Атырау облысының Құрманғазы ауданында боранда бір отар қойымен төрт күн бойы адасқан келіншек аман-есен табылды. Табиғаттың дүлей мінезі мен аң-құстан Құдай сақтаған Нұргүл Сұлтанғалиеваның әрекетін жерлестері қаһармандыққа теңеп отыр.
Биылғы қыс атыраулықтар үшін оңайға түсіп тұрған жоқ. Өткен аптада үш күн қатарынан тоқтамастан жауған қар біраз қиындық тудырды. Далада үсіп қалып жатқандар баршылық. Құрманғазы ауданындағы «Мақаш» өндірістік кооперативінің «Қаңбақ қарақшы» деп аталатын қыстағын мекендеген Ғаділовтер отбасы үшін өткен апта әбігерлі болды. Түс әлетінде отағасы қалың басып қалған қарды тазалап жатқан соң, бір отар қойды қарай тұрайын деп шығып кеткен 27 жастағы келіншек сол күйі үйіне оралмады. Кенеттен тұрған қатты дауыл мен жауған қар жолдың бәрін жауып тастап, айдаладағы жалғыз үйді әбден әбігерге салды. Ақ түтек боранмен бір, жан-жаққа шашыраған қойлармен бір арпалысқан келіншек үйіне қайтар жолды таба алмай сол түнді далада өткізді. Иен мекенде түз тағыларының еркін жортатыны тағы бар. Үйінде пеш түбінде қалған үш жасар қызын ойлап, қайратына мінген жас ана «қайткен күнде де малдарды шашау шығармай бағуым керек, боран әйтеуір бір басылар» деген дәмемен осылай төрт күні мен түнін айдалада өткізді. Сықырлаған аяз бен өкпек жел де басылмай, қасарысып тұрып алды. Суыт хабарды естіген кооператив басшылары мен аудан әкімдігі, аудандық төтенше жағдайлар бөлімі облыс орталығынан тікұшаққа дейін алдырып, төңірекке барлау жұмыстарын жүргізгенімен, ақ түтек бораннан ұшқан құс пен жүгірген аңның елесі де көрінер емес. «Аяздың қаттылығы сондай, іздеушілердің ұялы телефондағы сөздері үзіп-үзіп естілді. Телефондар шығарған бойда-ақ қатып қалады. Сол себепті іздеуші топтармен әрең байланысып жүрдік»,– дейді аудан әкімдігінің бас маманы Зерек Сағыпазова. Тек 5 ақпан күні ғана «Мақаш» ӨК маманы Е.Шайхымеденов бастаған топ «Қаңбақ қарақшы» учаскесінен 30 шақырым жерден аштық пен суықтан әбден қалжырап, бір жыңғылдың түбін паналап отырған келіншекті тауып алды. Келіншек сол бойда аудандық ауруханаға жеткізілді. Қазір қасқырлардың шағылысатын кезі, осындай қауіпті мезгілде төрт күн бойы өмір мен өлімнің арасындағы арпалыста болған келіншектің аты-жөні – Нұргүл Сұлтанғалиева. Ол түнде қойларды бір жерге иіріп қойып, соның ортасына отырып жан сақтапты. Ақыры төртінші күн дегенде әлі құрыған қалпы көрінген жыңғылдың түбіне құлай кеткен. Өз басының амандығынан бұрын, қарауындағы 250 бас қойдың шашауы шықпауына жанын салған Нұргүлдің бұр ерлігі еріксіз бас шайқарлық. «Өйткені ол қазаққа Хиуаз Доспановадай батыр қыз сыйлаған өңірдің қызы ғой», – деп мақтанады жерлестері.
Бір отар қоймен төрт күн адасқан келіншек аман табылды
Последние статьи автора