Тарихымыз тереңнен тамыр тартады. Оған ешкімнің дауы жоқ. Түгендей білсек, қаншама дәуірді артқа салатын түріміз бар. Алайда соған енжар кейіп танытып жүрміз. Тәуелсіз ел атанғалы бері де ширек ғасырға жуық уақытты артқа салып үлгердік. Қазақтың қаншама ғасырға созылған шежіресіне зер салуға әлі де шамамыз келер емес. Елімізде «Мәдени мұра» бағдарламасы қабылданды. Содан бері жұмыс жүйесіне түскендей болды. Десе де, күні бүгінге дейін түрен тимей жатқан көне шаһарлар мен ескерткіштер баршылық. Осыдан 30-40 жыл бұрын есепке алынған көптеген мәдени мұраларға одан кейін назар аударған ешкім болмаған секілді. Алыс-жақындағы жиһанкездер артына қалдырған жазба деректерден тарихымызды түгендеген боламыз. Сол себепті біздің елімізге археология ғылымы бойынша серпіліс қажет екені бізге байқалады.
Алтай мен Атырау арасына созылған ұлан-байтақ даламызды мақтан тұтамыз. Сол аралықта көне дәуір көзін көрген талай мәдени байлығымыз жатыр. Өкініштісі, аталмыш құндылықтың басым көпшілігі мылқау күйде тұр. Бәлкім, оларды «сөйлете» білсең, бүгінгі күні бізге жұмбақ талай құпияның кілті табылар ма еді? «Талай істің бетін қайырып тастадық» деп тоқмейіл кейіп таныту – бекершілік. Біз тарих атты қалың томның алғашқы бетін енді-енді ғана ашып жатқан секілдіміз. Әрбір ұлттың ұстыны, болмысы, бейнесі осындай тарихи мұралар арқылы өзгеге әйгілі болады. Кезінде қазақтың түп-тамырын беріден бастайтын салқын көзқарас болғаны бәрімізге белгілі. Шовинистік пиғылдағы адамдар үшін бұл таптырмас әдіс еді. Өйткені өткені жоқ ұлттың өзгенің алдында жүзі де төмен болады. Әрине, сол жылдары Қазақстанда археология мүлдем тоқырап қалған жоқ. Қаншама игілікті істер атқарылды. Дегенмен жасалған жұмыстан әлі де қолға алынуы тиісті істер көбірек болатын.
Қай дәуірде де Сырдың бойы қалың жұрттың құтты қонысына айналды. Қазақтың археология саласына өлшеусіз үлес қосқан Әлкей Марғұлан ағамыздың «Сыр өңіріндегі әрбір төбенің астында бір шаһар бар» деген сөзін бүгінгі ғалымдар жиі айтып отырады. Айтса, айтқандай, дария бойында талай дүние сырын бүгіп жатыр. Тіпті оның кейбірі елдің есінен шығып кетті десек те болатындай. Осылай кете берсе, таяу уақытта сол мұрамыздан айырылып қалуымыз ғажап емес. Оларға тиісті деңгейде назар аударуға ешкім көңіл бөлмей отыр. Жалпы, өркениетті елдерде мұндай тарихи мұралар арнайы қорғауға алынады. Оған арнайы мамандар бекітілген. Бізде ше? Тарихи орындарға көрінген көлденең көк атты емін-еркін ене алады. Олар тыныш кетсе бір сәрі ғой, кейбір құнды дүниелер қолды болып жатады. Оның әрбірінің біздің тарихымыз үшін баға жетпес туынды екенін ұғынсаң, еріксізден ішің қыж-қыж қайнап жатады. Бірақ қолдан келер қандай дәрмен бар? Елімізге белгілі археолог Мадияр Елеуовтің айтуынша, қарт Қаратаудың етегінде 300-ден астам көне шаһар, тарихи ескерткіш және тау тасындағы жазбалар бар екен. Байқаған адам осының өзі аз байлық емес екенін аңғарады. Осыншама қазынаның құпиясына үңілудің өзіне біраз жыл уақыт қажет емес пе? Оған еліміздегі санаулы археолог ғалымдардың шамасы келе ме?
Мадияр ЕЛЕУОВ, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, тарих ғылымының докторы, Археология ғылыми-зерттеу орталығының директоры:
– Елімізде археологтер дайындау жөнінен Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің алар орны ерекше. Бұл жоғары оқу орнында қаншама мамандар дайындалып жатыр. Археологиялық орталықтар да, негізінен, оңтүстік астанамызда орын тепкен. Мен Сыр өлкесінің тарихын түгендеу бағытында қаншама жұмыс жасадым. Қаншама ескі қалалар туралы мәліметтер жинадым. Айтарым, бұл өлкеде әлі де түрен тие қоймаған тарихи байлықтар баршылық. Осы мақсатта жүйелі жұмыс жасау – біздің негізгі міндетіміздің бірі.
Бүгінгі күнге дейін Сыр бойындағы Жанкент, Сығанақ, Жент қалаларын зерттеу бағытында нәтижелі жұмыстар атқарылған. Ал олардың өзгесі қаншама жылдан бері кезегін күтіп тұрған жайы бар. Ол кезек қашан келеді? Оны ешкім білмейді. Көне ескерткіштер осындай селқостық салдарынан жер бетінен мүлдем жоғалып кетуі ғажап емес. Себебі аңызақ жел, толассыз жаңбыр және қыстағы қар олардың еріксіз мүжілуіне алып келеді.
Тарихқа үңілсек, шетелдік ғалымдар Қазақстанға ХІХ ғасырдың 70-жылдарынан бастап үңіле бастаған. Құдай қосқан көршіміз Ресейдің Василий Радлов, Николай Веселовский, Петр Лерх және Василий Бартольд сынды ғалымдары қаншама еңбек жазды. 1920-1930 жылдарда Әлкей Марғұлан, Сергей Руденко, Александр Бернштам және өзге де ғалымдар басқарған экспедициялар ұлан-ғайыр даланың басым бөлігінде күрделі археологиялық барлау және қазба жұмыстарын қолға алды. Осының арқасында қаншама құнды дүниелер түгенделіп қалды. Олардың еңбектері күні бүгінге дейін құнын жоғалта қойған жоқ. Қазіргі таңда да археологтер қаржы бөлінсе, талай құндылықты халықтың игілігіне айналдыра алар еді. Дегенмен оның барлығына бөлінетін ақша қайда? Қаржы тапшылығы қолды байлайды.
Археология саласындағы ғылыми орталықтар еліміздің ірі қалаларында орын тепкен. Алдағы уақытта осындай орындарды өңірлерде де ашу қажет секілді. Осыдан кейін жергілікті басшылар бұл салаға қомақты қаржы құйып, қаншама жұмыстар қолға алынуы мүмкін. Оны тек мәдениет саласына жүктеп қоюдың ешқандай реті жоқ. Әйтпесе алдағы уақытта талай тарихи дүние көзімізден ғайып болып, қолымызды мезгілінен кеш сермеп жүрмейміз бе деген сауал үнемі ойға орала береді...