Алғабас ықшам ауданының тұрғындары "батпаққа батып шаршадық" деп шағымдануда. Олар жолдың қашан жөнделетінін әкімдіктің өзі де білмейтінін жеткізді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Аудан тұрғындары жиналыс ашқан кезде Алатау ауданы әкімінің орынбасары мен мердігер ұйым келіп, барлық жұмыстың жүргізілетінін айтқан. 
"Қазіргі таңда жол жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтқанмен, олар нақты көшелердің атын атай алмады. Жолдың қай уақытта жөнделетіні де белгісіз", - дейді тұрғындар. 
 
Бұл жағдайға қатысты Алатау ауданы әкімдігі пікір білдірді. Олардың сөзінше қажетті су және кәріз желілері жүргізіліп бітпей, жол жасалмайды. 
"Алғабас шағын ауданында Алматы қаласы энерготиімділік және инфроқұрылымдық даму басқармасының тапсырысымен магистральді көшелерге су және кәріз желілерінің құрылысы жүргізілуде. Мердігер мекеме "Алматы Инстрой" АҚ болып табылады. Басқарма тарапынан құрлыс жұмыстары толық аяқталған жоқ. Оған қоса, таратушы желілерге жобалық сметалық құжаттама әлі әзірленуде. Жол мәселесі инженерлік құбырлардың құрылысы бітпей, қолға алынбайды. Алатау ауданының әкімінің аппараты тапсырыс беруші емес", - дейді бас маман Қамбатыр Зиярат Ерболұлы.