Павлодар облысы, Ақтоғай ауданына қарасты Новотроицк ауылының үшінші бөлімшесі - Шығанақ көлінде балықтардың жаппай қырылуы туралы ақпарат әлеуметтік желілерде таралып кетті.
Алдын ала мәліметтер бойынша, балықтардың қырылуы су қоймасының толық қатып қалуына байланысты болған.
Өңірлік жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасындағылар оқиға орнына мамандар барып, зертханалық талдау жүргізу үшін су мен балық сынамаларын алатынын хабарлады.
«Аталған факті бойынша 6 мамыр күні балық шаруашылығы инспекциясы, ветеринариялық қызметтермен бірлесіп, су айдынына шықты. Сондай-ақ бұл жұмысқа ғылыми ұйым тартылады. Ақтоғай ауданы әкімдігінің алдын ала мәліметтері бойынша, балықтардың қырылуы су айдынының толық қатып қалуынан болуы мүмкін», - деді ведомстводағылар.