Германияның астанасы Берлинде аяқталған VIII халықаралық «Би шыңы» конкурсының «Ұлттық би» аталымында А.В.Селезнев атындағы хореографиялық училищенің 2-курс студенті, балет бишісі Риза Қанатқызы алтыннан алқа тақты. Тағы бір жерлесіміз Зарина Байкенова жарақатына қарамастан, қола жүлдеге ие болды.
Қазақтың қос қызын белгілі әртіс Владимир Малахов төрағалық еткен қазылар алқасы мыңнан жүйрік деп таныған. «Би шыңы» әлемдегі ең ірі би конкурстарының бірі саналады. Биыл оған 24 елден 1000 биші қатысқан. Конкурс қорытындысы бойынша «Ұлттық би» аталымында жерлестеріміз топ жарса, «Классикалық би» аталымында — германиялық бишілер, «Заманауи хореография» аталымында оңтүстіккореялық бишілер ешкімге дес бермеді.
Алматылық биші қыздар конкурсқа қазақ және қытай билерін апарды. Балғын балерина Риза Қанатқызының жетекшісі Әнуар Садықованың айтуынша, бұл байқауда Батыс жұртшылығы қазақ биінің ерекшеліктерімен етене танысқандай болды. «Дала дауысы» деген атпен қазақ биі негізіне құрылған композициямыз конкурстың гала-концертіне ұсынылды», – дейді Ә.Садықова.
Риза ҚАНАТҚЫЗЫ, А.В.Селезнев атындағы хореографиялық училищенің студенті:
– Біздің негізгі қарсыласымыз Ресей бишілері болды. Олардың киімдері, билері маған қатты ұнады. Ал өз биім туралы ештеңе айта алмаймын. Алтын медальға қол жеткізгеніме қарағанда, көпшілікке ұнаған болуым керек.
Биші қызымыз Берлинде бас жүлде алды
Последние статьи автора