Бұл туралы Әділет министрі Азамат Есқараевтың төрағалығымен өткен ведомствоаралық комиссия отырысында айтылды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy ҚазАқпарат сілтеме жасап.
Парламент Сенаты депутаттарының бастамасымен Ғылым және жоғары білім министрлігіне «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне ғылым мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Ғылым мәселелері бойынша салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» ҚР Кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы«заң жобалары енгізілді.
«Президент тапсырмасын орындау мақсатында заң жобалары аясында ғылыми-педагогикалық қызметті жүзеге асыратын педагогтарға, сондай-ақ базалық және іргелі қаржыландыру шеңберінде негізгі жұмыс орны бойынша ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстармен айналысатын ғылыми қызметкерлерге ғылыми атақтары үшін қосымша ақы төлеу туралы түзету қолдау тапты», - деді Ғылым және жоғары білім вице-министрі Камиль Ақатов.
Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің төрағасы Дархан Ахмет-Зәкидің айтуынша, ғылым кандидаты қазіргі уақытта ғылыми дәрежесі үшін 17 АЕК (1 АЕК – 3450 теңге) алса, енді ол 25 АЕК-ке дейін көтеріледі, сондай-ақ «Қауымдастырылған профессор» атағы қосылады.
«Егер оның «профессор» ғылыми атағы болса, бұл көрсеткіш 50 АЕК-ке дейін өседі. Яғни, бұрын ғылыми атақ үшін төленбейтін, ал қазір осы бастама аясында Парламент заң шығарған соң қосымша ақы төлеу мүмкіндігі болады.
Сондай-ақ арнайы заң жобасында ұйымның бюджет қаражатынан тыс есебінен орташа жалақысы сақтала отырып, бір жылға дейін шығармашылық демалыс беру мәселесі қаралды. Бұл ретте шығармашылық демалыс 10 жылда бір реттен артық берілмейді. Әлемдік тәжірибеге сәйкес, мұндай демалыс АҚШ, Германия, Ресей және өзге де көптеген озық елдерде беріледі.
«Біз қарастырған тағы бір мәселе – бизнес қаржыландыратын жұмыстарға қатысты. Бұдан былай олардың ғылыми немесе инженерлік-сервистік жұмыс екенін анықтау үшін белгілі бір дәрежеде сараптамадан өту ұсынылады. Қазіргі уақытта бірқатар бизнес құрылымдар ғылыми-зерттеу жұмыстарына жатпайтын жобаларды қаржыландырып жүр. Бұл бөлікке ашықтықтың белгілі бір дәрежесін енгізу қажет», - деп толықтырды Д. Ахмет-Зәки.
Сонымен бірге, спикер Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңес отырысындағы Президент тапсырмасымен «супер шегерімдер» деп аталатын салықтық жеңілдіктер мен инвестициялық преференциялар біртіндеп енгізілетінін атап өтті.
«Жеңілдіктер арқылы тартылатын инвестициялар жылдан-жылға артып, мүдделі кәсіпорындар тарапынан қаржыландырылады деп санаймыз. Қазіргі уақытта ғылымға ақшалай қаражат негізінен мемлекет тарапынан аударылуда, жыл сайын 50 млрд теңгеден астам қаржы бөлінеді. Қаржыландыруды 1 трлн теңгеге дейін арттыру міндетін ескерсек, бәрін мемлекеттік бастамалар есебінен қаржыландыру мүмкін еместігі түсінікті. Олар ғылым мен инновацияны дамытуға ақшалай қаражат салуға мүдделі болуы үшін бизнеске жағдай жасау қажет. Жаңа бастамаларда бизнес те пайда табатынын атап өткім келеді», - дейді комитет өкілі.