Қазақ жерінде қоныс тепкенімен, Байқоңыр қаласы өзге елдің заң-зәкүнімен жүреді. Расында, жер кіндігінде орналасқан ғарышты шаһарды ресейліктер билеп-төстейді десек артық емес. Онда тұратын қазақстандық азаматтар ол жерде өз елінің заңымен тірлік ете алмай дал. Қазір бұл қалада мекен етіп жатқан жергілікті кәсіпкерлер осындай алалаудың залалын көріп жүрген жайы бар.
Жергілікті жұртты сыртқа тепкен ресейліктердің көздегені не? Рас, қала қатаң тәртіппен күн кешеді. Әйтсе де ондағы қазақстандық халықтың құқығын шектеуді қалай түсінуге болады? Қайсыбір жылдары қол қойылып, мөр басылған құжаттарда бұл мәселе жеткілікті түрде қаралмаған көрінеді. Айналып келгенде, ол орта және шағын бизнес өкілдерінің ортақ мақсатпен бірлескен жобаларды жүзеге асыруға кедергісін келтіреді. Ғарыш кешенін жалға алу шартында Қазақстан және Ресей үкіметтері жергілікті инфрақұрылымды дамыту бағытында екі тараптың келісімімен шетелдік инвесторларды тартуға болатыны тайға таңба басқандай көрсетілген. Өкінішке қарай, Байқоңырды жеке меншігіндей көретін ресейліктер оны сақтауға құлықсыз. Бұл уағдаластықтың мүмкіндігі таразы басын тең басып тұрған жоқ. Бір сөзбен айтқанда, қала әкімшілігі Байқоңырға сырттан жан баласын жолатпай, қызғыштай қорумен әлек.
Екі елдің арасындағы құжатты дайындаған азаматтар ескермей қалған тұстар осы. Мәселен, Байқоңыр қаласының мәртебесі туралы келісімде біздің еліміздің кәсіпкерлікпен айналысып жүрген жеке тұлғалары қалалық әкімшілікке барып тіркеледі. Осының нәтижесінде жұмысын Ресей заңымен жүргізеді. Аталған келісімде кәсіпкерлерден түсетін әртүрлі төлемдер мен басқа да салықтар қаланың қаржы қазанына құйылатыны айтылған. Жергілікті атқарушы билік осыны алға тартады. Кәсіпкерлерге лицензия беріп, тұрақты тіркеуге алатын қазақстандық Әділет басқармасын осындай желеумен жауып тынды. Осындай жағдайлар ресейліктердің өкілеттіліктерін арттыра түсті. Тіпті біздің еліміздің тарапынан жұмыс жасап жатқан мемлекеттік органдар мен кәсіпорындар салығын да қала бюджетіне қақшып алуды қолайлы көреді. Бұл мәселе талай талқылаудан өткен. Бірақ нақты шешім қабылданған жоқ.
Осыдан бес жыл бұрын Байқоңыр қаласында екі ел арасындағы ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның Байқоңыр кешені бойынша кіші комиссиясының отырысында аталған мәселе талқыға түсті. Сол кездегі Парламент Мәжілісінің депутаты Ұзақбай Қараманов ел Үкіметіне сауал жолдаған. Оған жолданған жауапта дау-дамай кәсіпкерлер мен қала әкімшілігі басшылары арасында қалыптасқан түсініспеушілік салдарынан болып отырғаны айтылған. Бұл жайдан кейін Байқоңыр қаласының әкімшілігі 2007-2009 жылдарға арналған кәсіпкерлікті қолдауға арналған бағдарлама қабылдап, халықтың күнделікті тұрмысына қажетті өнім ұсынатын кәсіпкерлердің қатарын көбейтеміз деп ант-су ішкен-ді. Алайда одан біздің қазақстандық кәсіпкерлер ешқандай шарапат көрмепті. Әңгіме тек сөз жүзінде қалған секілді. Аты-жөнін атамауды өтінген бір азамат мұндай шараның қабылданғанынан мүлдем хабарсыз екенін жасырған жоқ.
Ал қазір жергілікті кәсіпкерлер амалсыздан қаламен іргелес жатқан Төретам кенті мен Ақай ауылында өз істерін жүргізуге мәжбүр болды. Осының салдарынан олар Қармақшы ауданының құзырлы орындарында қайта тіркелді. Кейінгі жылдары аталған елді мекендерде кәсіпкерлік нысандары қанатын кеңге жая бастады. Қолдағы деректерге көз жүгіртсек, қазіргі күні мұнда 100-ден астам дүкен халыққа қызмет көрсетсе, 10-ға жуық дәмхана мен шайхана елдің игілігіне айналып отыр. Сонымен қатар шұжық шығаратын үш цех, үш жанармай бекеті мен екі көлік жөндеу шеберханасы жұрттың қажетіне жарап тұр. Одан өзге де бірқатар кәсіпкерлік орындар бүгінгі күннің талабымен нәпақа тауып жүр.
Бұл мәселе құлағымызға шалынысымен, Байқоңыр қаласы әкімшілігіне телефон шалып, мәселенің ақ-қарасын ажыратуға тырыстық. Дегенмен біздің сауалымызға «әу» деген жан табыла қойған жоқ. Әкімшілік мамандары оны басшыдан сұрау керек екенін тілге тиек етті. Өкінішке қарай, әкімшілік басшыларының жұмысы қауырт болып кеткен бе, күнұзақ олармен байланысудың реті табылмады.
Қарапайым мәселе дегенімізбен, мұнда да жергілікті жұрттың мұң-мұқтажы бар. Алдағы уақытта өтетін үкіметаралық отырыстарда аталған жайдың тағы да талқылауға түскені дұрыс екенін уақыттың өзі көрсетіп отыр. Байқоңыр қаласы әкімшілігінің басшылары сыныққа сылтау іздеп, бүйректен сирақ шығаруға неге әуес? Көпшілік көкейіне кептелген басты сауал осыған саяды.
Байқоңыр қай елдің қаласы?
Последние статьи автора