Ақмола облысында өрттен бір үйдің 3 баласы ажал құшты
Бүгін Атбасар ауданының Хрущевка селосында жер үйден өрт шығып, үш бірдей бала ажал құшты, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы Ақмола облысы Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Таңғы 5.19-да өрт шыққаны туралы Атбасар аудандық өрт сөндіру бөліміне хабарлама түскен. Өрт сөндірушілер оқиға орнына жеткенше, қызыл жалын 100 шаршы метрді шарпып үлгерген.
«40 және 41 жастағы ата-ана мен олардың 16 және 8 жастағы балалары үйдің терезесін бұзып шығып үлгерген. Өрт сөндіру кезінде үйдің төбесі құлап түскен. Таңғы сағат 6.40-та өрт ауыздықталып, 8.25 болғанда толықтай сөндірілді. Өкінішке қарай, 15, 13 және 12 жастағы балаларды құтқарып қалу мүмкін болмаған. Өрт сөндірушілер олардың тек мүрделерін алып шықты», - деді Ақмола облысы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Қанат Доспаев.
Өртті сөндіруге барлығы 12 жеке құрамның сарбаздары мен 2 өрт сөндіру техникасы, ерікті өрт сөндіру құрылымдарының 3 техникасы және басқа да ұйымдардың қызметкерлері жұмылдырылған. Қазір оқиға орнына аудандық полиция бөлімінің жедел-тергеу тобы жұмыс жасауда. Өрттың шығу себептері анықталып жатыр. Көкшетау қаласына өрт зертханасына сынамалар жіберілді.