Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов Instagram парақшасында құрылысы жүріп жатқан көпірлер жайлы мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Қала халқы санының жыл сайынғы өсуіне байланысты жол инфрақұрылымына түсетін күш те артып келеді. Жол желісіне түсетін жүктемені азайту үшін қала ішінде, елді мекендерде жаңа жол саламыз, сол сияқты ескірген тұстарын жөндейміз. Көпірлер мен көлік қиылыстарына ерекше көңіл бөлінеді.
Қазір елордада екі көпірдің құрылысы жүріп жатыр. Қаланы аралау барысында Есіл өзені арқылы өтетін Тәуелсіздік даңғылы бойындағы көпір құрылысымен таныстым. Көпірге қатысты сот процестері болғандықтан құрылысы ұзаққа созылған нысанға айналып кете жаздады. Бірақ проблемалары шешіліп, күзде көпір құрылысы қайта басталды», - деп жазды елорда әкімі.
Оның айтуынша бұл көпір Тәуелсіздік даңғылы, жаңа теміржол вокзалы ауданы, Әзірет Сұлтан мешіті ауданы, Нәжімеденов көшесі, Қошқарбаев даңғылы, Байтұрсынов көшесі, Қордай көшесі, Айнакөл көшесі, Момышұлы даңғылының сол жағалаумен және т.б. қосымша байланысты қамтамасыз етуге мүмкіндік бермек. Аталған көпірдің құрылысын келесі жылы аяқтауды жоспарланып отыр.
«Ұлы дала даңғылында да көпір құрылысы жүріп жатыр. Оң және сол жағалауды жалғайтын көпір Мәңгілік Ел даңғылы, Нәжімеденов, Байтұрсынов, Қошқарбаев көшелеріне, Nova city ауданына, «Мыңжылдық» аллеясына түсетін күшті азайтады. Теміржол вокзалының, Тельман, Промышленный елді мекендерінің, Метро гипермаркеті ауданының, Жұмабаев даңғылы, Жүргенов көшесінің және т.б. қолжетімділігі артады.
Соңғы екі жылда 300 көше салынды және жөнделді, олардың жартысынан көбі – елді мекендерде, сол сияқты жаңа автобус бағыттары іске қосылды. Сонымен қатар, автобус паркін жаңартамыз. Биыл желіге тағы да 100-ден астам электр автобусын іске қосуды жоспарлап отырмыз», - деп жазды елорда әкімі.