Қазақстанда астрономия насихатты, қолдауды қажет ететін салалардың бірі болып саналады. Жастардың бұл мамандыққа келуі тоқсаныншы жылдардан кейін күрт төмендеп кетті. Бүгінгі күні В.Г.Фесенков атындағы астрофизикалық институт тек еліміздегі ғана емес, Орталық Азиядағы санаулы институттардың қатарына жатады. Мамандардың айтуынша, мұнда қызмет ететіндердің жас айырмашылығы өте алшақ. Яғни жас мамандар тапшы.
Жыл сайын астрономия мамандарын даярлауға мемлекеттен 40 грант қана бөлінеді. Ақылы бөлім бойынша оқуға түсуге ниет білдірушілер бұдан да аз. Гранттың дені әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті үшін бөлінеді, яғни отандық астрономдарды, негізінен, осы оқу орны ғана дайындап отыр деуге болады. Ал өкініштісі, бұл мамандық бойынша білім алғандардың 3-4-і ғана осы салада қалады екен. Қалғаны мұғалім не оқытушы болып жұмысқа орналасып жатса, шүкір. Мамандардың сөзіне қарағанда, жастар ғылымға қаржы аз бөлінеді деп есептегендіктен бұл салаға аяқ баспайды екен. Ал аяқ басқандарының көбі аз уақыттан кейін қызметін тастап кетеді. Оған ең әуелі жалақының тұрақсыздығы себеп болып отырған көрінеді. Екіншіден, астрономия ғылымын оқыту мәселесіне жеткілікті көңіл бөлінбей отырған сияқты. Бұлай дейтініміз, салаға қатысты қазақ тіліндегі оқулықтардың болмауы. Осы себепті қазақ тілді мамандардың бірнеше буыны орыс тілді мамандардан кенже қалып келеді. Ал мұндай жағдайда қалайша «ғарыштық держава боламыз» деуге болады? Негізінде, аспан әлемі туралы ғылым біздің ұлтқа таңсық емес еді. Ұлан-ғайыр даламызды мекендеген ежелгі халықтар, жеті қат көктің киесін таныған көне түркілер, данагөй халықтың одан бергі ұрпағының бәрі халықтық астрономияның негізін салды емес пе?
Жұлдыздарды тап басып анықтап, сегіз қиыр шартараптың жұмбағын ашқан, аспанға қарап, күнтізбені, ауа райы мен жағрафиялық орналасуды реттеген, уақытты жұлдыздар қозғалысы бойынша өлшейтін «Тоғыс» есебін жүргізген де – біздің халық. Одан қалды, орта ғасырлық обсерваторияларды да өз ұлыларымыз ашты.
Жақында Алматыда В.Г.Фесенков атындағы астрофизика институтының жанындағы бір метрлік телескоп ұзақ жылғы тоқыраудан кейін қайта іске қосылды. Институт қызметкерлерінің сөзіне қарағанда, мұндай телескоп Қазақстанда бар-жоғы үшеу ғана. Өзге телескоптардан ерекшелігі жаңа іске қосылған аспанды зерттеу құралы автоматты жүйеге көшірілген, яғни оны ғаламтор арқылы кез келген жерден басқара беруге болады. Оның тағы бір тиімділігі онымен студенттер де тәжірибе жүзінде таныса алады. «Бұл телескоп белсенді галактикалық ядроларды, айнымалы, қос жұздыздарды және басқа да аспан денелерін бақылап, зерттеуге арналған. Бұл Қазақстан ғылымындағы озық жетістіктің бірі болып саналады», – дейді институт қызметкерлері. Ғалымдардың айтуынша, ғарыштағы қоқыстардың жиналған жерін әлемдегі екі-ақ мемлекеттің территориясынан анық бақылауға болады. Оның бірі – АҚШ болса, екіншісі – Қазақстанның Алматы қаласы. Бүгінгі күні көптеген дамыған елдер ұшырылған жасанды жер серігінің қоқыстармен соқтығысып қалмауын алдын ала білу үшін біздің көмегімізге жүгінеді. Сондықтан жаңа қондырғының тек Қазақстан үшін емес, әлем мемлекеттері үшін де маңызы өте зор деп айтуға болады. Телескоптың ашылу салтанатына арналған жиында мамандар, бірнеше мәселені ортаға тастады. Ол – ең әуелі оқу орындарында астрономия, астрофизикадан мағлұмат беретін мемлекеттік тілдегі оқулықтардың жетіспеушілігі, екіншіден, ұлттық кадрлардың тапшылығы. Себебі ХХІ ғасырда ғарыш қызметі ұлттық мүддемізге қызмет етуі керек.
Бекдәулет ШҮКІРҒАЛИЕВ, В.Г.Фесенков атындағы астрофизика институтының инженері:
– Мен бұл қызметке жақында ғана орналастым. Институтқа аударма ісімен айналысатын мамандарды тарту қажет сияқты. Себебі бұл салада барлық іс тек ресми тілде ғана жүргізіледі. Оқу орындарында да астрономия туралы қазақ тілді оқулықтарды көбірек шығару қажет. Себебі ауылдан, шеттен келген жастар пәнді дұрыс түсінбей жатады.
Зейнолла ЖАҢАБАЕВ, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің кафедра меңгерушісі:
– Соңғы екі-үш жылда осы мекемеге жас мамандар келіп жатыр. Осы үрдіс тұрақталуы керек деп есептеймін. Бұл салаға жастар жалақы аз болған соң келмейді. Себебі олар жұмыс тұрақсыз деп есептейді. Жалпы, ғылым деген бір-екі жылда жасала салатын нәрсе емес. Оған бірнеше жылдар кетеді. Сондықтан салаға қажет қаржыны біраз жылға жоспарлап бөлген дұрыс.
Әбдіәділ АСҚАРҰЛЫ, В.Г.Фесенков атындағы астрофизика институтының қызметкері:
– Қазір бұл саладағы студенттеріміз шетелге барып оқып жатыр, шетелден де мамандар көптеп келіп, дәріс беруде. Жалпы, салада алға жылжу бар деп есептеймін. Себебі Елбасымыз болашақ физиктерге үлкен қолдау көрсетіп отыр. Мәселен, бұрын ҚазҰУ-дың физика факультетіне 100 адам түссе, биыл 500 адам келді. Физиктер көбейген сайын, бұл салаға да мамандар көптеп тартылады.
Астрономияны білмесек, аспанды қалай игереміз?
Последние статьи автора