Бекболат Тілеухан желіде тағы да мемге айналды
Түркияда жүрген экс-депутат Бекболат Тілеуханның тамыз айындағы сұхбаты қоғамда қызу талқыланған. Әсіресе, сұхбат алған тілшінің білімін тексеріп, оқыған кітаптарын сұрауы мемге айналды. Бір қызығы, осыдан екі жыл бұрын Бекболат Тілеуханның кітап туралы пікірі басқаша болған, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі "Экспресс К"-ға сілтеме жасап.
Ол журналист Нартай Аралбайұлынан "Конец власти" мен "Окна Овертона" кітаптарын оқыдың ба?" деп сұрайды. Жүргізуші бұл кітаптарды оқымағанын айтады. Сол кезде Бекболат Тілеухан "мен сенімен қалай сөйлесемін" дейді.
Ал осыдан екі жыл бұрын экс-депутат "ана кітапты оқы, мына кітапты оқыған деген бос сөз ағайын. Бастарыңызды қатырмаңыздар. Өздеріңізге не керек соны оқыңыздар" деген.
Бұған қатысты желі қолданушыларының пікірі екіге жарылып жатыр.
"Нартайды сөзбен жеңу үшін ғана айтқан", "Екі жүзді екені көрініп тұр", "Онда неменеге Нартайдың басын қатырып жүрсің", "Мына кісі екі жүзді екен", "Сандырақтай бастады", — деген сарындағы пікірлер көп.