Қазақтың тарихында күштің білекте ғана емес, жүректе екенін дәлелдеп, мықтылығын әлемге мойындатқан палуандар көп. Балуан Шолақ, Қажымұқан Мұңайтпасов, Иманжүсіп Құтпанұлы, Мәди Бапиұлы секілді аты аңызға айналған алып күш иелері қазақтың қандай күшке ие екенін мойындатып кеткен. Осындай жауырыны жер иіскемес палуандардың ұрпағы әлі де бар. Талаптың тоқпағы тасқа шеге соғатынын іспен дәлелдеп, адамның қолынан кез келген іс келетінін кеше полиция қызметкері Бауыржан Камалиев көпшілік алдында көрсетіп, Тұңғыш президент күніне орай тағы да әлемдік рекорд жаңартты.
Тағы да деп отырғанымыз, Бауыржан Камалиев бұған дейін де Қазақ халқының тұңғыш кә¬сіп¬¬қой палуаны Қажымұқан Мұңайт¬пасовтың 150 жылды¬ғы¬на орай ұйым¬дастырылған спорттық шара¬да салмағы 276 тонна болатын екі теміржол локомотивін 10 ме¬тр¬ге сүйреп, әлемдік рекорд жасаған. Бұл жолы Бауыржан салмағы 42 тонналық әуе көлігін тартып, талайларды таңдай қақтырды.
Күш атасын таны¬мас палуан күштік экстрим¬ бойынша Airbus A320 ұшағын бар болғаны үш айлық дайындықтан кейін тартып отыр. Тіпті тұрақты түрде зілтемір көтеріп, пауэрлифтингтен спорт шебері атағын алған Бауыржан үшін бұл рекорд емес екен. Айтуынша, 42 тонна ауырлық өзі сүйреп жүрген ауыр көліктердің ішіндегі жеңілі. «Ауыр заттарды тарту арқылы адамның қолынан барлығы келетінін көрсеткім келеді. «Тәуекел етсең, тау жығасың» дегендей, алдыңда тұрған биіктікті де тәуекел етіп, талап қылу арқылы бағындыруға болатынын көрсетіп, өзімнен кейінгілерге ой салғым келеді», - дейді Бауыржан Камалиев.
«КИнЭС» рекордтар кітабының ресми өкілі Қуандық Құдайбергенов бұған дейін де әуе көлігін сүйреп, әлемдік рекорд орнатуға ұсыныс тастағандар көп болғанын айтты. Бірақ мұндай рекорд орнату көптің қолынан келе бермейді. Атақты спортшылардың өзі күштік экстримнен күштілігін көрсетуге келгенде бабы мен бағы келмей қалатынын жасырмады. «Жақында «Қазақтың титаны» деген атпен танылып жүрген алматылық жігіт 28 тонналық ұшақты тартып көрмек болды. Бірақ қолынан келмеді. Спортта ондай болады. Бақ деген тақ емес. Кейде рекорд енгіземін деп тұрып, бабы келсе де сәті түспей қалуы мүмкін», - дейді Қуандық Құдайбергенов. Сондай-ақ кіл мықтылардың күштілігіне талай рет куә болған ресми өкіл Airbus A320 ұшағы 276 тонналық локомотивтен жеңіл болғанымен, әуе көлігін тартудың өзіндік қиыншылығы барын айтады. Айтуынша, ұшақ биіктікте тұрғандықтан барлық салмақ ортаға түседі. Сондықтан өзінің салмағына қосымша салмақ қосады. Екіншіден, дала қатты аяқ, ауа қысымы да басқаша. Бұдан бөлек, ұшақ кедір-бұдыр қарлы жерде тұрғандықтан бұл да қиындық тудырады.
Дегенмен бұрын да 80 тонналық ұшақты оп-оңай сүйреп жүрген Бауыржан Камалиевтің бұл жолы да бабы мен бағы қатар келген екен. Кезекті әлемдік рекордын жаңартуға мүмкіндік беріп, қолдау білдірген Нұр-Сұлтан қаласы ПД бастығы Ержан Сәденовке, Нұр-Сұлтан қаласы әуежай басшылығы мен FlyArystan компаниясына алғысын білдірген алып күш иесі Бауыржан Камалиев кезекті әлемдік көрсеткішін Тұңғыш президент күніне арнады.
Жадыра МҮСІЛІМ