Атырауда нәрестеге хиджама жасаған кәсіпкерлік нысанға тексеріс жүргізіледі. Бұл туралы денсаулық сақтау министрлігінің медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің бас сарапшысы Аршынай Азамат мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Sputnik Қазақстанға сілтеме жасап.
«Қазіргі кезде осы іс Атырау облыстық полиция департаментінде тіркеу кітабында тіркелді. Сосын облыстық прокуратура тарапынан медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің жергілікті департаментіне жоспардан тыс тексеріс жүргізу туралы талап қойылды. Тексерістің нәтижесі жарияланады», - деді сарапшы Денсаулық сақтау министрлігі ұйымдастырған Zoom-конференцияда.
Ал Атырау облыстық полиция департаменті ұсынған мәліметке сәйкес, нәрестеге хиджама жасалған орталық анықталды.
«Басшылары полиция басқармасына шақырылды. Олар көрсеткен құжаттар тексерілді. Бірақ полиция рұқсат қағаздарын қайдан және қалай алғанын тексере алмайды. Сондықтан барлық материал медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Атырау облысы бойынша департаментіне жіберілді. Олар өз шешімін шығарады. Егер жалған құжаттар болса, онда біз қылмыстық іс қозғаймыз», - деді полиция департаментінің баспасөз хатшысы Мейірім Ердәулет.
Бұған дейін желіде нәрестенің маңдайын тіліп, қан шығарып жатқан видеосы әлеуметтік желіде тараған болатын.