтінім беріледі» делінген. Ендеше, бюджеттік лимит дегеннің өзі шектеу болып табылады. Еліміз дамып, экономика өрлеп келе жатқан кезде орталықтан бюджетті шектеп қоямыз. Шектелген бюджетті бағдарламаның әкімшіліктері өтінім беруі керек. Осының барлығы бір-біріне қайшы келмей ме?» – деп тікелей сауал тастаған болатын. Өз кезегінде министр бюджетті игеруде көптеген сұрақтар туындап отырғанын мойындағанымен, қалғанына дес бергісі келмеді.
Қазір жергілікті биліктегі азаматтардың көбі жемқорлыққа байланысты бірдеңе істеуге қорқады. Ақша аударылғаннан кейін қалтырап отырады. Облыстық бюджеттен аудандық бюджетке 100 млн теңге аударылса, аудан әуелі оны антикоррупциялық сараптамаға жібереді. Оны Астанадағы бір институт ұтып алған. Сараптама қорытындысы келеді дегенше 25-30 күн өтеді. Ал соның кімге керек екені белгісіз. Бір ғана сараптама жұмысына 150 мың теңге ақша алады. Қазақстан бойынша 280 аудан бар десек, тоқсанына бір сессия өткенде жылына 10 млрд теңгедей ақша шығын болады. Оның бәрі қайда кетіп жатыр? Аудан әкімі 20 мың теңгені мақсатсыз жұмсаса, республикаға әйгілейміз. Мынадайға көз жұмамыз. Сараптамаға 150 мың теңге төлеу – жемқорлықтың заңдастырылған үлгісі. Мұндай сараптаманың не қажеттілігі бар?!