Бір-бірімен жауласатын – діндер емес, адамдар...
Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары Арқа төскейінде осымен төртінші рет бас қосып отыр. Биылғы басқосуға 40 елден 85 делегация келіпті. Бұл алғашқы съезге келген делегаттар санынан әжептәуір көп. Ол кезде 17 елден 17 делегат қана келгені есімізде. Ендеше, Елбасы айтпақшы, мұның өзі форумның жаһандық маңызының жыл сайын артып, салмағының сапалы түрде өсіп келе жатқанын айғақтайды.
Съезд кеше ғана құрылған Діни лидерлер кеңесінің бірінші отырысымен басталды. Мұндай орган Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың ұсынысымен құрылғанын еске сала кетуіміз керек. Бұл ұсыныс осыдан үш жыл бұрын өткен съезде қолдау тапқан еді. Кеңестің құрамына әлемдегі жетекші конфессиялардың, яғни ислам, христиан, иудаизм, буддизм, синтоизм, зороастризм діндерінің өкілдері кірді. «Кеңестің құрылуы конфессияаралық диалогті жаңа деңгейге шығарады», – деді Президент.
Нұрсұлтан Әбішұлының айтуынша, кеңес өзге де халықаралық диалогтық құрылымдармен өзара әрекет етпек. Кеңес аясында үлкен әлеуетке ие болатын жаңа тұрақты орган құрылады. Уақыт өте келе бұл орган жаһандық бітімгерліктің маңызды құралына айналады деген сенім бар. Ол сондай-ақ діндарлардың бостандығы мен құқығын сақтаудың жаһандық мониторингін де жүзеге асыратын болады.
ҚАЗАҚСТАН – БЕЙБІТШІЛІК ПЕН КЕЛІСІМНІҢ ТИІМДІ МОДЕЛІ
Осы уақытқа дейін өткен әлемдік және дәстүрлі дін көшбасшыларының съезі күрделі жаһандық үрдістер кезеңдерінде ұйымдастырылды. Ең бірінші съезд діндердің «қақтығысына», яғни дінді терроризм мен экстремизмге пайдаланғысы келгендерге жауап ретінде өтсе, осының алдындағы үшінші съезд әлемдік қаржылық-экономикалық дағдарыстың қайнап тұрған кезінде болды. Бұл адамзат рухани дағдарысты бастан кешіп жатқан кез еді. Міне, биылғы съезд те әлем үшін күрделі саналатын кезеңге тап келді. «Әлемдік тәртіптің жаһандық трансформациясы басталды. Адамзат шын мәнінде жүйелі дағдарыстың кезеңін кешуде. Жаһандық рецессия көптеген қоғамға ауқымды әлеуметтік жарылысымен қатер төндіруде», – деді Президент осынау алмағайып заманда болып жатқан жайттарға тоқталып. Осы дағдарыстың кесірінен бүгінде әлемде 1 миллиардтан астам жұмыссыз жүр. Оның жартысына жуығы – жастар. Оның ішінде көбі – жақсы білімге қол жеткізгендер. Мүмкіндігі бола тұра, екі қолға бір күрек таппай жүргендердің көбеюі себебінен жастар арасындағы радикализм мен криминализм өсіп келеді. Сонымен қатар моральдық және адами құндылықтардың жаһандық дағдарысы да етек жайып келеді.
Киелі кітаптарды, мешіттерді, храмдарды, синагогаларды және басқа да ғибадатханаларды өртеу, діни қызметкерлерді кемсіту, қоғамнан шеттету, ұрып-соғу, өлтіру секілді азғындық әрекеттердің бәрі соның айғағы. Ал дін мұндай келеңсіз дүниелерге тосқауыл бола алады. Тіпті ұлттық құндылықтарды, асыл мұраларды, мәдениет пен салт-дәстүрді сақтаушы да – осы дін. Қазақ жұртының көзі бұған сталиндік қуғын-сүргін мен құдайсыз кеңестік режимде-ақ жеткен. Сондықтан да Елбасы осы мәселелерді талқылау үшін дінбасылардың басын қосу бүгінгі күні ауадай қажет екендігін атап айтты.
Адамзат тарихында бейбітшілік пен келісімнен асқан құндылық болған емес. Бүгінгі әлемде әлемдік құрылымның жағымды тұжырымдамасы тапшы екені жасырын емес. Адамзат өзіне берілген ақылын ылғи игілік үшін жұмсай бермейді. Халықты бірлікке шақыру үшін құрылған ең жоғарғы ақпараттық технологиялар мен жаңа коммуникациялар керісінше халықты алауыздыққа әкеп соқтырып жатыр. Желілік ресурстар да білімге шақырғанның орнына көргенсіздікті, жалғандықты, жауыздықты насихаттауда. Осының бәрі – қоғамның ащы да болса шындығы. Президент мұндай жағдайдан шығудың жолы – ұлттардың бірлік күші деп есептейді. «Сол үшін мен бір апта бұрын Астаналық экономикалық форумда ХХІ ғасырдағы әлемдік өзара қарым-қатынастың тиімді моделін жасап, оны жүзеге асыру туралы ұсыныс тастадым. Оны «G-GLOBAL – ҰЛЫ ӘЛЕМ» деп атадым», – деді Елбасы. Мемлекет басшысының айтуынша, бұл – дағдарыстан сенімді түрде сақтанған, тиімді әлемдік валютасы бар, сауда және ынтымақтастықтың әділетті жүйесі бар гүлденген жаһандық экономика. Сондай-ақ жоғарғы технологиясы адамдардың қолайлы әрі бақытты өмір сүруі үшін қызмет ететін, аймақтық және жаһандық қауіпсіздікке берік негізделген халықтар мен мемлекеттер арасындағы келісім мен адалдық салтанат құрған әлем. «G-GLOBAL – ҰЛЫ ӘЛЕМ» дегеніміз – барлық проблема келісім мен сыйластық негізіне шешілетін толерантты ұлттар қауымдастығы және ядролық қару қаупінен құтылған, жаппай қырып-жоятын қарудан ада планета. Қазақстан Президенті мұндай модель құруға адамзаттың ақылы мен тәжірибесі жететініне сенімді.
Елбасының есептеуінше, полимәдениеттілік, этникалық және діни әр алуандылық қоғам үшін қауіпті емес. Керісінше, зор артықшылық. «ХХІ ғасырда толеранттылық инновациялық экономиканың дамуы мен өсуіне сеп болатын басты фактор. Соңғы 30 жылда этномәдениеттің көптігімен ерекшеленген елдер зор жетістікке жетіп жатқандығы көрер көзге айқын ақиқат. Бүгінгі әлем осындай тәжірибені жинақтап, дамытуды қажет етіп отыр», – дейді Елбасы. Бұл мәселеде әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі алдыңғы қатарлы диалогтық платформа ретінде өз үндерін қоса алады. Сондай-ақ Президент Қазақстан ұсынған G-GLOBAL идеясы мен форматы жаһандық өзара түсіністік пен толеранттылық үшін жаңа мүмкіндіктер ашып отырғандығын да айтты. «Сондықтан да жаһандық толеранттылық пен сенімді қалыптастыру мен нығайту мәселелеріне арналған интернет ресурс құруды ұсынамын. Ол G-GLOBAL жалпы электрондық порталының бір бөлігі болуы мүмкін. Оның аясында діни көшбасшылар кеңесінің және біздің съездің хатшылығының интерактивті отырыстарын өткізуді қарастыру маңызды», – деп тоқталды Президент. Ол аталған жоба арқылы интернет пайдаланушылардың кең ортасы үшін тұрақты онлайн форумдарды өткізу керектігін жеткізді. Бұл ұсыныс дін лидерлері тарапынан қолдау табатынына сенім бар.
Президент бейбітшілік пен келісімнің тиімді моделін жасауда Қазақстан үлгі бола алатынын да тілге тиек етті. «Біз өзіміздің төл этникааралық келісім моделін құрдық», – деген Нұрсұлтан Назарбаев елімізде бүгінгі таңда 140 этностың бейбітшілік және келісімде өмір сүріп жатқанын жеткізді. Көпұлтты бола тұра ХХІ ғасырдың бірінші онжылдығында қарқынды экономикасы бар елдердің үштігіне кіргендігімізді де атап өтті.
Президент «діндер арасындағы бейымыраластық пен алауыздық – бар болғаны елес» дейді. Оған Астанада өтіп жүрген әлемдік және дәстүрлі дін көшбасшыларының съезі дәлел. «Діндер емес бір-бірімен жауласатын, адам мен мемлекет бір-бірлеріне қастық қылатын», – дейді Президент. Сөзін «Әрбір иманы бар кісіге ғибадат парыз. Әуелі иманды түзетпей жатып, қылған ғибадат не болады?» деген хәкім Абайдың қара сөзімен қорытқан Президент кез келген діни ілім адамды және адамзатты кемелдікке жетелейтінін айтты. «Форумымыздың мақсаты осыған саяды», – деді Елбасы.
С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ (фото)
НАНЫМ-СЕНІМІ ӘР АЛУАН ӨКІЛДЕР БІРІКСЕ, АЛЫНБАЙТЫН ҚАМАЛ ЖОҚ
Съезде БҰҰ Бас хатшысының орынбасары, БҰҰ-ның Женевадағы бөлімінің бас директоры Қасым-Жомарт Тоқаев та сөз алып, БҰҰ өкілі ретінде съезд жұмысына атсалысуды жоғары мәртебе санайтынын айтты. «БҰҰ Қазақстан лидері, Елбасы Н.Назарбаевтың бұл бастамасын толығымен қолдайды. Қазақстан елордасындағы дәстүрлі саммит маңызы бойынша діндер мен конфессиялар және өркениеттер арасындағы ғаламдық диалогтің елеулі һәм ықпалды факторына айналды. Қазақстан Президенті аса көрнекті саясаткер және ұлы реформатор ретінде бүкіл дүниежүзінің құрметіне ие болып отыр. Осыған орай БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун Н. Назарбаев пен съезд делегаттарының атына өз жолдауын жіберді», – деген ол Пан Ги Мунның сәлемін оқып берді.
Пан Ги Мун өз сөзінде дін көшбасшыларын кедейлік, аштық, ауру, шиеленістер секілді қатерлі проблемаларды шешуге шақырады. «Біз адамның наным-сеніміне қарамастан, түрлі дін өкілдерінің күшін біріктіру арқылы үлкен күшке ие екенімізді көрсетуіміз қажет», – депті ол.
Айтпақшы, съезде Қасым-Жомарт Тоқаев қазақша сөйледі. Шетелде жүрген азаматымыздың тілге деген құрметін осылай көрсеткеніне риза болдық.
Назарбаев діндердің «Біріккен ұлттар ұйымын» құрды Съездің өтуіне БҰҰ, ЮНЕСКО, ИСЕСКО секілді басқа да халықаралық ұйымдар қолдау көрсетіп, шашбауын көтеріп отырғандығын да айта кетпеске болмайды. Өйткені адами құндылықтың насихатталуы мен рухани кемелдіктің паш етілуі бәріне ортақ дүние. Ал Қазақ елінің ұйытқы болуымен осыған дейінгі съездердің қай-қайсысы да діндер мен мәдениеттер арасындағы диалогты нығайтуға сеп болатын өзекті мәселелерді қаузап, әлем назарын ізгіліктің қайнар көзі қайда жатқанына аударғаны ақиқат. Сол себептен де болар, съезд барысында сөз алған түрлі діндердің бүгінгі рухани көшбасшылары Астана мұрындық болып жүрген осынау халықаралық диалог алаңының мән-маңызын айрықша бағалап жатты. Мәселен, Израиль раввині Шломо Амар дүниежүзі халықтары Біріккен Ұлттар Ұйымын құрса, Нұрсұлтан Назарбаев бүкіл діндердің «Біріккен ұлттар Ұйымын» құрып отырғанын ерекше атап айтты.
Дін көшбасшыларының көзқарасы
Шломо АМАР, Израиль раввині:
Назарбаев «Діни БҰҰ-ны» қалыптастырды
– «Қазақстан осынау игілікті шараға мұрындық болып қана қоймай, әлем халықтарына үлгі боларлық батыл қадамдарымен таңғалдырып келеді. Әлем бейбітшілігі мен тыныштығы үшін сыйынатын халықтар Астанаға келіп, рухани-діни диалогті қалай жүргізу керектігін үйренсе екен. Осы арқылы жер-жаһанға сүйіспеншілік шапағын қалай тарату керектігін үйренсе екен. Бұл – зор ғаламатты шара. Мәселен, дүние халықтары Біріккен Ұлттар Ұйымын құрды, ал біздің Нұрсұлтан Назарбаев бүкіл діндердің біріккен ұлттар ұйымын құрып отыр. Осылайша, түрлі көзқарастағы дін өкілдері Астанаға келіп, өзара ашық, бүкпесіз сөйлесуге мүмкіндік алды. Мұндай ғажап дүние үшін Назарбаев қандай да алғысқа лайық.
Абдалла бен Мухсин ат-Турки, Әлемдік Ислам Лигасынының бас хатшысы:
«Жаратушы алаламайтындарды сүйеді!»
– Қасиетті Құранда: «Аллаһ сендерге дін үшін сендермен соғыспағандармен, діндерің үшін сендерді қуғынға ұшыратпағандардың барлығымен мейірімді әрі әділ болуға тыйым салмайды». Расында да, Жаратушы алаламайтындарды сүйеді» деп айтылады. Ал мұның өзі діни институттардың дінді адамдардың төзімсіздігін қоздыратын, құқын бұзатын теріс құрал ретінде пайдаланудан қашық болуын талап етеді. Дін қандай жағдай болсын зорлықты қоздыруға, терроризмді тудыруға, жазықсыз адамдарға шабуылдауға түрткі болмауы шарт. Ал діндер арасындағы диалог арқылы бейбітшілікке үндеу – бұл адамзаттың игілікті қадамы. Мұндай қолдауға тұрарлық жолдың бір мысалы – бүгінгі форум. Осы тұрғыдан алғанда, Бүкіләлемдік ислам лигасы әрқашанда Қазақстанмен ресми әрі халықтық деңгейде ынтымақтастықты қолдайды. Съезд арқылы Мемлекет басшысы Н.Назарбаев адамзаттық қатынастар диалогін орнату мәселесінде ерекше жоғары құрмет иеленіп отыр.
Мазхабтарды жақындастыру дүниежүзілік ассамблеясының бас хатшысы Аятолла Мухаммад Әли Тасхири:
Әлемдік дін көшбасшылары әйелдер құқықтарына баса назар аударуы тиіс
– Бүгін мен өз сөзімде әйелдер рөліне қатысты мәселені қозғағым келеді. Бүгінде әйелдер басынан көптеген азапты өткеруде, әсіресе бұл соғыс және қақтығыс болып жатқан жерлерде орын алуда. Әйелдер құқықтары тапталуда. Осы тұрғыда әлемдік көшбасшылар мен діндер көшбасшылары міндетті түрде осы мәселені зерттеуі тиіс. Аналардың өлімі, олардың медициналық тұрғыда көмек алуы мен дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету тұрғысындағы, сондай-ақ нәзікжандылардың саудасына байланысты проблемалар бар. Осы мәселелердің барлығы тыңғылықты зерделеуді қажет етеді.
Мәскеу және бүкіл Ресей Патриархы КИРИЛЛ:
Мемлекет дін атын жамылатын агрессияшыл фанаттардың көзін құртуға құқылы
– Жалған діни экстремизм проблемалары туралы айтпай кетуге де болмас. Адамдық сана қылығынан ада қадамдарға барушылардың кесірінен бейбіт тұрғындар опат болуда. Бұл – біз барынша сөгетін баскесерлердің арамниетті шаруасының нәтижесі ғана емес, діни дәстүр туралы дұрыс түсінігі бос діни ваккумның салдары. Тәрбиенің дәстүрлі тетігінен құр қалған адамдардың өзі дінаралық салада агрессияның көзі болып шыға келеді. Егер мемлекет терроризммен күресіп, агрессияшыл фанаттардың көзін құртса, оның бұл қадамы дұрыс. Өйткені қоғам да өзін-өзі қорғауға әбден құқылы.
Ирина БОКОВА, ЮНЕСКО бас директоры:
«G-Global»-ға қатысты Назарбаев идеясы РИО+20 саммитінде талқылауға лайықты
– G-Global жаһандық форумын құру туралы идеяны мен адамзаттың келешекке қатысты стратегиялық дүниетанымы ретінде қарастырамын. Сондықтан да мұндай озық идеяны Рио-де-Жанейрода өтетін орнықты дамудың әлемдік саммитінде талқылауға әбден болады. Тіпті маған болашақтың орнықты дамуына қатысты осы идеяны міндетті түрде енгізу қажеттігі сезілетіндей. Өйткені бұл орнықты дамудың барлық элементін, оның ішінде экономика, әлеуметтік даму мен әділдік, мәдени алуандықтың бәрін қамтып кете алады. Бұл – жаһандық бастамаға лайық үндеу.