Әр фильмнің астарында патриотизм жату керек
Кеше іссапармен Алматы қаласында болған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қазақ киносының хал-ахуалын біліп, отандық киноөндірісіне тың серпін беру үшін «Қазақфильм» киностудиясына ат басын тіреді. «Мен бір кездері теннис ойнап едім, жұрттың бәрі жаппай теннис ойнағыш болып кетті. Ешкім жоламайтын Шымбұлаққа барып, 55 жасымда шаңғы теуіп едім, қазір Шымбұлақта сырғанауға орын таба алмайсың, сол сияқты маған қарап жұрт атқа отырды. Олай болса, жұрттың ынтығы киноға ауып, бұл өнердің де жағдайы жақсарсын деген ниетпен мен бүгін «Қазақфильмге» келіп отырмын» деп Елбасы айтқандай, қазақ киносының жаңа бір дәуірі басталып келе жатқанына дәлел көп.
Қазіргі уақытта қаржы және идеялық дағдарысқа байланысты әлемдік кино өндірісі 30 пайызға қысқарыпты. «Мүмкін, бұл сәт біз үшін ұрымтал тұс шығар» – деді өз сөзінде Елбасы, осы жағдайды пайдаланып, отандық және әлемдік көрермендерге қазақ киносын ұсынуды меңзеді. «Қазақфильм» киностудиясының төрағасы Ермек Аманшаевтың айтуынша, осы күнге дейін фильм түсіруге қажетті құрал-жабдықтардың жетіспеуіне байланысты қолдағы қаражаттың 30 пайызы шетелге кетіп отыратын. Биылдан бастап толықтай жабдықталған киностудия ешкімге жалтақтамай-ақ, картина дайындаудағы барлық процесті өзіміздің қазанда қайнатуға мүмкіндік алды.
Жылына 9 фильм – аз
Соңғы жылдары киностудияның менеджмент жүйесі түбегейлі өзгерді. Киностудия саласында белгілі жетістіктерге жеткен режиссер, продюсерлерімен, сондай-ақ продюсерлік компанияларымен қарым-қатынас орнататын орталық ашылды. Киностудияда жоспарланған фильмдердің сценарлық жобаларына көрерменнің сұранысын арттырып, көркем фильмдердің жарнамалық стратегиясын сараптайтын «Киножобалардың даму орталығы» жұмыс істей бастады. Сондай-ақ прокат және дистрибуция Дирекциясы ашылып, Маркетинг қызметі іске қосылды. Осы аталған жаңалықтар биылғы жылы өндіріс жылдамдығының артуына себеп болды. Мәселен, биылғы жылы Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы өзінің көрермендеріне екі телехикая (20 бөлімді), екі балалар фильмін, 11 қысқаметражды көркем фильм, 10 деректі, 22 киножазба сюжеттерін ұсынды. Өткен жылдармен салыстырғанда көңіл жұбатарлық бұл көрсеткішті Елбасы «түсірілген фильмдердің саны аз, бұл жетпейді» деп бағалады. Саны өз алдына оның сапасы да жоғары болу керек. «Мысалы, мен соңғы кездерді түсірілген фильмдерді көріп жүрмін. Әрине, мен киносыншы емеспін, дегенмен меніңше, «Мұстафа Шоқай», «Махамбет», «Қош бол, Гүлсары» секілді фильмдерді одан да жақсырақ етіп түсіруге болар еді. Маған мысалы «Қош бол, Гүлсарының» көне нұсқасы қаттырақ ұнайды».
Телехикаяны зейнеткерлер көрсін
Киностудияның жаңа құрылғылары мен жабдықтарын аралап көрген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев аяқталған, және түсірілімі әлі де жалғасып жатқан «Золотой войн», «Ата жұрт», «Ирония Любви», «Нереальная любовь», «Бәйтерек», «Рывок», «Город мечты», «Астана – любовь моя» сынды бірнеше фильмдерден үзінді тамашалады.
Елбасы сапасы жағынан да, мағынасы жағынан да жоғары тұрған көркем фильмдердің көбірек түсірілу керектігін айта келіп телехикаялардың да саны кем болмауын ескертті: «Әрине, телехикаялар да керек. Алайда ол жастарға емес, зейнеткерлерге арналған ғой. Біздің зейнеткерлер өз бастарында қайғы болмаған соң, телехикая арқылы біреулердің басындағы қайғымен бөлісіп отырады». Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың пікірінше, қазір әлемде түсіріліп жатқан фильмдердің басым көпшілігі атыс-шабыс. «Егер осы сарындағы фильмдер дағдарыс кешіп, оларға деген сұраныс азайып жатса бізге олардың тағдырын қайталаудың қажеті қанша, біз өнерге басқа қырынан келейік».
«Көшпенділер» – сәтсіз туынды
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Қазақ халқының тарихы 1917 жылдан басталған жоқ, одан ары кеткен тарихымыз бар. Халқымыздың рухын көрсететін жақсы бір туынды болса екен деген ниетпен соған лайық сценарий іздедім. Анаған да жаздырдық, мынаған да жаздырдық. Ақыр түбінде «Көшпенділерді» түсірген едік, бірақ нәтижесінде түк шығара алған жоқпыз» деп аталған туындының көңілінен шықпайтындығын білдірді. «Әр фильмнің астарында патриотизм, қазақтың еліне, жеріне деген сүйіспеншілігі аңқып тұру керек. Шығысымызда алып империя жатыр, тағы бір тұсымызда барынша күшейіп келе жатқан тағы бір ел бар. Ар жақта Ислам мемлекеттері бар. Осылардың ортасында орналасқан қазақтың алдағы болашағы қалай болады? Өзімізді қалай сақтап қаламыз? Тек қана отанын шын сүйетін өжет ұрпақ тәрбиелесек қана сақтап қаламыз» деген Президент патриоттық кинолар түсіру кезек күттірмейтін мәселе екенін жеткізді.