Ақтау әкімдігінің тұрғын үй инспекциясы өкілі тұрғын үйдің кіреберісінің төбесі құлаған оқиға туралы тың деректер айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
11 мамырда тоғызыншы шағынауданда үйлердің бірінде кіреберістің бетоны құлады. Төтенше жағдай салдарынан бір ер адам қаза тауып, тағы екеуі зардап шекті.
"9-шағынаудан, 4-үй мекенжайындағы кіреберісті бөлшектеу бойынша жоспарлы жұмыстар барысында бетон құлады. Өкінішке қарай, бір адам қаза болды, тағы екеуі жарақат алып, ауруханаға жеткізілді. Олардың бәрі - "Нестле Мол" сервис компаниясының қызметкерлері, олар "Татьяна" пәтер иелерінің кооперативіне қызмет көрсетті", - деді Tengrinews.kz-ке Ақтау әкімдігінің тұрғын үй инспекциясы өкілі.
Болған оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр. Жергілікті жерде Төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлері жұмыс істеп жатыр.
"Марқұмның отбасына көңіл айтамыз", - деді қала әкімдігінің тұрғын үй инспекциясы өкілі.
Еске салайық, бұған дейін Ақтауда кіреберіс шатыры құлап, бір адам мерт болғаны, зардап шеккендер бар екені хабарланған болатын