Шіліңгір шілдені шығарып салар тұста қара орман қазақ көкжиектен көтеріліп келе жатқан Күн сәулесіне ең бірінші болып маңдайын тосатын мұзбалақ шыңы – Хаңтәңірі баурайындағы Елшенбүйрек еліне қарай ағылды. Қара шалғын Қарасаздың төсіне қалың қазақты емінткен нендей күш екенін айтпай біліп отырған боларсыздар? Қазақ өлеңінің маңдайына біткен өр тұлға, «тау ұлымын, тау – менің дәу бесігім» деп жырлаған Мұқағали ақынның 80 жылдық дүбірлі тойы дүркіреп өтті. Көзі тірісінде «тойланбаса тойланбасын, не етейін, той көрмей-ақ, сый көрмей-ақ өтейін» деп «болашаққа арыз жазып кеткен» қайран Мұқағали арманының орындалған күнін көру алаштың бүгінгі ұрпағына бұйырса керек.
Тойдың бірінші күні
Ыңыршағы шыға тиелген жұртын сүйреген автобустар, қаптаған көлік керуені шілденің 29-ы күні таң алагеуімде Алматыдан Қарасазға, одан әрі Шалкөденің жайлауына бет түзеген. Жолай Райымбек бабаның қасқайған ескерткішіне тәу етіп, хатым түсіріп, бұлағынан шөлін басқан керуен сәске түсе ақын ауылы Қарасазға жетті. Той тұсауы ең алдымен сондағы М.Мақатаев ескерткіші мен мемориалдық музейінің салтанатты ашылуынан басталды. Осыдан бір жарым жыл бұрын сол кездегі облыс әкімі Серік Үмбетов осы тойды қалай өткіземіз деген ақылдасу шарасына ақын-жазушылар мен журналистердің басын қосқандағы көне жүдеу ғимараттарды осы жолы барғанда танымай, «шынында мынау сол музей ме?» деп өз көзімізге сенер-сенбесімізді білмей қалдық. 1991 жылы салынған көлемі 2265 шаршы метр болатын музейді жөндеуге 2010 жылы «Жол картасы» бағдарламасы бойынша 134 миллион теңге бөлінгенін бұрын да айтқанбыз. Нәтижесінде музей кереметтей құбылып, қосымша тағы конференц залы мен әкімшілік залы қосылып, көлемі 230 шаршы метрге ұлғайғаны өз алдына, көркемдік безендіру жұмысы мен экспонаттарды байытуға облыс бюджетінен 42,9 миллион теңге қаржы бөлінгені тағы бар.
Музейдің салтанатты түрде лентасы қиылған соң, түс ауа ғылыми конференция басталды. Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Нұрлан Оразалин модераторлық еткен конференцияның алғаш ашылу сөзін еліміздің Бас муфтиі хазірет Әбсаттар қажы Дербісәлі алды. Мұның өзіндік себебі де жоқ емес-ті: ақын тойы исі мұсылман үшін ең қасиетті ай – Рамазан басталар шақта келіп еді.
Әбсаттар қажы Дербісәлі:
– Мұқағали саясаттың салқынына қарамай, дін тақырыбын кеңес дәуірінің өзінде батыл жырлаған бірден-бір ақын болды.
Қаймағы бұзылмаған қайран дінім,
Қаймағың быт-шыт болды қайдан бүгін?! – деп, «мұсылманмын» деп атаудың өзі ұят саналған дінсіз дәуірде құбылаға бет түзеп, сәждеге жығылатын күнді аңсайтын арманын паш етті. Бұл – ақындық қана емес, нағыз батылдық. Мұқағали – Мұхаммед Әли бабамыз сол зұлмат заманның өзінде көпшіліктің ығына жығылмай, өз ойын таза сақтап:
Сатпаймын, сатқан емен дінімді мен,
Өлмейтін, өшпейтұғын күнін білем.
Таппайтын күнде тыным, түнде тыным,
Мұсылман Мұхаммедтің үмметімін, – деп жырлады. Біз бүгін қасиетті Рамазан айының кірер есігінде тұрмыз. Тірі болса, мен сенімдімін, Мұқағали ауыз бекітіп, барша мұсылманды күнәларынан сақтануға шақырар еді. Ол кісі мұсылмандықты терең түсінді, оның тек құлшылық етумен шектеліп қалмайтынын, барша ғылымның атасы екенін ақиық ақын:
Дін – ғылымның анасы,
Дін – ғылымның әкесі,
Ғылым – діннің баласы,
Дін – ғылымның көкесі, – деген. Шынында, қасиетті Құранның 719 жерінде ғылым-білім туралы айтылады. Демек, Мұқаң Құранды терең білген деп толық негізде айта аламыз.
«Қазақ энциклопедиясы» баспасының бас редакторы Бауыржан Жақып мырзаның баяндамасында да біршама тұшымды ой айтылды. Алайда осы конференцияда ел-жұртты елең еткізген Мұқаңды зерттеуге ең алғашқылардың бірі болып кіріскен жазушы Бексұлтан Нұржекенің сөзі болды.
Бексұлтан Нұржеке, жазушы:
– Мұқаңның ең алғаш елі ескеріп тойлаған тойы 50 жылдығы болды. Содан бері ақынның 60, 70 жылдығын, мінекей, 80 жылдық мерейтойын да көруге жазыпты. Сонда байқағаным, әр он жыл сайын ел-жұрты Мұқағалиға деген ықыласын көтерген үстіне көтеріп келеді. Демек, Мұқаңның болашақтың ақыны екеніне дау жоқ. Бірақ ғылым деген тек мадақтаудан, әсірелеуден тұрмайды, ғылым деген шындықтан тұрады емес пе?! Бізден кейінгі ұрпаққа Мұқағалидың боямаланған, әсіреленген, шындықтан алыстаған атақ-абыройын емес, оның өзін, яғни оның біз секілді адам бола тұрып, соншалық керемет шығарма тудырғанын ғылыммен дәлелдеуіміз керек. Мәселен, Мұқағали өз күнделіктерінде не деген ғажап сөздерді жазып кеткен: жартысы орысша, жартысы қазақша! Сол күнделіктің түпнұсқасын кім көрді? Тіпті сол күнделікті алғаш шығарған «Жалын» баспасында отырған мен де көрген жоқпын, сіздер де көрген жоқсыздар. Ол қайда сонда? Ғылым осыны неге зерттемейді? «Жарық көргені — мынау, жарық көрмегені қайда, жыртылғаны — мынау, бүтіні қайда» деген сұрақты терең зерттеу – таза ғылымның ісі. Бұл құр мақтау, мадақтау емес, Мұқағалидың жазғанын жоқтау, іздеу, ғылым деген — осы.
Мұқағалидың ішкенін айтады қазір біреулер, Мұқағали ішкен заманда бәріміз іштік. Мейлі айтсын, бірақ мәселе оны ішкілікке не итермеледі дегенді зерттеуде емес пе?! Бұл ақынды ғана емес, сол тұстағы әдебиетті зерттеу болып табылар еді. Неге күнделіктің жоқ беттерін іздеу керек деймін, себебі онда бізге қажет көп ақпарат кетті емес пе?! Ақынды толық тануға, бір жағы, ол да өз кедергісін келтіріп тұрған жоқ па?! Жалпы, Мұқағалидың мұңсыз өлеңі жоқ. Ол қайдан келген мұң? Отбасының жағдайы ма? Мемлекет қысты ма? Екінің бірі сондай-ақ «тірісінде неге бағаламадық» дейді. Шынында, неге?
Сырт көзге ұсақ-түйек көрінгенімен, расында, ғылымда ұсақ-түйек деген болмайды. Керісінше, кейде шындық сол біз ұсақ көріп, мән бермейтін детальдардың астарында бүркемеленіп жатуы әбден мүмкін. Айталық, орыс халқы әлдеқашан Есениннің инесі мен түймесіне дейін зерттеп қойған. Мұқағалидың сол Есениннен артық болмаса, бір де кем түспейтінін біз ғана емес, тіпті орыс халқы да ғана емес, әлем жұртшылығы ертелі-кеш мойындары сөзсіз. Бүгіннің өзінде Мұқағали шекара асып, түрлі тілдерде сөйлеп жүр. Осы конференция барысында ақын шығармаларын қытай тіліне аударған, Қытайда тұратын қандасымыз, аудармашы, қаламгер Қайша Тәбәрікқызы жыр жинағын тәбәрік етті. Ең қызық құбылыс Мұқағали өлеңдерін қытай тілінде тыңдау болды. Аспан асты елінде ақындық мектебінің дамуына, өлең сапасының артуына Мұқағалидың ықпалы зор болғанын сондағы қандастарымыз бір ауыздан айтып, мақұлдайды. Мұқағали ақын атаулының айылын жиып, бойын түзер айнасы, бетке ұстар темірқазығы екенін осыдан-ақ аңғаруға болады.
Амангелді Кеңшілікұлының жүрек тебірентерлік сөзімен, Мұхтар Шахановтың рухтандырар сөзімен түйінделген конференция «Кең дүние, төсіңді аш, мен келемін!» атты жазба ақындардың республикалық мүшәйрасына жалғасты. 150-ден астам ақын өлеңі жарысқа түскен аламан былай қорытындыланды:
150 мың теңгелік қаржылай сыйлығы бар Еркін Ібітанов атындағы сыйлық ақын Жарас Сәрсек пен Болат Үсенбаевқа табыс етілді. Айта кетерлігі, бұл жүлдені ақынның отбасы арнайы тағайындап, оның ұлы, ҚР ҰҚК полковнигі Ерлан Ібітанов табыс етті.
200 мың теңге қаржылай сыйлығы бар ынталандыру сыйлығы Батық Мәжитұлы, Жәркен Бөдеш, Серік Ақсұңқарұлы, Қадірбек Құныпияұлы, Әубәкір Қайран және Қуандық Шолақовтарға берілді.
Жүлделі ІІІ орынды Сәкен Иманасов, Әділғазы Қайырбеков, Ырысбек Дәбейлер иеленіп, 500 мың теңгеге ие болды.
ІІ орын Білісбек Әбдіразақ пен Иран-Ғайып сынды ақындарға бұйырды. Қаржылай сыйлығы — 750 мың теңге.
Сондай-ақ мүшәйраның бірінші орны (1 миллион теңге) Мақпал Мұса атты жап-жас ақын қызға табыс етілсе, бас жүлдені «Тау ұлы» деген бүркеншік аттың иесі, азулы ақын Жүрсін Ерман алды.
Жүрсін ЕРМАН, Халықаралық Алаш сыйлығының және Мұқағали Мақатаев атындағы сыйлықтың иегері:
— Мен өмір-бақи Мұқағали деп келе жатқан адаммын. Ел-жұрт біледі ғой. Ал өз басым осы мүшәйрада Мұқағалидың маңайынан табылып, Мұқағалидың жүлдесін алғаныма бақыттымын.
Тойдың екінші күні...
атақты Шалкөде жайлауында жалғасты. Жайлауды бетке алып ағылған халықта есеп жоқ.
Жетісулықтар 300-ден астам ақ шаңқан киіз үй тігіп, мұқағалишыл қауымға қонақжайлық көрсетті.
Мерейтойдың ашылу салтанатында Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың құттықтауын Президенттің іс басқарушысы Серік Үмбетов оқыды. «Ардақты әлеумет! Сіздерді қазақ халқының аяулы перзенттерінің бірі, ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың 80 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын.
Ел Тәуелсіздігімен бірге Мұқағали жырлары да түлеу үстінде деп айта аламыз. Ақынның қаламынан туған шығармаларға әдебиет саласындағы Мемлекеттік сыйлық берілді. Жыр жинақтары мен таңдамалы шығармалары жарық көруде. Мемлекет қамқорлығымен мұралары жинастырылып, мұражайы бой көтерді. Жауһар жырлары әлем тілдеріне аударылуда.
Туған елін тебірене жырлаған Мұқағали ақынның өміршең өлеңдері жас ұрпақты болашақта да отаншылдыққа, адамгершілікке баули береді деп сенемін. Бүгінгі салтанатты шараға қатысып отырған баршаңызға зор денсаулық, шаңырақтарыңызға шаттық тілеймін. Ұлттық әдебиетіміз өркендей берсін! Той құтты болсын!» – делінген Елбасының құттықтау хатында. Парламент Сенатының төрағасы Қайрат Мәмидің құттықтауын Сенат депутаты Қуаныш Сұлтанов жеткізді.
Алматы облысының әкімі Аңсар Мұсаханов дүйім жұртты Алаштың ардақты ұлының мерейлі тойымен құттықтап, «Кең дүние, төсіңді аш, мен келемін!» жыр мүшәйрасында бас жүлдені иеленген ақын, Мұқағали атындағы сыйлықтың иегері Жүрсін Ерманға, ақынның ұлы Жұлдыз Мақатаевқа автокөлік кілттерін тапсырды. Сондай-ақ жалынды өлеңдерімен сахнаны бір серпілткен бала Жамбыл – Жамбыл Дүйсенұлына 100 мың теңге сыйлық берілді. Жазушылар одағының төрағасы Нұрлан Оразалиннен бастап, бірқатар зиялы қауым өкілдері жүрекжарды лебіздерін білдірді.
Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры, Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ музыкалық драма театры, Ғабит Мүсірепов атындағы Балалар мен жасөспірімдер театры мен Алматы облыстық Бикен Римова атындағы драма театры өнерпаздарының қатысуымен театрландырылған көріністер көрермен назарына ұсынылды.
Бұл күні Шалкөде тұлпарлар тұяғының дүбіріне бөленді. Ұлттық ат спорты түрлерінен өткен жарыста 300-ге жуық жылқының бағы сынға түсті. Райымбек ауданының шабандозы Сүбебай Азамат мінген тұлпар қазақы жылқылар арасындағы аламанның жүйрігі деп танылды. Алматылық «Нұр» жылқы зауытының сәйгүлігі таза қанды жылқылар арасында мәреге бірінші жетті. Сондай-ақ топ бәйге, құнан, жорға жарыстарда Алматы облысының Жамбыл, Қаратал, Сарқан аудандарының мерейі үстем болып, барлық жеңімпазға жеңіл автокөліктердің кілттері табысталды.
Ақынның дүбірлі тойында ат жарысына алты бірдей жеңіл автокөлік тігілді. Аламанның жүлдесіне берілген «Джип» автокөлігін— Жөргенбаев Жанболат бастаған Қарасай ауданының азаматтары, «Нексия» темір тұлпарын — Баубек Байсабаев пен Талғар ауданының атымтайлары, «Шанс» автокөлігін Ұйғыр ауданының жомарт жігіттері тіккен екен. Топ ішінен суырылып шыққан сәйгүліктерге бұдан өзге «Нива» және «ВАЗ-2107» автокөліктерінің кілттері тапсырылды. Оларды Еңбекшіқазақ, Жамбыл ауданының азаматтары ұсынған.
Қазақша күрес, кір тасын көтеру, арқан тартысы жарыстары да тартысты өтіп, үздіктер қомақты жүлдеге ие болды.
Түйін
Жиынға арнайы Елбасының құттықтауын жеткізуге келген Президенттің іс басқарушысы Серік Үмбетов мырза осы ретте мынадай түйінді сөз айтты: «Бұл – ақын тойының мәресі емес, басталуы ғана. Елбасымыз талай жерде былай деп айтып жүр: «Той тойлау киіз үй тігіп, ақша шашу емес, ол – ертеңгі күні сол той болған ауылға игілік болып қалуы. Қараңыздаршы, 800 млн теңгедей ақша бөлінді. Нәтижесінде Қарасаз елді мекені бұрын қандай еді, қазір қандай?!» Расында, тарихқа үңілсек, бір кездері Мұқағалидың тойын тойлауға қол жеткізудің өзі қандай күрестің арқасында келіп еді! Ең алғаш ақынның 50 жылдығын өткізуге мұрындық болған, адуынды сөзімен кесімді шешім айтып, даурықпаны тойтарған ақын Әбділда Тәжібаев болса керек. Осы бүгінгі мерейтойға қол жеткізуімізде сондай тұлғалардың өлшеусіз еңбегі барын бүгінгі ұрпақ – біз біле жүруіміз шарт».