Атырау облысында адам шошырлық оқиға болды. Таңдай ауылында жер үйдің қорасынан 82 жастағы қарияның мүрдесі табылған. Марқұмның денесі бұл жерде бірнеше ай жатып қалғанға ұқсайды. Жайсыз хабардан үрейленіп қалған ауылдастары ақсақалдың денесі бөлшектелген екен деп те айтып жүр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеп хабарлайды. 
Содан бері алақандай ауылда алып-қашпа әңгіме тарап, халық қорыққаннан есігін құлыптап отыратын болған. Әзірге қарияның ажалы кімнен келгені белгісіз. Полиция сот-медициналық сараптама тағайындап, марқұмның алыс-жақын туысқандарын тегіс тергеп жатыр.
 
400-ден аса түтіні бар Таңдай ауылына бұл күтпеген оқиға. Шағын елдімекенде өз бетінше тыныш тіршілік етіп жатқан  жұрт  ауыл қорасында бірнеше айдан бері қадірлі ақсақалдың мүрдесі жатыр деген үш ұйықтаса түсіне кірмепті. Ауылға  полиция сау ете қалғанда ғана бір жамандықтың болғанын сезген. Бірақ қария кісі қолынан мерт болды дегенге сенгілері жоқ.
"Шошитын жағдай. Бұрын механизатор болды. Қарындасы мұғалім болды. 30 жылдай еңбек етті. Егізі алып кетіпті, қайтадан жіберді дейді. Тергеу жүріп жатыр деді", - дейді Таңдай ауылының тұрғыны Меңдіғали Сабыров.
Саналы ғұмырын ауыл шаруашылығына арнаған қария қарттық жеңіп, жасы келген соң көбінесе үйінде болған көрінеді. Оның үстіне карантин кезінде бір ауылда тұрып, бір-біріне баруды  сиреткен.
Марқұм 53 жастағы қарындасымен бір шаңырақтың астында тұрған екен. Ол 35 жылдан бері Таңдайдағы мектепте мұғалім болып қызмет істейді. Неге екені белгісіз, ағасының денесі қорадан табылғаннан  кейін оны аяқ астынан уақытша жұмысынан шеттеткен.
"Шеттетіп жіберудің де заңдылығын қараймыз. Ол кісіні кінәлі деген жоқ. Куәгер ретінде деп маған қағаз беріп отыр. Бүгіннен бастап жұмысқа қоспай, шеттетеміз. Тергеу амалы бітіп, ақ-қарасын шешіп бергенше", - дейді Қ.Ахмедияров атындағы орта мектептің директоры Серік Қойбақов.
"Махамбет ауданы Таңдай ауылында 82 жастағы ер адамның мүрдесі табылғаны туралы факті тіркелді. Бірқатар сот-медициналық сараптама тағайындалды. Қазір тергеу жүргізіліп жатыр", - дейді Атырау облыстық ПД баспасөз хатшысы Мейірім Ердәулет.
Мүрдені қорадан тауып алған марқұмның туысқаны екен. Полицияға да сол хабар берген. Әзірге қария кісі қолынан мерт болды ма, әлде абайсызда болған жағдай ма, ол жағы белгісіз.
"Мүрде қорада бірнеше ай жатты ма?"  деген сұраққа полиция жауап іздеп жатыр.