Ауа райының күрт бұзылуына байланысты бірнеше тас жол жабылды
Өткен түнде Түркістан облысында қалың қар мен ақ түтек боран салдарынан бірқатар облыстық маңызы бар жолдар жабылды.
Ауа райының күрт бұзылуы облыс аумағындағы жолдардың барлығында көлік қатынасын қиындатты. Ұйытқи соққан қатты жел мен ақ түтек боран жүргізушілер мен жолаушыларды әбіргерге салып, жол қатынасына кедергі келтірді.
Республикалық маңызы бар А-2 «Алматы-Ташкент-Термез» тас жолының Жамбыл облысымен шектесетін «Шақпақ баба» аралығындағы бөлігін мұз басқан.
Қазіргі уақытта өңірлік Төтенше жағдайлар департаменті облыстық маңызы бар «Ащысай-Кентау», «Созақ-Ұланбел» бағыты және «Мұздыбел» асуы уақытша жабық екенін ескертеді.
Сондай-ақ «Созақ-Екпінді-Ұланбел» бағытындағы облыстық маңызы бар жолдарда қалып қойған жолаушылар мен көліктер қар құрсауынан шығарылған.
Иса Елеусізов, облыстық ТЖД Төтенше жағдайларды жою басқармасының бас маманы:
– Оқиға орнына ТЖД 2 техника мен 10 қызметкер жұмылдырылып, жолда қалып қойған 53 техниканы қар құрсауынан шығарып, 23 адамды жылыту орнына жеткізді. Қазір уақытша шектеу қойылған жерлерде 10 техника мен 22 қызметкер жұмылдырылып, жолды ашу жұмыстары жүргізілуде.