Жерге ірі астероидтің салыстырмалы түрде мейлінше жақын келуінен метеориттер немесе басқа да ғарыштық қалдықтардың түсуі тағы да жиілеуі мүмкін. Ресейдің Орал өңірінде әуеде жарылып, Челябинск қаласына жойқын толқынын тигізген кешегі метеориттен соң мамандар осындай болжам айтты. Жарылған метеорит әуелі ұшқындата отырып еліміздің батыс және солтүстік өңірлерінің үстінен ағып өткен. Бұл аймақтарда мамандар оның құлауы мүмкін қалдықтарын іздестіріп жатыр.
Беймәлім нысанның әуеде жарылуы Ресейдің Челябинск, Екатеринбург, Түмен қалалары тұрғындарының зәресін ұшырды. Оқыс жарылыстан ғимараттардың терезесі сынып, шатыр-қабырғалары селкілдеді, ұялы байланысқа кедергі келді. Көп ұзамай беймәлім құбылыстың метеорит екені анықталды. Әуеде жарылған ғарыштық дененің екпінді толқыны Челябинск қаласының халқын есеңгіретіп тастады. Қалада мырыш зауытының шатыры құлап түсті. «Мегафон» деген байланыс операторының оптикалық кабелі үзіліп қалды. Түрлі нысандардың қақырап құлауы кезінде 400-ден астам адам жарақат алыпты. Ауруханаға өте ауыр халде жеткізілгендер де бар. Ресейдің Орал округіндегі ірі өнеркәсіп орталығының үстінен ауған отты ұшқын жарылмас бұрын еліміздің аумағын басып өтті. Соңғы кездердегі түрлі әуе апаттарынан үрейленіп қалған жергілікті халық біраз дүрлігіп қалды. Беймәлім құбылысты қостанайлықтар мен ақтөбеліктер анық байқаған.
Бауыржан БӨГЕНБАЕВ, оқиға куәгері:
– Көкжиектен отты шар ұшып, оның арты будақтаған көк түтінге айналғанын байқадым. Кәдімгі құлап бара жатқан ұшаққа ұқсас көрініс болды. Тіпті ұялы телефонымның бейнекамерасына жазып үлгердім.
Осы өңірдегі мамандардың хабарлауынша, жарқыраған шар Қостанай облысы үстінен жергілікті уақыт бойынша сағат 09:00 шамасында көрінген. Метеорит немесе қалдық із қалдыра отырып, Ресейдің Челябі облысы аумағына қарай өтті. Төтенше жағдайлар қызметі бұл құбылыстың салдарынан ешқандай адам зардап шеккен жоқ деп отыр. Ақтөбе облысының төтенше жағдайлар қызметі де өздеріне ондаған тұрғынның аспаннан отты беймәлім нысан көргенін айтып хабарласқанын жеткізді.
Мамандар неғұрлым көп қоңырау шалынған Мәртөк және Қарғалы аудандарының аумағына іздестіруші-құтқарушы жедел топтарды жіберген. Әзірше ғарыштан түскен белгілер табылған жоқ. Жалынды шардың еліміздің аумағынан өтіп барып жарылғаны абырой болған сияқты. Төтенше жағдайлар министрлігі әдеттегіден жедел қимылдап, аспандағы беймәлім құбылыстың салдарынан жерімізде ешқандай келеңсіз жайт, атап айтқанда, қирау мен кісі өлімі болмағанын хабарлады.
ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі:
– 2013 жылдың 15 ақпанында аспаннан жанып тұрған беймәлім нысандардың Қазақстанның Ресей Федерациясымен шекаралас өңірлері – Ақтөбе облысының Қарғалы ауданындағы Ащылысай елді мекені мен Мәртөк ауданындағы Казанка және Қаратоғай елді мекендері аумағына құлағаны туралы хабарлама келіп түсті. Аталған жерлерге министрліктің бөлімшелерінен, облыстық санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау қызметінен және жергілікті атқарушы органдардан 26 адам мен 9 техника жіберілді. Алдын ала мәлімет бойынша, бұл нысандар – метеориттер. Қазіргі мезгілде іздестіру жалғасып жатыр. Құрбан болғандар мен қираған ғимараттар туралы ақпарат жоқ.
РФ Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі:
– 2013 жылдың 15 ақпанында жергілікті уақыт бойынша сағат 07:00-де Түмен, Свердловск, Челябі, Қорған облыстары мен Башқұртстан Республикасы аумағында атмосфераның төменгі қабатында белсенділік байқалып, соның салдарынан отты жарқылдар, дыбыстық және соққылы толқындар тіркелді. Бұл құбылысқа метеорит жаңбыры себеп болды деп болжанып отыр. Баландино әуежайы аумағында метеориттің құлауы тіркелмеді. Бұл уақытта «Байқоңыр» ғарыш айлағынан ешқандай аппарат ұшырылмады. Жүргізілген мониторинг нәтижесінде Челябі облысы аумағында радиациялық жағдайға қатысты ауытқушылық анықталмады. Төтенше жағдайлар министрлігінің орталық бағынышты бөлімдері мен авиациясы әрекет ету мүмкіндігіне байланысты аса жоғары дайындық жағдайына келтірілді.
Болжам бойынша метеорит Челябі облысы аумағындағы Шұбаркөл көліне құлаған. Ал метеорит жаңбырының табиғатына келсек, мұның Американың Ұлттық ғарыш агенттігі (NASA) мамандары көптен айтқан 2012 DA14 астероидіне қатысының бар-жоғы туралы пікірлер әркелкі. Дегенмен ғалымдардың көбі Челябинскіні есеңгіреткен метеориттің әлгі астероидтің қозғалысына мүлдем қатысы жоқ деп кесіп айта алмайды. Себебі диаметрі шамамен 45 метр, салмағы шамамен 130 мың тонна болатын астероидтің жерге шартты түрде жақындап келуі өзге ғарыштық денелердің де қозғалысын туғызуы әбден мүмкін.
Сергей ЕФИМОВ, астроном, физика-математика ғылымдарының кандидаты:
– Құлаған метеорит әлі табылған жоқ, сондықтан оны тек болжам түрінде ғана метеорит деуге болады. Ол шығыс жақтан шығып, Қазақстанның солтүстігінен, Ресейдің Орал өңірінен өтіп барып, жарылған. Метеорит жарылысы адам денсаулығына ешқандай әсер етпейді. Челябинск үстінде жарылыс болған кезде де радиациялық ахуалдың қалыпты екені туралы хабарлама тарады. Бұл оқиға жерге ірі астероидтің шамамен 28 мың шақырым қашықтыққа жақындап келетіні, яғни салыстырмалы түрде орбитадағы геостационарлық стансылардан да жақындай түсетін кезімен тұспа-тұс келіп отыр. Бұл астероид бір ғана аспан денесі емес, ұсақ қалдықтардан тұратын тұтас шоғыр болуы да мүмкін. Демек, мына метеорит сол астероидтің жақындап келе жатқанының хабаршысы деуге негіз бар. Бірақ бұл болжам ғана, 100%-дық ақиқат емес. Мұндай құбылыстар өте сирек болады. Менің тәжірибемде қатты дыбыспен жарылып, нысандардың терезесін шағып жіберген құбылыстар болған емес. Челябинскідегі құбылыс 1947 жылы болған Сихотэ-Алинь метеоритін еске салады. Ол кезде қираған нәрселер көп болды. Метеориттің жерге түсуі міндетті емес, оның ауада түгі қалмай жарылып, бізге жетпей қалуы да мүмкін. Мысалы, Тунгус метеориті солай болған.
Метеориттердің жерге құлауы тарихта көп кездескенімен, оның адамның басына түсуі бір-ақ рет тіркелген. 1954 жылы қарашаның 30-ы күні АҚШ-тың Алабама штатында салмағы 4 келі метеорит бір үйдің шатырына тиіп, рикошетпен сыртта тұрған Анна Элизабет Ходжес есімді әйелді соғып өтті. Қолы мен жамбасынан жараланған америкалық әйел аман қалды.