Ақмола облысының аумағында болған жантүршігерлік жол апаты салдарынан екі адам көз жұмып, тағы төрт адам ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, қайғылы жол апаты 23 қарашада шамамен 00.10-да Екатеринбург – Алматы жолының 967 шақырымында, Перекатное станциясының маңында болған.
«Алдын ала болжам бойынша Hyundai Solaris көлігінің 52 жастағы жүргізушісі Қостанайға қарай кетіп бара жатып, тізгінге ие бола алмай, қарсы бағытқа шығып кеткен. Сол мезетте Атбасардың 59 жастағы тұрғыны басқарған Audi В4 көлігімен соқтығысқан. Жол-көлік апаты салдарынан Hyundai жүргізушісі мен жолаушысы оқиға орнында қаза тапқан. Олар – Нұр-Сұлтан қаласының тұрғындары», - делінген ПД хабарламасында.
Сонымен қатар Audi көлігінің жүргізушісі мен екі жолаушысы, Hyundai көлігінің жолаушысы ауруханаға жеткізілген.
«Аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 345-бабы, 4-бөлігі бойынша (Абайсызда екі не одан да көп адамның өліміне әкеп соқтырған жол-қозғалысы ережелерін бұзу) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Тиісті сараптамалар тағайындалды», - делінген хабарламада.