Байқоңыр қаласының 45 жастағы тұрғыны ата-аналық міндетін дұрыс орындамаған. Ол бірнеше ай бойы баласының жағдайына қарамаған, одан бөлек қатыгездік көрсеткен. Әйел жауапқа тартылып, 40 тәулікке қамауға алынуы мүмкін. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Sputnik порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Байқоңыр қаласының прокуратурасының мәліметінше, 45 жастағы әйел бірнеше ай бойы ата-аналық міндетін дұрыс атқармаған.
"Ол баланың тұрғылықты жерінде қарапайым гигиеналық нормалардың сақталуын қамтамасыз етпеген, оның физикалық, психикалық және моральдық дамуына тиісті көңіл бөлмеген. Тіпті оған қатыгездікпен қараған",- деді Байқоңыр қаласының прокуратурасы.
Белгілі болғандай, бала тоғыз жаста. Ол анасы екеуі Байқоңыр қаласында тұрады. Бұл істі Ресей билігі бірінші анықтаған. Алайда әйел Қазақстан азаматы болғандықтан, іс Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдарына берілді.
Қазақстан заңнамасына сәйкес, кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді тиісінше орындамағаны, оған қатыгездікпен қараумен қоса ең жоғары жаза қырық тәулікке қамауға алу болып табылады.