Бопсалаушылық жасаған деп күдіктелген Ақтөбе облыстық мәслихат депутаты Мейіржан Үндіргеновтың үйін тінту барысында 1 млрд теңге табылды, деп хабарлады облыстық сот баспасөз қызметінен.
«Ақтөбе қаласының №2 сот қаулысына сәйкес, Мейіржан Үндіргеновтың үйін және жұмыс кабинетін тінту барысында 82 000 теңге, 1 800 000 АҚШ доллары, 2 970 000 теңге, 299 500 евро, 1 645 000 АҚШ доллары, 1 323 000 евро, 3 850 000 теңге, 326 300 рубль, БАӘ-ның 220 дирхамы, 8 гривен табылды», — деді облыстық сотта.
Сондай-ақ сот Үндіргеновке тиесілі жылжымайтын мүлкіне, оның ішінде Ақтөбедегі пәтеріне, Шалқар ауданының Шалқар қаласындағы жер телімі мен қоғамдық-іскерлік мекемеге қамау жариялады.
Еске салсақ, облыстық мәслихат депутаты, «Емшан» компаниясының президенті Мейіржан Үндіргенов 1 маусымда 2 ай мерзімге деп қамауға алынған.
Үндіргенов Қылмыстық кодекстің (аса ірі мөлшерде бопсалаушылық жасау және өлтіремін деп немесе денсаулыққа ауыр жарақат келтіремін деп қорқыту) бабы бойынша қылмыс жасаған деп күдіктеледі. Іс материалдары бойынша ол 2015 жылы 30 мамырда ұсталған.
Алдын ала тергеу органдары анықтағандай, биылғы 14 мамырда «Емшан» компаниясының президенті Мейіржан Үндіргенов азамат Бауыржан Пірмановтан «Ақжол ЛТД» ЖШС капиталының 10%-ын үшінші тұлғаға – И. Мавлюдовқа бергізу жолымен бопсалаған, сондай-ақ 2012 жылы 23 маусымда оның 2008 жылғы Mitsubishi L200 автомобилін үшінші тұлғаға аударып жазға мәжбүрлеп, бопсалаған.
Бұл ретте Б. Пірманов ұзақ уақыттан бері психологиялық қысымға түсіп және өзінің отбасына қатысты қоқан-лоқылық көресің деген сес көрсетушілік қысымда болған.