Астанадағы жылу электр орталығы-1 модернизациясы 2016 жылы аяқталады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Астана қалалық әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Айта кетейік, орталықтың энергия көзін қайта жаңарту 2008 жылы басталған болатын.
Қаланың мыңдаған кәсіпорны мен ұйымын энергиямен жабдықтап отырған бұл ең ірі энергетикалық нысан 1961 жылы желтоқсан айының соңында Ақмола ЖЭО-1 бірінші турбина мен бірінші қазандықты пайдалануға енгізу арқылы іске қосылған. Оның жұмысын жетілдіру үшін үнемі жөндеу жұмыстары мен станция жабдықтары жаңартылып отырады.
Баспасөз қызметінің мәліметінше, 2014 жылы орталықтың №5 қазандық агрегатын құрастыру аяқталды, ал №7 қазандық қалпына келтіріліп жатыр.
"Жылу электр орталығының №5,6 қазандық агрегаттарының газ жолдары, вакуумды деаэратор, №2 мұржа, мазут шаруашылығы, электр шаруашылығы, №5 темір жол және тағы да басқа көмекші нысандарды қайта жаңарту жұмыстары жасалды", - делінген хабарламада.