Әлем елдерінің былтырғы экологиялық рейтингі бойынша экологиялық лас елдердің қатарында Қазақстан 132 елдің ішінде 129-орында тұр. Яғни ең лас болып есептелетін бестіктің бел ортасындағы еліміздің соңына тек Өзбекстан, Түрікменстан мен Ирак түсіпті. 13 жылдан бері Қазақстан өте жағымсыз экологиялық бағыттағы он елдің қатарынан шықпай келеді. Ол аз болса, әлемдегі ең лас қалалардың тізімінде біздің Алматымыз тоғызыншы орында тұр.
Демалатын ауамыз да, ішетін суымыз да сын көтермейді. Елімізде экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуді мақсат еткен түрлі бағдарламалар қабылдануын қабылданып жатыр, экологтер мен санитарлар «қолымыздан келгеннің бәрін жасап отырмыз» деп алақан жаяды, бірақ бізді қоршаған ортаның жағдайы бәрібір алаңдатарлық. Жарты ғасырдан астам уақыттан бері радиациялық сәуленің құшағында отырған Семей, мұнайдан лайланған Каспий, арнасы кепкен Арал, тамырының бүлкілі бәсеңдеген Балқаш, күкірттен, газдардан, тұздардан тұншыққан қалалар – соның дәлелі.
Өндіру және өңдеу өнеркәсібі дамыған сайын қалдықтар да, одан бөлінетін улы заттар саны да көбейіп отыр. Елімізде 20 миллиард тоннадан астам қалдық жиналып қалыпты деседі, оның үштен бірі – улы заттар. Қалдықтардың дені тау-кен өндірісі, қара металлургия, мұнай-химия, құрылыс материалдары кәсіпорындарының үлесіне тиеді. Ілеспе газ бен табиғи газды пайдалану да үлкен проблемалар туғызуда. Факелдерде ілеспе газды жағу кезінде ауаға азот, күкірт диоксиді таралып жатыр.
Еліміздегі Ақтау, Теміртау, Тараз, Петропавловск, Шымкент, Алматы секілді 15 қалада атмосфералық ауаның зиянды қалдықтармен ластану деңгейі жоғары. Өскемендегі қорғасын-мырыш, Шымкенттегі қорғасын-фосфат, Тараздағы фосфор өнеркәсібі, Ақтөбедегі хром қосындылары кәсіпорындары еліміздегі ең зиянды өндіріс болып есептеледі. Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Павлодар облыстарының атмосфералық ауасы сын көтермейді. Санитарлардың айтуынша, Ақтау, Атырау, Жезқазған, Семей, Өскемен қалалары шаң-тозаңның ортасында отырса, Алматы, Ақтөбе, Қарағанды, Қостанай, Петропавловск, Павлодар, Семей секілді тағы бірнеше қаланың атмосферасында күкіртсутек көп.
Өндіріс қана емес, ірі қалалардағы көліктің көптігі де қоршаған ортаның ластануының бір себебі болып отыр. Елімізде әрбір бесінші адамда көлік бар, яғни 3 миллион 657 мың автокөліктен ауаға қанша тонна көміртек тотығы, қорғасын, пайдаланылған газ, көмірсутектер, азот, оксидтер бөлінеді. Әр көлік күніге ауаға 3 келі зиянды заттар шығаратынын ескерсек, күн сайын миллиардтқа жуық зиянды заттармен тыныс алып жүргенімізді бағамдай беріңіз. Қолданылып отырған жанар-жағармайдың сапасыздығы, тазартқыш құралдардың тиімсіздігі, өндірістегі технологиялардың ескіргендігі де атмосфераға айтарлықтай зиянын тигізіп отыр.
Мұның ақырында ауаға таралып жатқан шаң-тозаң, күкірт тотығы, азот диоксиді, көмірсутектер, қорғасын, аммиак... секілді толып жатқан зиянды заттар ағзамызды улап жатыр. Мысалы, шаң-тозаң тыныс жолдары, бауыр, қан тамырлары ауруларын, көміртегі тотығы жүйке жүйесі ауруларын көбейтеді, ал түрлі зиянды заттардың қосындысы иммундық жүйені әлсіретіп, қатерлі ісік ауруларына шалдықтырады. Лас ауамен демалғасын өкпе де демігеді. Елімізде онкологиялық аурулардың ішінде жиі көз жұматыны — өкпе рагіне ұшырағандар.
Кей кездері Ақтөбенің Шанхай деп аталып кеткен ауданында, Жаңақоныс, Оңтүстік Батыс ауылдары мен Тургенев, Есет батыр көшелерінде қолқаны қапқан сасық иіс шығып, демалу мүмкін болмай қалады. Ондайда үйге кіріп, есік-терезелерді қапсырып жауып алмасаңыз, иістен қашып құтылатын тесік таба алмайсыз. Тұрғындар мұны күкіртті сутектің иісі деседі.
Санитарлар, экологтер, «Казгидромет» мамандары, экологиялық прокуратура секілді қоршаған ортаның қамын жейтін мекемелер жан-жақтан атмосфераның құрамын қадағалайтын бекеттер, стансылар орнатты. Десе де, Ақтөбе республикадағы ластанған бес өңірдің қатарына кіреді.
Бұл жағымсыз иіс ненің иісі? Ол қайдан шығып жатыр?
Міне, толып жатқан осындай сұрақтармен құзырлы мекемелердің есігін қаққан едік.
Нұрай СӘТІМОВ, Ақтөбе облысы бойынша экология департаменті инспекция бөлімінің басшысы:
– Тұрғындар соңғы екі-үш жыл уақыттан бері жағымсыз иістің шығатыны туралы шағым айтып келеді. Тұрғындар жиі шағымданатын қаланың солтүстік-батыс бөлігінде өндірістік аймақ орналасқан. 2011 жылдан бері экология департаменті зиянды заттардың, әсіресе күкіртсутектің көзін анықтау жұмыстарымен жоспарлы түрде айналысып жатыр. Департамент зертханасында әрбір он күн сайын қаланың солтүстік-батыс бөлігіндегі атмосфералық ауаны тексеру жұмыстары жүргізіліп келеді. Тексеру қорытындыларында белгілі болғандай, әсіресе Қаратаев-Марьесьев көшелерінің, Бейбітшілік, 312-атқыштар бригадасы даңғылдарының, Тургенев көшесі мен Бейбітшілік даңғылының қиылыстарында күкіртті сутектің рұқсат етілетін концентрациясынан асып кететін кездері болады. Былтыр аталған жерлерде күкіртті сутектің нормадан асып кету жағдайы 64 рет тіркелді. 2013 жылы күкіртті сутектің нормадан асып кету концентрациясы 6,043 болды, ал ең үлкен көрсеткіш бір рет тіркелді, оның көлемі шекті рұқсат етілген концентрациядан 16,25-ке асып кетті!
Канализациялық коллекторлар мен құдықтар маңында күкіртсутектің нормадан асып кету жағдайлары жиі болады. Канализациялық жүйелердегі күкіртсутек концентрациясы 2-16 пайызға дейін жетеді. Былтыр сонымен бірге құдықтарды да тексердік, өткен ғасырдың 60-70 жылдары салынған, ескіріп, тозығы шыққан құдықтар алмастыруды қажет етіп тұр. Бұл канализациялық құдықтардан бөлінетін күкіртті сутектің көлемі де бірнеше рет нормадан асып кетті.
Жасұлан ЖӘМЕТОВ, «Казгидромет» РМК Ақтөбе филиалының бөлім басшысы:
— Биыл наурыз айынан бастап ауада күкіртсутектің мөлшері нормадан айтарлықтай асып, 20 (!) шекті рұқсат етілген коэффициентке (ШРК) дейін жеткен кездері болды. Мұндай жағдай наурыздан бастап ай сайын екі-үш рет болып тұрады. Алайда бір айға есептегендегі шекті рұқсат етілген нормадан аспайды. Жалпы, ауадағы күкіртті сутектің шекті рұқсат етілетін көлемі – 0,008 мг/текше метр, яғни 10 ШРК. Бұдан асып кетсе, нормадан тыс болғаны. Күн сайын бекеттерден, стансылардан алынған мәліметтерді құзырлы министрлікке, мемлекеттік органдарға хабарлап отырамыз.
Ішкі құжаттарға байланысты 500 мыңнан астам халық тұратын аумақта 5-10 бекет болуы керек. Ал облыс халқы 700 мыңнан астам екендігін ескерсек, тағы да бекеттердің қажеттігі өз-өзінен түсінікті. Сондықтан 2014 жылдан бастап аудандарда сондай бекеттер қондыру жұмыстары жүргізіледі деп үміттеніп отырмыз, қазір бірде бір ауданда мұндай бекет жоқ.
Жайдар ҚҰРМАНОВ, Мемлекеттік санитарлық эпидемиологиялық қадағалау комитеті Ақтөбе облыстық департаментінің басшысы:
–Ақтөбе қаласының атмосфералық ауасында күкіртсутек көп. Қала бойынша биыл жартыжылдықта 3510 атмосфералық ауа сынамасы алынып, оның 180 сынамасында ластаушы заттардың шектеулі рұқсат етілген концентрациясының жоғары екендігі анықталып, азот диоксиді, күкірт диоксиді, күкіртсутек, формальдегид, өлшемдік заттар мөлшері нормадан 5,1% артық екені байқалды.
Атмосфералық ауаны қорғау бойынша Мемлекеттік санитарлық эпидемиологиялық қадағалау комитеті Ақтөбе облыстық департаменті облыстық әкімдікке ассенизаторлық көліктерге арналған кәріз суларын құятын стансы салу туралы ұсыныс жолдады. Биыл мемлекеттік санитарлық эпидемиологиялық қадағалау жүргізу барысында ассенизаторлық көліктер сорған лас суды белгісіз орындарда төккендерге 25 695 теңгеге сегіз айыппұл салынды.
Болат ҚУАНЫШЕВ, «Ақбұлақ» АҚ президентінің кеңесшісі:
— Канализация жүйелерінде газдың пайда болуының бір себебі ретінде қаланың кейбір бөліктерінде орталықтандырылған канализация жоқтығын айтуға болады.
Қазіргі уақытта «Ақбұлақ» акционерлік қоғамның 99 857 абонентінің 21 пайызының орталықтандырылған канализациясы жоқ. Фекальді сұйықтық ассенизаторлық көліктер арқылы қалалық канализацияға тасымалданады. Ассенизаторлық көліктер арқылы тасымалданатын лас суларды құятын стансы болмағандықтан, өндірістік аймақ пен Қарғалы ауылы аумағында арнайы жабдықталған құдықтарды іске қостық. Ассенизаторлық көліктердің құрамындағы органикалық заттар мөлшері мыңдаған шекті рұқсат етілген коэффициенттен асып кететін лас суларды бей-берекет төгуі канализацияның сорғы стансылары мен жүйелерінде жарылу қаупі бар қоспалардың пайда болуына әкеліп соқтыруы мүмкін, мұның өзі қоршаған ортада күкіртсутектің мөлшері артып кетуінің бір себебі болып отыр. Қысқасы, нормативтік талаптарға сәйкес лас суларды құю стансысы ауадай қажет болып отыр. Канализация жүйелерінің дұрыс әрі сапалы жұмыс жасауы – кез келген қаланың санитарлық-эпидемологиялық жағдайының жақсы болуының бір кепілі екендігі белгілі. Қазір Ақтөбедегі канализациялық тораптың ұзындығы – 483 шақырым. Канализациялық коллектордың негізгі бөлігі 60-70 жылдары салынған, яғни құбырлардың көп бөлігі азып-тозып тұр. Орта есеппен алғанда, канализациялық желілердің 78 пайызы әбден ескірген. Қазір бірнеше шақырым желі мен сорғы стансылары, канализациялық коллектор, магистральды желілер күрделі жөндеуден өткізіліп жатыр.
P.S.
Аллерголог мамандардың айтуынша, ауада күкіртсутектің мөлшерден асып кетуі жүйке жүйесіне әсер етіп, адамның күйзеліске ұшырауына, көз ауруларының көбеюіне, ұйқысыздыққа, бас ауруына, жүрек ауруларының жиілеуіне т.б. әкеліп соқтыруы мүмкін. Дәрігерлер қала тұрғындары ауыл тұрғындарына қарағанда аллергияға 7-8 есе көп шалдығатынын айтады. Күкіртсутек қауіптілік деңгейі бойынша азот тотықтары, никель, марганец, формальдегид, фторлы сутек секілді жоғары қауіпті болып есептелетін 2-класқа жатқызылған. Ірі өндірістік қалаларда қатерлі ісік ауруларымен ауыратын адамдардың көптігінің бір себебі де қоршаған ортаның лас екендігінен.