Ондаған қызметкерді жұмыспен қамтып отырған бөбекжай мемлекеттік кезекте тұрған балаларды да қабылдай алатын мүмкіндікке ие, деп хабарлайды Алматы арнасы.
Мемлекеттен балабақшаларға арналып бөлінетін субсидияға іліге алмаған біраз бөбекжай қазір жабылып та үлгерген. Енді жеке балабақша иелері мемлекеттік сатып алу пункті бойынша жұмыстарын жүргізе алмай отыр. Бұл туралы министрлікке де шағымданған көрінеді.
Өз-өзін ақтай алмай сарсаң болған кәсіпкерлер балабақша ақшасын көтерейін десе, ата-аналарға оңай соқпай тұр. Ендігі үміт – тек Үкіметте. Ал білім басқармасының өкілдері «Бірнеше хат жолдадық, шешім күтіп отырмыз» деп қысқа қайырды.
Ал жақын жердегі жеке балабақшаларға балаларын апаратын ата-аналар да жеке кәсіпкерлерге мемлекет қолдау көрсетсе, көп көмек болар еді дейді. Өйткені бұл алдымен кезекті жылжытады, екіншіден қаржысы да қолжетімді болады.