Екпе жайлы елдің пікірі әлі де екіге жарылып тұр. Әсіресе, қызылордалық ата-аналарды Қызылорда облысы Жалағаш аудандық білім бөлімі басшысының мектеп директорларына жазған қызмет хаты қатты алаңдатты. Басшының «Аса шұғыл!» белгісі бар хатында аудандық білім бөлімі санитарлық-эпидемиологиялық орталығының хатына сәйкес 12 жастан асқан балаларға коронавирус инфекциясына қарсы екпе жұмыстарын жүргізу жоспарланғанын хабарлаған.
Аталған хаттың суреті жалағаштық ата-аналардың ортақ чатына түскен. Осыдан соң фото желіде қызу талқыланып, қоғамдық резонанс туғызды. Кейбіреулері оқушыларға екпе салдыруға қарсы екенін білдіріп, балаларға арналған вакцинаға күмән келтірген.
Құзырлы орындар аталған хатты «фейк» немесе «жалған» ақпарат деп жаба салғысы келгенімен, елі ішіндегі шу басыла қоймады. Амал жоқ, облыстық Білім басқармасының басшысы Ақзира Қасымова мен облыстық Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әлия Әбдіқайымова журналистер алдына шығып, хаттың күші жойылғанын мәлім етті. Аймақтың бас ұстазы ата-аналарды аландатып, қоғамды екіұдай пікірде қалдыруға жол берген аудандық білім бөлімі басшысының қызметтік жауапкершілігін қарап, тәртіптік жаза қолданғанын жеткізді.
– Заңға сәйкес, Үкіметтің 24.09.2020 ж. № 612 Қауылысына орай 18 жасқа дейінгі балаларға ата-аналардың келісімінсіз ешқандай екпе жұмыстары жүргізілмейді. Өздеріңізге мәлім, екпе жасар алдында әр ата-анаға келісім парағы беріледі. Арнайы келісімсіз балаға екпе жасалмайды. Аталған жағдайға байланысты Білім және ғылым министрлігі, Білім басқармасы тарапынан балаларға екпе жұмыстарын жүргізу туралы қандай да бір құжат қабылдаған емес, – деді облыстық Білім басқармасының басшысы Ақзира Қасымова.
Ал облыстық Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әлия Әбдіқайымова «аудандық білім бөліміне жіберілген хаттың мазмұны басқа болатын» деп ақталды.
– Айта кету керек, аталған хат Ұлттық екпе күнтізбесіне сәйкес егілетін вакциналар туралы мектептердегі ата-аналар комитеті өкілдеріне ақпараттық-түсіндірме жұмыстарын жүргізу мақсатында мәлімет жинақтау үшін жіберілген. Қазір республика көлемінде 12 жастан асқан балаларды коронавирус инфекциясына қарсы вакциналау мәселесі қарастырылып жатыр. Дегенмен бұл түпкілікті шешілмеген және балаларға арналған вакцина біздің елге жеткізілген жоқ, – деді облыстық Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әлия Әбдіқайымова.
Тек аудандық білім бөлімінің басшысына ғана тәртіптік жаза қолданып, өздері сүттен ақ, судан таза болмаққа әрекеттенген қос басшы мәселені осылай жылы жаба салмақ болған сияқты. Алайда Instagram әлеуметтік желісіндегі dauletten парақшасында тағы бір хаттың суреті жарияланғанын олар ескермеген көрінеді. Онда Жаңақорған аудандық бас дәрігерінен Жаңақорған аудандық санитарлық-эпидемиологиялық орталығы басшысының міндетін атқарушы аудан бойынша 12 жасқа толған балалар мен жүкті әйелдердің және соның ішінде КВИ-ге қарсы егілуге тиістілер санын сұратқан.
Атышулы хатқа байланысты Қызылорда облыстық Cанитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінен Жалағаш аудандық білім бөліміне осы жылдың 7 қыркүйегі күні жолданған №2216 хаттың мазмұнын сұраған едік. Алайда департамент өкілі редакциядан ресми хат сұратып, содан кейін ғана хат мазмұны туралы ақпарат алу мүмкін болатынын алға тартты.
Жалпы, елімізде шенеуніктер тарапынан қоғамдық пікір туғызатын осындай оқиғалар жиі болып тұрады. Алайда шулы мәселелердің дені сол мекеменің күзетшісі немесе учаскелік полиция инспекторының тәртіптік жазасымен аяқталады. Бұл жолғы кезекті оқиға да аудандық білім бөлімінің тәртіптік жауапкершілікке тартылуымен тәмамдалған сияқты.
Ерқанат СӘРСЕНБАЙ,
Қызылорда облысы