Астана – елдің мерейі, әрбір азаматтың бойтұмары

Мансұр ХАМИТ (фотолар)

«Көк тудың желбірегені – қазақтың асқақ беделі. Махаббат, қайрат екеулеп, шымырлатқаны денені. Көк тудың желбірегені жаныма қуат береді. Таласқа түссе жан мен ту, жан емес, маған керегі – көк тудың желбірегені...» – деп шырқалатын өлең жолдарын естіген кез келген қазақ баласының бойы шымырлап, кеудесін мақтаныш сезімі кернейтіні анық. Жай мақтаныш емес, небәрі 15 жыл ішінде жасанып, жайнап құлпырған, қазақ ұлтын әлемге танытқан, елдің көшін түзеген абыройлы, мерейлі Астанамызға деген сүйініш! Кеше көлемі 15/30 метр болатын алып көк туымызды желбіреткен Тұңғыш Президент–Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев дәстүр бойынша осы рәсім арқылы еңселі елорда – Астана қаласының 15 жылдық мерекесінің шымылдығын ресми ашқанда дәл осындай сезім күйі Мемлекеттік Туымыз тігілген тұғырлы биіктің айналасына жиылған қалың жұрттың бойын түгел билегеніне біз кепіл.
Бүгінде 111 метр биіктікте желбіреп тұра­тын ол Туды қаланың кез келген жерінен көруге болады. Ал оны қаланың қақ ортасында орнатқалы бері жыл сайын Астана күні мерекесіне орай Мем­лекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі келіп, қазақтың көк байрағын сал­та­нат­ты түрде көтеріп тұруды дәстүрге айналдырды. Тудың төңірегінде әскери жоғары оқу орын­да­ры­ның үздік түлек­те­ріне офицерлік шендер де тапсырылады. Негізі, бұл шараның үлкен мәні бар. Алып бай­рақтың астында үздік жас офицер­лерді жинап, Президенттің қолы­нан шен алу құрметі арқасында олардың өз еліне деген адалдығы күшейіп, патриоттық сезімі арта түсетіні рас. Осы жолы да солай болды. Сап түзеген сарбаздардың қобалжып тұрғаны байқалса да, көздері от болып жанып тұрды. Олар еліміздің Тұңғыш Президенті – Қазақстан Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың құттықтау сөзін кірпік қақпай тыңдады.

Елбасы өз сөзінде Мемлекеттік тудың кө­терілуі арқылы дәстүр бойынша Астана күніне арналған мерекелік іс-шаралардың бас­талатынын жеткізді. «Бұл күндері Ас­тана қаласы 15 жылдық мерейтойын атап өту­де. Негізі, қалалардың да адамдардікі тә­різді өз тарихы мен тағдыры болады. Ал жас Астананың тарихы – ақиқатқа ай­нал­ған ұлттық арманымыздың жылнамасы. Осы жылдары еліміздің барлық өңірінен кел­ген жүз мыңдаған қазақстандық ел­ор­да­мыздың құрылысы мен қалыптасуына елеу­лі үлестерін қосты. Астана – әр қа­зақ­стандық үшін олардың жүрегіне жақын, өз қо­лымен тұрғызып жатқан жаңа Ота­ны­мыз­дың бір бөлігі», – деді Н.Назарбаев. Мем­­лекет басшысы атап көрсеткендей, қа­зіргі Астана барша Қазақстанның ин­но­вациялық орталығына айналды. Бұл жерде Қазақстанның тарихында болмаған жаңа өнеркәсіп салалары – тепловоздар, ва­гон­дар мен тікұшақтар құрылысы қалыптасты. Қаланың жаңа жоғары оқу орындарында елі­міздің инновациялық индустриясына қа­жетті мамандар даярлануда. Сонымен қо­са, елорда Қазақстанның жаңа рухани-мәдени орталығы ретінде танылды. Себебі «Қазақстан» концерттік залы, сондай-ақ «Астана Опера» мемлекеттік опера және ба­лет театры сияқты бірегей мәдени ошақ­тар салынды. «Астана – барша қазақстан­дық­тардың бірлігінің символы. Сондықтан А­с­тананың 15 жылдығы – Қазақстан хал­қы­ның жалпыұлттық мерекесі. Астана ел­дің барлық өңіріне дамудың үлгісін көр­сетті. Барлық облыс орталықтары мен өзге де қалалар бүгінде Астанаға қарап жаңа нысандар салып, абаттана түсуде», – дейді Нұрсұлтан Назарбаев.
Ал еліміздің әскери жоғары оқу орын­дарының үздік түлектеріне қаратып айтқан сө­зінде Н.Назарбаев: «Біз өз тағдырын Отан қорғаумен байланыс­тыр­ған­дардың бар­лығына бүкіл ел болып игі тілек ті­лей­міз. Қазақстан – әлемнің барша мем­лекеті үшін бейбіт, толерантты ел, тату көр­ші жә­не лайықты серіктес. Алайда Қа­рулы Күш­те­ріміз Отанымыздың қауіпсіздігі мен еге­мен­дігін күзетіп, қазақ­стандықтардың бей­­біт өмірін қорғап тұратын болады. Оған мемлекет тарапынан тиісті көңіл бө­лі­ніп келеді. Әр жыл сайын армиямыздың қа­­тары жас офицерлер жоғары әскери оқу орындары түлектерімен толығып оты­ра­ды. Бүгін бұл алаңға оқуда ең жоғары көрсеткішке жеткен жауынгерлік дайындық үз­діктері шақырылды. Жоғары Бас Қол­бас­шы ретінде мен әскери жоғары оқу орын­да­ры түлектерін оларға офицерлік атақ­тар­дың берілуімен құттықтаймын» – дей келе, Мемлекет басшысы жас сарбаздарға офицерлік шендерді салтанатты түрде табыс етті. «Бүгінде елдің барлық өңірінде жас сарбаздар, офицерлер қызмет ат­қа­руда. Ертең сендер олардың тәлімгеріне, ағаларына айналасыңдар. Нағыз Отан қорғаушыларға айналу үшін оларға көңіл бөліп, қамқорлық көрсетіңдер, үйретіңдер. Офицер бола отырып, Сіздер алдарыңа биік мақсат – мемлекетке қызмет ету, оның қа­уіпсіздігін қамтамасыз ету міндетін қойып отырсыңдар», – деп атап көрсетті Пре­зидент.
Ильяс МҰХАМАДИЕВ, Қорғаныс ми­нистр­лігі Құрлық әскерлері институтының түлегі, лейтенант:
– Мен үшін бұл күн – ерекше қуанышты сәт. Елордамыздың 15 жылдығы аясында Президенттің қолынан әскери шен алу – әрбір сарбаздың арманы. Мен оны жақсы білемін. Бүгінде Елбасының төл туындысы – Астана өсіп, өркендеп келеді. Сонымен қатар Қазақстанның Қарулы Күштері де қарқын­ды дамып, қорғанысы берік салаға айнал­ды. Мен Тәуелсіз Отанымызға, Қа­зақ­­стан хал­қына және оның Пре­зидентіне адал қыз­мет етуге ант етемін!

Шынар ОСПАНОВА, Астана қаласының тұрғыны:
 – Біз бұл жерде жиі серуендеп тұрамыз. Ту­дың айналасында сан алуан през­и­дент­тер отырғызған шыршалар бар. Тура Қа­зақстанның айналасында топтасқан ха­лық­тар сияқты. Шынын айтсам, осы Тудың бір қасиеті бар. Осы маңайда жүріп, бір күш-жігер жинап аласың. Бүгін де сер­уен­деп жүріп, салтанатты шараның дауысын естіп қалдым. Содан жақындап келіп, тамашалап тұрдым. Алыстан Президентті де көруге мүмкіндік туды. Менің ойымша, бұл – керемет шара. Үлкен Тудың астында сарбаздарға шен тапсырғанды көріп, мен де көзіме жас алдым. Болашақта менің ұлым да осылай шен алса екен деп іштей тіледім.
Ал кешқұрым Н.Назарбаев «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет теа­трында өткен салтанатты жиынға қаты­сып, Ас­тана халқын, барлық қа­зақ­стан­дық­тар­ды елорданың төл мерекесімен құт­тық­тады. «Астана – Тәуелсіздігіміздің төл пер­зенті. Оның болашағы – Тәуелсіз елі­міздің ке­лешегі», – деп бастады Пре­зидент. Шы­ны­мен де, еркін еліміз өсіп, өр­кен жая бер­се, Астанамыздың да алыс қияға көз тігіп, дами беретіні хақ. «Ал жас қала тұрғын­да­рының санасы да жаңа заманға лайық бол­са, шығар шыңымыз шыр­қау биікте бо­лады. Еркін ойлап, дер­бес шешім қа­был­дайтын, тәуелсіз әрекет қылатын азат ел еке­німізді бүкіл дүниеге таныттық. Сон­дық­тан да Астана біздің егемендігіміздің тірегі, елдігіміздің жүрегі, азаматтығы­мыз­дың айнасы болып са­на­лады. Қазақ елінің жасампаздығын паш еткен ұлы көш оңай бол­ған жоқ. Тұтас ел болып жүзеге асыр­ған осынау ұлы істі бейбіт күндегі ерлік деп бағалауға болады. Ұлы көш арқылы біз шын мәніндегі Тә­уел­сіздікке ие болдық. «Бірлік қайда болса – еркіндік сонда, елдік қайда болса – елдік сонда» деген бабалар сөзіне біз ісімізбен көз жеткіздік», – деді Президент.
Астана келбеті - ұлт келбеті
Иә, елорданы Алматыдан Ақмолаға көшірген күн кеше ғана болған сияқты. Ол кезде қала Есілдің оң жағасынан ары аса алмай, кілең ескі үйлерден тұратын шағын ғана шаһар еді. Небәрі 15 жылдың ішінде сәні мен сәулеті келіскен заманауи қалаға айналды. «Оны бәріміз бірге жүзеге асы­рып, бүгінгі биіктерге жеткіздік. Тәуел­сіз­діктің тұғырын мызғымастай берік етіп, ны­­ғайта отырып, мәңгілік ел болуды мақ­сат еттік. Астанасына қарап елін таниды. Ас­­тана келбеті – ұлт келбеті. Халқымыздың жаңа ғасырдағы жарқын шежіресі дәл осы жерде жазылып жатыр, жазыла да бермек. Жасампаздықтың жарқын үлгісі, бей­біт­ші­ліктің бесігі – Астанамыз еркін еліміздің түпкі ме­жесі, мәңгілік елдің арқауы болып жа­сай берсін! Астана мерекесі құтты болсын! Елі­міз аман, жұртымыз тыныш болсын! Болашағымыз жарқын болсын!», – деді Н. Назарбаев.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста