Аптап ыстық келе жатыр
Алдағы үш тәулікте еліміздің солтүстік, батыс және оңтүстік-шығыс аймақтарында күн ысып, ауа температурасы 38, кей жерлерде 41 градусқа дейін көтеріледі. Бұл туралы «Қазгидромет» орталығының мамандары хабарлады.
Синоптиктердің болжауынша, тамыздың 4-і мен 6-сы күндері аралығында Қостанай, Ақтөбе, Алматы және Жамбыл облыстарында ауа райы қолайсыз болады. «Қазгидромет» орталығының инженер-синоптигі Алуа Саханованың мәліметінше, осы тәуліктерде Ақтөбе облысында ауа температурасы 38 градусқа жоғарыласа, Қостанай, Алматы және Жамбыл облыстарында 41 градусқа дейін көтеріліп, аптап ыстық орнайды.
Алуа Саханова, «Қазгидромет» орталығының инженер-синоптигі:
– Бүгін Қостанайда күн күркіреп, жаңбыр жауады деп болжанғанымен, ертең, яғни тамыздың 5-і күні сынап бағанасы тым жоғары болады. Аталмыш өңірлерде, негізінен, құрғақ ауа райы қалыптасып, сынап бағанасы түнгі уақыттың өзінде 25 градусқа дейін көтеріледі. Ал еліміздің өзге аймақтарына тоқталар болсақ, орталық және шығыс өңірлерде де күн ашық болады. Қарағанды облысында термометр көрсеткіші түнде 15-20, кей жерлерде 10 градус шамасында болса, күндіз 28, кей жерлерде 34 градус ыстық болуы ықтимал.