«Мешкей деген жақсы ат емес» деп қазақ текке айтпаған. Бірақ бір қызығы ма, әлде бір таңғаларлығы ма, құбылған заман адамдардың құндылықтарға деген көзқарасын да құбылтып жібереді екен. Солайша кешегі жаман бүгін жақсы, немесе керісінше боп шыға келеді. Әйтпесе атам қазақ қай уақытта ысқырығының өзі дауыл туғызып, апат төндіріп, жеті басынан жеті түрлі жұт туғызатын айдаһарды дәріптеп, қай жыл қайыруынан сол бір жалмауызға орын беріп еді?
Тіпті Ойсылқара тегі – түйенің өзі жылдан құр қалғанда, айдаһар жайлы айтудың өзі артық. Ендеше, бүгінде неге аузынан қып-қызыл от шашқан тажалдың түкірігі жерге түспей тұр? Ұлу жылын қарсы аламыз ба деп отырсақ...
• Баласына айдаһарға арнап тақпақ жаттауға берген мұғалімнің ісіне ата-ана аң-таң: «Балам, қандай айдаһар, ұлу жылы ғой?» деп өзінен туған баласын иландыра алмаған ата-ана бізге мұңын шақты, бұл – бір.
• Базар толы айдаһар ойыншығы мен кәдесыйын сатқан саудагердің өзі де білмейді тауарының мәнісін: «келер жыл айдаһар жылы болады деп жұрт сатып алып жатқан соң, біз де сатамыз, бізге нәпақа керек» дейді олар, бұл – екі.
• Басқасы басқа, елге жөн сілтейтін БАҚ, соның ішінде телеарналар тойтарыс беру орнына өздері ұлуды ұмытып, Алашқа «айдаһарлық» рух беріп әуре, бұл – үш.
• Көше-көшеде желтоқсанның 1-інен бастап жағылған жылтырақ жарықтар мен жарнамалар да жалмауыздың жағында...
Айдаһарды алаулату қайдан шықты?
Ғаббас ҚАБЫШҰЛЫ, жазушы, публицист:
– Шетелден бір нәрсе естісек, көрсек, әуестеніп шыға келетін жаман әдеттен арыла алмай келе жатқанымыз өкінішті. «Жұрттың баласын қарашы, әне» деген сөзді тілге тиек етіп, балаға сол өзгені идеал қылып алды ма екен қазақ, әйтеуір, қай мәселеде болсын бізге сол жұрттікі дұрыс сияқты болады да тұрады.
Бұл жерде де айдаһар деген сондай ойдан туған үрдіс дер едім. Баяғыдан келе жатқан өз жыл қайыруымыз бар ғой, сол бойынша келер жыл – ұлу жылы. Одан неге шошындық? Кім шошындырды бізді? Шынымды айтсам, осы жасыма дейін айдаһар жылын қарсы алып көрмеппін. Күнтізбелердің бәріне ырсиған айдаһарды салып қойыпты, шыны керек, өзім де таңғалдым «мынасы несі?» деп. Ұлттық күнтізбемізді шығарып, ұлуды ұлықтасақ қандай жарасар еді...
Айгүл ІСІМАҚОВА, алаштанушы ғалым:
– Қазақ үшін бұл – ұлу жылы. Арғысын айтпағанда, Алаш арыстары айдаһар деген жылды естімеген, егер бүгінгідей үрдісті көрген болса, олар жай қарап отырмас еді. Себебі айдаһар деп айтатын қытайлар ғой. Ал айдаһар мен ұлудың арасы жер мен көктей: ұлу – бейбітшілік пен берекенің символы болса, айдаһар – аждаһа. Сондықтан бір нәрсені дәріптемес бұрын алды-артын, мағынасын зерттеу керек. Тарихқа үңілсек, ұлу жылдары қазақ тұтастыққа ұмтылып, басы қосылған жылдар болған. Сондықтан алдағы ұлу жылы да қазақ елінің мерейі үстем, абыройы биік болсын!
Смағұл ЕЛУБАЙ, жазушы:
Бұл – біздің тіліміздің үлкен трагедиясы. Қазақ тілі аударма тіліне айналып бара жатқандығының бір айғағы осы – орыстың «год красного дракона» дегенін біз дереу аударып ала қойдық. Тілімізге деген құрметтің әлсіреуі ұлттың моральдық-психологиялық болмысына үлкен зиян келтіретінін дәлелдейтін жағдайдың бірі осы. Әр ұлт өз болмысы үшін, тілдік нормалары үшін күресуі керек десек, тіпті осы жыл атауының да ұлттық ұғымымыздан алшақтап кетуіне жол бермеуіміз керек. Болашағымыз – балаларымызды оқытып, тәрбие беріп отыр деп сеніп отырған мектептегі ұстаздардың бұған бейжай қарамауы керек, егер олар жыл қайыруды, қазақы жыл аттарын білмей, балаға осы бүгінгідей үйретіп жатса, онда жеткен жеріміз осы болған екен.
Түйін
Осыған дейін ұлу боп келген жыл қалай бірден айдаһарға ауысты? Әлде григориан күнтізбесі қытай жыл санауына жол беріп, біз оны білмей қалдық па? «Қара қытай қаптаса, орысты өз әкеңдей көресің» дегендей, шынында да, қытай жыл санауы төніп келгенде, қазақы жыл қайырудан ұзаққа кетпейтін григориан күнтізбесімен жылап көрісетін сыңайлымыз. Соның нақты айғағы, міне, жетпіс шақырым жердегіні аузынан атқан жалынымен шарпып, тіршілікті қырып-жоятын айдаһардың атойлауы. Айдаһар – білгенге мың жылдап міз бақпаған тарихы бар Аспан асты елінің беткеұстар символы емес пе? Олай болса, бұл біздің сол іргедегі көршімізді төрге оздырып төбемізге шығарып, «жаман үйді қонағы билейдінің» кері емес пе, әйтеуір?