Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев өңірдегі тілшілермен кездесуінде қазір кітап оқымай жүргенін, кешке ауыр ойдан арылып, миды тынықтыру үшін ресейлік сериалдарды қарайтынын айтты, деп хабарлайды Bnews.kz тілшісі.
Ақтөбе облысындағы жергілікті тілшілер мен республикалық бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен кездескен облыс әкімі Бердібек Сапарбаев жеке өмірін де айта кетті. Бір ұл мен қыз тәрбиелеп отырған өңір басшысы ұлының Астанада, қызының Алматыда тұратынын жеткізді. Қазір оның жұбайы Ақтөбеге қоныс аударған.
Қыркүйек айында тағайындалып, жаңа қызметке кіріскен облыс басшысы Б.Сапарбаев соңғы кезде кітап оқымай жүргенін жеткізді. «Үйден жұмысқа, жұмыстан үйге барар жолда музыка тыңдаймын. Киноны тек түнде көремін. Миды тынықтыру үшін ресейлік сериалдарды қараймын», - дейді Б.Сапарбаев.
Айта кетейік, кездесу кезінде өңір басшысы өзінің футбол ойнағанды ұнататынын, шабуылшы екенін жеткізді. Тіпті, түрлі спорттық жарыстарды ұйымдастыруға кеңес берді.
Тілшілерді Б.Сапарбаевтың кеудесіндегі төсбелгінің мағынасы қызықтырды. Қазақ жылқы малын киелі, арғымақты қастерлі санаған. «Аттан түспе» деп тілек айтқан. Осындай мәні бар», - дейді облыс басшысы.
Ал «Қазақ» радиосының тілшісі Мейрамгүл Рахатқызы өңірге қажетті шығармашылық үйі мен журналистерді баспанамен қамтамасыз ету жайын қозғады. «Басқа өңірде баспасөз орталығы бар. Біздің жедел ақпарат беруіміз үшін бұл өте қажет дүние», - дейді ол. Қаңтар айынан бастап облыс әкімдігінің ғимаратынан Ақтөбе баспасөз орталығы ашылып, барлық аудан әкімдері мен облыстағы басқарма басшылары, тіпті облыс әкімінің орынбасарлары арнайы брифинг өткізетіні белгілі болды. Ал тілші М.Рахатқызы «Абай жолы» роман-эпопеясының дыбысты жазбасын облыс әкіміне сыйға тарту етті.
bnews.kz