Ақтөбеде эпидемиологиялық кезеңде 26 адамнан А типі H1N1-pdm09 тұмауы, яғни, шошқа тұмауы анықталды. Өңірдегі эпидемиологиялық жағдай жайын Ақтөбе облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті мен облыстық денсаулық сақтау басқармасы баяндады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Өткен жыл мен биыл барлығы 31 мынан астам адам ЖРВИ жұқтырып, ауырды. Оның тең жартысынан астамын 14 жасқа толмаған балалар құрайды. Бір жасқа дейінгі балалар саны мыңға жуық.
«Эпидемиологиялық кезеңнен бастап 2198 үлгі зерттелді. Оның 263 (11,97%) оң нәтиже көрсетті. Соның ішінде 237 (90,1%) жағдай тұмаудың В типі және 26 (9,9%) жағдайда А типі H1N1-pdm09, яғни, шошқа тұмауы екені анықталды. Тұмау емес вирусты анықтпу үшін (парагрипп, аденовирус, риновирус, МС вирусы) 291 үлгі зерттелді. Нәтижесінде 7 МС вирусы, 12 риновирус және 35 аденовирус тіркелді. ЖРВИ-мен ауырған 1620 адам ауруханаға жатқызылды»,-деді Ақтөбе облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Мұхтар Сербаев.
Қазіргі уақытта Ақтөбе облысы жасыл аймақта. Биыл 7 науқастан СOVID-19 анықталды. Вирус көбіне 40 жастан асқан адамдарда арасында тіркелді.
«Өткен тәулікте тағы 5 жағдайы тіркелді. Жаңа оқу жылында, яғни, 2022 жылдың 1 қыркүйегінен бастап 6-қаңтарына дейін облыс бойынша мектептің екі мұғалімінен, 16 оқушыдан COVID-19 анықталды»,- деді Ақтөбе облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Мұхтар Сербаев.