Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Беларусь астанасы Минскіге ресми сапармен барды. Бұл – Елбасы Н.Назарбаевтың Беларуське үшінші ресми сапары. Екі ел арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнаған 1992 жылдан бері Қазақстан мен Беларусьтің арасындағы байланыс өзара түсіністік пен сенім негізінде дамып келеді.
Беларусь Республикасы Президентінің резиденциясындағы кездесудің салтанатты рәсімінен кейін Нұрсұлтан Назарбаев пен Александр Лукашенко шағын құрамда келіссөздер жүргізді. Беларусь Президенті екі ел арасындағы тауар айналымы миллиард АҚШ долларына жақындап қалғанын және Қазақстан Беларусь елімен сауда көлемі бойынша ТМД-да Ресей мен Украинадан кейін үшінші орынды иеленетінін атап өтті.
– Егер Қазақстан бізге жақын болғанда, тауар айналымы едәуір арта түсетініне сенемін. Бізде Қазақстанға деген қажеттілік бар, біз бір-бірімізді өзара толықтыра аламыз. Бізде шешілмеген саяси мәселелер жоқ. Біз экономикалық ынтымақтастықта жетістіктерге жеттік. Мен сондай-ақ Сізге бізді машина жасау кешеніне, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірудің қазақстандық даму бағдарламасына қосқаныңыз үшін ризашылығымды білдіргім келеді. Бұл, әрине, бізге тауар айналымын ұлғайтуға мүмкіндіктер береді. Ол, әсіресе, Бірыңғай экономикалық кеңістіктің құрылуымен артуда. Бірыңғай экономикалық кеңістікті дамыту мәселесіне қатысты біздің көзқарасымыз өте ұқсас. Мен Сіздің бұдан 20 жыл бұрын айтқан жақсы идеяңыз жай долбар емес, мазмұны бойынша да орындалатын сәті алыс емес деп ойлаймын, – деді Александр Лукашенко.
Өз кезегінде, Мемлекет басшысы бірлескен кездесудің оң динамикасын атап өтті. «Бізде өзара іс-қимылдың өте орасан бағдарламасы бар. Беларусь біз үшін стратегиялық әріптес, жақын дос және одақтас болып саналады. Оның үстіне, біз Бірыңғай экономикалық кеңістік және Қазақстан, Ресей және Беларусь Кеден одағының құрамындамыз. Бұл бізді барлық қатынастар бойынша одан әрі жақындастыра түседі. Мен бұл сапар біздің өзара қарым-қатынасымызды, әсіресе сауда саласындағы қатынастарды жаңа деңгейге шығарады деп айта аламын. Тауар айналымының көлемі миллиард доллардан асуы керек. Мемлекетаралық және халықаралық жоспарлардағы біздің екіжақты қатынастарымызға қатысты Қазақстан мен Беларусь бірыңғай позиция ұстанады. Мен біздің экономикалық ынтымақтастығымыз барлық бағыттары бойынша жаңа деңгейге көтерілсе деген үлкен тілеумен келдім. Біздің Бірыңғай экономикалық кеңістік пен Кеден одағынан күтетініміз көп. Бүгінде посткеңестік кеңістікте Қазақстан, Ресей және Беларусь секілді бір-біріне жақын одақтастар жоқ», – деп атап өтті Нұрсұлтан Назарбаев.
Одан кейін кеңейтілген құрамда келіссөздер жүргізілді. Тараптар екі ел арасындағы саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту және нығайту мәселесін, сондай-ақ халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселені талқылады.
Мемлекет басшысы 2011 жылдың қорытындысы бойынша тауар айналымы 730 миллион долларды құрағанын атап өтті. Жыл басынан бері оның орнықты өсуі байқалуда. Тек қаңтар-ақпан айларында тауар айналымы өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 70 пайызға ұлғайды.
Кеден одағының құрылуы мен Бірыңғай экономикалық кеңістіктің қалыптасуы, сондай-ақ сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Беларусь үкіметаралық комиссиясы екі елдің экономикалық кооперациясы үшін жаңа мүмкіндіктер ашты. Қазақстан нарығында «МТЗ», «БелАЗ», «МАЗ», «Атлант» тәрізді белгілі өнеркәсіп алыптары мен өзге 23 сервистік орталық белсенді жұмыс істейді. Олар сомасы жүз миллион долларға жуық қаражатты құрайтын Қазақстанның Индустрияландыру картасының 5 ірі жобасына қатысуда. Сонымен бірге бүгінде 103 бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді. Өз тарапынан Қазақстан – Беларусь компанияларын жекешелендіру үдерісіне белсене қатысу ниетінде. Батыс Еуропа – Батыс Қытай бағыты бойынша Еуразиялық көлік дәлізінің құрылуымен транзит-көлік саласындағы ынтымақтастық үшін жақсы перспективалар ашылуда. Қазақстан Беларусь аумағында логистикалық орталықтың құрылысына қатысуға дайын. Сонымен қатар Мемлекет басшысы Қазақстан Беларусьтің ғылыми әлеуетін жоғары бағалайтынын атап көрсетті. Осыған байланысты бірлескен ғылыми-зерттеулер жүргізу, өндіріске ғылыми әзірлемелер мен технологияны енгізу өзара мүдделестік туғызады. Қазақстан Беларусьтің Ислам ынтымақтастық ұйымына бақылаушы болу ниетіне көмек көрсетуге дайын екенін білдіріп отыр.
Келіссөздер барысында сондай-ақ Қазақстан мен Беларусь арасындағы ғылыми және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың қарқынды дамығаны атап өтілді. Таяу уақытта Беларусь Ұлттық техникалық университетінің жанынан Абай атындағы қазақ тілі, тарих және мәдениет орталығының ашылатыны оның жарқын мысалы бола алады. Өз кезегінде, Қазақстанда биылғы күзде Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің жанынан белорус тілі, тарих және мәдениет орталығы ашылады.
Келіссөздер аяқталғаннан кейін екіжақты құжаттарға қол қою рәсімі болып өтті. Атап айтқанда, Мемлекет басшылары екіжақты байланыстар мен көпжақты форматтағы өзара іс-қимылды одан әрі тереңдетудің жолдарын айқындаған Қазақстан Республикасы Президенті мен Беларусь Республикасы Президентінің бірлескен мәлімдемесіне қол қойды. Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Беларусь Республикасы Үкіметі арасындағы дипломатиялық өкілдіктер ғимараттарын салу үшін жер учаскелерін ұсыну жөніндегі келісімге және Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы мен Беларусь Республикасы Ауыл шаруашылығы мен азық-түлік министрлігі арасындағы ауыл шаруашылығы мен азық-түлік саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Бұдан басқа, «АГАТ» ААҚ – басқару жүйесі» – «Геоақпараттық басқару жүйесі» холдингінің басқарушы компаниясы мен «Қазақстан инжиниринг» ҰК» АҚ арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға, мұнай мен химия жөніндегі Беларусь мемлекеттік концерні «Белмұнайхимия» АҚ пен «ҚазМұнайГаз» АҚ арасындағы өзара түсіністік пен стратегиялық әріптестік туралы меморандумға қол қойылды. Сапар барысында барлығы 8 ресми үкіметаралық және ведомствоаралық құжатқа қол қойылды.
Бағдарламаның ресми бөлімі аяқталғаннан кейін Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенко брифинг өткізді.
Беларусь Республикасының Президенті соңғы бірнеше жылда 12 Қазақстан-Беларусь бірлескен кәсіпорны құрылғанын атап өтті. «Тек 2011 жылдың өзінде осындай 4 бірлескен кәсіпорын ашылды. Қазіргі уақытта 13 бірлескен жобаны әзірлеуде белсенді жұмыстар жүргізілуде. Оның жетеуі бүгінде Қазақстан Республикасы дамуы жөніндегі мемлекеттік бағдарламаға енгізілген. Бүгін қол қойылған құжаттарды іске асыру біздің халқымыздың игілігі жолындағы стратегиялық әріптестікті нығайтады. Сізге, Нұрсұлтан Әбішұлы, зор денсаулық және ұзақ өмір, ал Қазақстан халқына даналық пен табыстар тілеймін», – деді Беларусь Президенті.
Өз тарапынан Қазақстан Президенті Александр Лукашенкоға дәстүрлі белорус қонақжайлығы мен жайдары көңілдері үшін ризашылығын білдірді. Нұрсұлтан Назарбаев Беларусь Қазақстанның маңызды саяси және экономикалық әріптесі болып табылатынына назар аударды. «Біздің елдеріміз арасындағы ғылыми-гуманитарлық ынтымақтастық кеңейіп келеді. Қазақстанда тұрып жатқан 100 мың белорус біздің қарым-қатынастарымыздың нығаюын байланыстыратын звено қызметін атқарады. Батыс Еуропа – Батыс Қытай көлік дәлізінің құрылуымен, Беларусьтың Қазақстан арқылы Қытаймен шекарасы болуы мүмкін. Өз кезегінде біздің еліміз Беларусь арқылы Еуропамен шекараласатын болады. Мен біздің өзара іс-қимылымыздың барлық спектрі бойынша қарым-қатынасымызды нығайтуға бірдей ұмтылысымызды білдірген бүгін өткен келіссөздердің қорытындысын жоғары бағалаймын. Стратегиялық әріптестікке бағытталған, бізді байланыстыратын достық дәнекері мен өзара құрметіміз Қазақстан мен Беларусь халықтарының игілігі жолындағы біздің қарым-қатынасымыздың басты қағидаттары болып саналады және алда да солай бола беретініне сенемін», – деп атап өтті Нұрсұлтан Назарбаев журналистерге арналған брифингіде. Түстен кейін Мемлекет басшысы Минскідегі Жеңіс монументіне гүл шоғын қойды.