Ақиық ақынның тойы Алаш мерейін асқақтатты

Ақиық ақынның тойы Алаш мерейін асқақтатты

Шіліңгір шілдені шығарып салар тұста қара орман қазақ көк­жиек­тен көтеріліп келе жатқан Күн сәулесіне ең бірінші болып маңдайын тосатын мұзбалақ шыңы – Хаңтәңірі баурайындағы Елшенбүйрек еліне қарай ағылды. Қара шалғын Қарасаздың төсіне қалың қазақты емінткен нендей күш екенін айтпай біліп отырған боларсыздар? Қазақ өлеңінің маңдайына біткен өр тұлға, «тау ұлымын, тау – менің дәу бесігім» деп жырлаған Мұқағали ақынның 80 жылдық дүбірлі тойы дүркіреп өтті. Көзі тірісінде «тойланбаса тойланбасын, не етейін, той көрмей-ақ, сый көрмей-ақ өтейін» деп «болашаққа арыз жазып кеткен» қайран Мұқағали арманының орындалған күнін көру алаштың бүгінгі ұрпағына бұйырса керек.

Тойдың бірінші күні
Ыңыршағы шыға тиелген жұртын сүйреген автобустар, қаптаған көлік керуені шілденің 29-ы күні таң алагеуімде Алматыдан Қарасазға, одан әрі Шалкөденің жайлауына бет түзеген. Жолай Райымбек бабаның қасқайған ескерт­кі­шіне тәу етіп, хатым түсіріп, бұлағынан шөлін басқан керуен сәске түсе ақын ауылы Қарасазға жетті. Той тұсауы ең алдымен сондағы М.Ма­қа­таев ескерткіші мен мемориалдық музейінің сал­танатты ашылуынан басталды. Осыдан бір жарым жыл бұрын сол кездегі облыс әкімі Серік Үмбетов осы тойды қалай өткіземіз деген ақыл­дасу шарасына ақын-жазушылар мен жур­на­лис­тердің басын қосқандағы көне жүдеу ғи­ма­рат­тарды осы жолы барғанда танымай, «шы­нын­да мынау сол музей ме?» деп өз көзімізге сенер-сенбесімізді білмей қалдық. 1991 жылы салынған көлемі 2265 шаршы метр болатын му­зейді жөндеуге 2010 жылы «Жол картасы» бағ­дарламасы бойынша 134 миллион теңге бөлінгенін бұрын да айтқанбыз. Нәтижесінде музей кереметтей құбылып, қосымша тағы кон­фе­ренц залы мен әкімшілік залы қосылып, кө­лемі 230 шаршы метрге ұлғайғаны өз алдына, көркемдік безендіру жұмысы мен экспонаттарды байытуға облыс бюджетінен 42,9 миллион тең­ге қаржы бөлінгені тағы бар.
Музейдің салтанатты түрде лентасы қиылған соң, түс ауа ғылыми конференция басталды. Қазақ­стан Жазушылар одағының төр­ағасы Нұр­лан Оразалин модераторлық ет­кен кон­фе­ренцияның алғаш ашылу сөзін елі­міз­дің Бас муфтиі хазірет Әбсаттар қажы Дер­бісәлі алды. Мұның өзіндік себебі де жоқ емес-ті: ақын тойы исі мұсылман үшін ең қасиетті ай – Рамазан басталар шақта келіп еді.
Әбсаттар қажы Дербісәлі:
– Мұқағали саясаттың салқынына қарамай, дін тақырыбын кеңес дәуі­рінің өзінде батыл жырлаған бірден-бір ақын болды.
Қаймағы бұзылмаған қайран дінім,
Қаймағың быт-шыт болды қай­дан бүгін?! – деп, «мұсылманмын» деп атаудың өзі ұят саналған дінсіз дәуір­де құбылаға бет түзеп, сәждеге жы­ғылатын күнді аңсайтын арманын паш етті. Бұл – ақындық қана емес, нағыз батылдық. Мұқағали – Мұхаммед Әли бабамыз сол зұлмат заманның өзінде көпшіліктің ығына жығылмай, өз ойын таза сақтап:
Сатпаймын, сатқан емен дінімді мен,
Өлмейтін, өшпейтұғын күнін білем.
Таппайтын күнде тыным, түнде тыным,
Мұсылман Мұхаммедтің үмме­тімін, – деп жырлады. Біз бүгін қасиетті Рамазан айының кірер есігінде тұрмыз. Тірі болса, мен сенімдімін, Мұқағали ауыз бекітіп, барша мұсыл­манды күнә­ларынан сақтануға шақырар еді. Ол кісі мұсылмандықты терең түсін­ді, оның тек құлшылық етумен шектеліп қалмайтынын, барша ғылымның атасы екенін ақиық ақын:
Дін – ғылымның анасы,
Дін – ғылымның әкесі,
Ғылым – діннің баласы,
Дін – ғылымның көкесі,
– деген. Шынын­да, қасиетті Құранның 719 же­рінде ғылым-білім туралы айтылады. Демек, Мұқаң Құранды терең білген деп толық негізде айта аламыз.

«Қазақ энциклопедиясы» баспасының бас редакторы Бауыржан Жақып мыр­заның баяндамасында да біршама тұ­шым­ды ой айтылды. Алайда осы кон­фе­ренцияда ел-жұртты елең еткізген Мұ­қаңды зерттеуге ең алғашқылардың бірі болып кіріскен жазушы Бексұлтан Нұр­жекенің сөзі болды.
Бексұлтан Нұржеке, жазушы:
– Мұқаңның ең алғаш елі ескеріп тойлаған тойы 50 жылдығы болды. Содан бері ақынның 60, 70 жылдығын, мінекей, 80 жылдық мерейтойын да көруге жазыпты. Сонда байқағаным, әр он жыл сайын ел-жұрты Мұқағалиға деген ықыласын көтерген үстіне көте­ріп келеді. Демек, Мұқаңның бола­шақтың ақыны екеніне дау жоқ. Бірақ ғылым деген тек мадақтаудан, әсі­р­е­леуден тұрмайды, ғылым деген шын­дықтан тұрады емес пе?! Бізден ке­йінгі ұрпаққа Мұқағалидың боя­ма­ланған, әсіреленген, шындық­тан алыстаған атақ-абыройын емес, оның өзін, яғни оның біз секілді адам бола тұрып, соншалық керемет шы­ғарма ту­дыр­ғанын ғылыммен дәлел­деуі­міз керек. Мәселен, Мұқағали өз күн­де­лік­терінде не деген ғажап сөздерді жазып кеткен: жартысы орысша, жартысы қазақша! Сол күнделіктің түпнұсқасын кім көрді? Тіпті сол күнделікті алғаш шығарған «Жалын» баспасында отыр­ған мен де көрген жоқпын, сіздер де көр­ген жоқсыздар. Ол қайда сонда? Ғылым осыны неге зерттемейді? «Жа­рық көргені — мынау, жарық көр­ме­гені қайда, жыртылғаны — мынау, бү­тіні қайда» деген сұрақты терең зерт­теу – таза ғылымның ісі. Бұл құр мақ­тау, ма­дақ­тау емес, Мұқағалидың жаз­ғанын жоқтау, іздеу, ғылым деген — осы.
Мұқағалидың ішкенін айтады қазір біреулер, Мұқағали ішкен заманда бәріміз іштік. Мейлі айтсын, бірақ мә­селе оны ішкілікке не итермеледі дегенді зерттеуде емес пе?! Бұл ақынды ғана емес, сол тұстағы әдебиетті зерттеу болып табылар еді. Неге күнделіктің жоқ беттерін іздеу керек деймін, себебі онда бізге қажет көп ақпарат кетті емес пе?! Ақынды толық тануға, бір жағы, ол да өз кедергісін келтіріп тұрған жоқ па?! Жалпы, Мұқағалидың мұңсыз өлеңі жоқ. Ол қайдан келген мұң? Отбасының жағдайы ма? Мемлекет қысты ма? Екінің бірі сондай-ақ «тірісінде неге бағаламадық» дейді. Шынында, неге?
Сырт көзге ұсақ-түйек көрінгенімен, расында, ғылымда ұсақ-түйек деген болмайды. Керісінше, кейде шындық сол біз ұсақ көріп, мән бермейтін детальдардың астарында бүркемеленіп жатуы әбден мүмкін. Айталық, орыс халқы әлдеқашан Есениннің инесі мен түймесіне дейін зерттеп қойған. Мұқағалидың сол Есениннен артық болмаса, бір де кем түспейтінін біз ғана емес, тіпті орыс халқы да ғана емес, әлем жұртшылығы ертелі-кеш мойындары сөзсіз. Бүгіннің өзінде Мұқағали ше­кара асып, түрлі тілдерде сөйлеп жүр. Осы конференция барысында ақын шы­ғар­маларын қытай тіліне аударған, Қы­тайда тұратын қандасымыз, аудармашы, қаламгер Қайша Тәбәрікқызы жыр жи­нағын тәбәрік етті. Ең қызық құбылыс Мұқағали өлеңдерін қытай тілінде тыңдау болды. Аспан асты елінде ақындық мекте­бінің дамуына, өлең сапасының артуына Мұқағалидың ықпалы зор болғанын сондағы қандастарымыз бір ауыздан ай­тып, мақұлдайды. Мұқағали ақын атау­лының айылын жиып, бойын түзер айнасы, бетке ұстар темірқазығы екенін осы­дан-ақ аңғаруға болады.
Амангелді Кеңшілікұлының жүрек тебі­рентерлік сөзімен, Мұхтар Шахановтың рухтандырар сөзімен түйінделген конференция «Кең дүние, төсіңді аш, мен келемін!» атты жазба ақындардың респуб­ли­калық мүшәйрасына жалғасты. 150-ден астам ақын өлеңі жарысқа түскен аламан былай қорытындыланды:
150 мың теңгелік қаржылай сыйлығы бар Еркін Ібітанов атындағы сыйлық ақын Жарас Сәрсек пен Болат Үсенбаевқа табыс етілді. Айта кетерлігі, бұл жүлдені ақын­ның отбасы арнайы тағайындап, оның ұлы, ҚР ҰҚК полковнигі Ерлан Ібітанов табыс етті.
200 мың теңге қаржылай сыйлығы бар ынталандыру сыйлығы Батық Мәжит­ұлы, Жәркен Бөдеш, Серік Ақсұң­қарұлы, Қадір­бек Құныпияұлы, Әубә­кір Қайран және Қуандық Шолақов­тарға берілді.
Жүлделі ІІІ орынды Сәкен Иманасов, Әділғазы Қайырбеков, Ырысбек Дәбейлер иеленіп, 500 мың теңгеге ие болды.
ІІ орын Білісбек Әбдіразақ пен Иран-Ғайып сынды ақындарға бұйырды. Қар­жы­лай сыйлығы — 750 мың теңге.
Сондай-ақ мүшәйраның бірінші орны (1 миллион теңге) Мақпал Мұса атты жап-жас ақын қызға табыс етілсе, бас жүл­дені «Тау ұлы» деген бүркеншік аттың иесі, азулы ақын Жүрсін Ерман алды.
Жүрсін ЕРМАН, Халықаралық Алаш сыйлығының және Мұқағали Мақатаев атындағы сыйлықтың иегері:
— Мен өмір-бақи Мұқағали деп келе жатқан адаммын. Ел-жұрт біледі ғой. Ал өз басым осы мүшәйрада Мұ­қа­ғалидың маңайынан табылып, Мұ­қа­ғалидың жүлдесін алғаныма бақыт­тымын.

Тойдың екінші күні...
атақты Шалкөде жайлауында жалғас­ты. Жайлауды бетке алып ағылған халықта есеп жоқ.
Жетісулықтар 300-ден астам ақ шаң­қан киіз үй тігіп, мұқағалишыл қауымға қонақжайлық көрсетті.
Мерейтойдың ашылу салтанатында Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың құттықтауын Президенттің іс басқарушы­сы Серік Үмбетов оқыды. «Ардақты әлеу­мет! Сіздерді қазақ халқының аяулы пер­зенттерінің бірі, ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың 80 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын.
Ел Тәуелсіздігімен бірге Мұқағали жыр­лары да түлеу үстінде деп айта аламыз. Ақынның қаламынан туған шы­ғармаларға әдебиет саласындағы Мемлекеттік сыйлық берілді. Жыр жи­нақтары мен таңдамалы шығарма­лары жарық көруде. Мемлекет қамқорлығымен мұ­ра­лары жинастырылып, мұражайы бой көтерді. Жауһар жырлары әлем тілдеріне аударылуда.
Туған елін тебірене жырлаған Мұқа­ғали ақынның өміршең өлеңдері жас ұр­пақты болашақта да отаншылдыққа, адам­гершілікке баули береді деп сене­мін. Бүгінгі салтанатты шараға қатысып отыр­ған баршаңызға зор денсаулық, шаңы­рақтарыңызға шаттық тілеймін. Ұлттық әде­биетіміз өркендей берсін! Той құтты болсын!» – делінген Елбасының құттықтау хатында. Парламент Сенатының төрағасы Қайрат Мәмидің құттықтауын Сенат депутаты Қуаныш Сұлтанов жеткізді.
Алматы облысының әкімі Аңсар Мұ­са­ханов дүйім жұртты Алаштың ардақты ұлының мерейлі тойымен құттықтап, «Кең дүние, төсіңді аш, мен келемін!» жыр мү­шәй­расында бас жүлдені иеленген ақын, Мұқағали атындағы сыйлықтың иегері Жүрсін Ерманға, ақынның ұлы Жұлдыз Мақатаевқа автокөлік кілттерін тапсырды. Сондай-ақ жалынды өлеңдерімен сахнаны бір серпілткен бала Жамбыл – Жамбыл Дүйсенұлына 100 мың теңге сыйлық берілді. Жазушылар одағының төрағасы Нұрлан Оразалиннен бастап, бірқатар зиялы қауым өкілдері жүрекжарды лебіздерін білдірді.
Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академия­лық драма театры, Қали­бек Қуанышбаев атын­дағы Қазақ музыкалық драма театры, Ғабит Мүсірепов атындағы Балалар мен жасөспірімдер театры мен Алматы об­лыстық Бикен Римова атындағы драма театры өнерпаздарының қатысуымен театр­ландырылған көріністер көрермен назарына ұсынылды.
Бұл күні Шалкөде тұлпарлар тұяғының дүбіріне бөленді. Ұлттық ат спорты түр­лерінен өткен жарыста 300-ге жуық жыл­қының бағы сынға түсті. Райымбек ауда­нының шабандозы Сүбебай Азамат мінген тұлпар қазақы жылқылар арасындағы аламанның жүйрігі деп танылды. Алма­тылық «Нұр» жылқы зауытының сәйгүлігі таза қанды жылқылар арасында мәреге бірінші жетті. Сондай-ақ топ бәйге, құнан, жорға жарыстарда Алматы облысының Жамбыл, Қаратал, Сарқан аудандарының мерейі үстем болып, барлық жеңімпаз­ға жеңіл автокөліктердің кілттері табысталды.
Ақынның дүбірлі тойында ат жарысына алты бірдей жеңіл автокөлік тігілді. Аламанның жүлдесіне берілген «Джип» автокөлігін— Жөр­генбаев Жанболат бас­та­ған Қарасай ауданының азаматтары, «Нексия» темір тұлпарын — Баубек Байсабаев пен Талғар ауданының атымтай­лары, «Шанс» авто­көлігін Ұй­ғыр ауданы­ның жомарт жігіттері тіккен екен. Топ ішінен суырылып шыққан сәйгү­лік­терге бұдан өзге «Нива» және «ВАЗ-2107» автокөліктерінің кілттері тапсырыл­ды. Оларды Еңбекшіқазақ, Жамбыл ауданы­ның азаматтары ұсынған.
Қазақша күрес, кір тасын көтеру, ар­қан тартысы жарыстары да тартысты өтіп, үз­діктер қомақты жүлдеге ие болды.

Түйін
Жиынға арнайы Елбасының құттықтауын жеткізуге келген Президенттің іс басқарушысы Серік Үмбетов мырза осы ретте мынадай түйінді сөз айтты: «Бұл – ақын тойының мәресі емес, басталуы ғана. Елбасымыз талай жерде былай деп айтып жүр: «Той тойлау киіз үй тігіп, ақша шашу емес, ол – ертеңгі күні сол той болған ауылға игілік болып қалуы. Қараңыздаршы, 800 млн теңгедей ақша бөлінді. Нәтижесінде Қарасаз елді мекені бұрын қандай еді, қазір қандай?!» Расында, тарихқа үңілсек, бір кездері Мұқағалидың тойын тойлауға қол жеткізудің өзі қандай күрестің арқасында келіп еді! Ең алғаш ақынның 50 жылдығын өткізуге мұрындық болған, адуынды сөзімен кесімді шешім айтып, даурықпаны тойтарған ақын Әбділда Тәжібаев болса керек. Осы бүгінгі мерейтойға қол жеткізуімізде сондай тұлғалардың өлшеусіз еңбегі барын бүгінгі ұрпақ – біз біле жүруіміз шарт».

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста