Апатты су нысандары туралы мәлімет неге ала-құла?
Кеше Төтенше жағдайлар министрлігінде оқыс жағдайларды ескерту мен оның алдын алу бойынша ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысы болып өтті. Күн тәртібінде гидротехникалық нысандардың қауіпсіздігін арттыруға қатысты мәселелер талқыға түсті.
Мәліметтерге қарағанда, Қазақстан аумағында гидротехникалық нысандардың маңында һәм ондай нысанның су басу қаупі жоғары болатын аймақтарында 1,5 миллионға тарта адам тұрып жатыр екен. Ал өңірде ғана емес, бүкіл әлемде айтарлықтай сезіліп жатқан климаттық өзгерістер Төтенше жағдайлар министрлігінен қырағылықты айрықша талап ететіні анық. Ендеше, гидротехникалық нысандардың қауіпсіздігін арттыру мемлекеттік жауапты органның күн тәртібінен түспейтін ең бірінші мәселесі болуы шарт. Бұған дейінгі айтпай келген бірқатар апат салдары да, бар қазақтың қабырғасын қайыстырған Қызылағаш қайғысы да осыны ерекше назарда ұстауды талап етеді. Бұл – мәселенің бір қыры. Екіншіден, Қазақстанның гидротехникалық нысандарының басым көпшілігі өткен ғасырдың 30-80-жылдары аралығында салынған. Сондықтан да су нысандарының бүгінгі қауіпсіздік жағдайы алаңдатпай қоймайтыны тағы анық. Осыған орай Елбасы әлгіндей апатқа жақын су нысандарының қауіпсіздігін қатайту туралы дүркін-дүркін тапсырма беріп келді. Әйтсе де жауапты министрлікте қауіпті гидротехникалық нысандардың жалпы саны туралы нақты ақпараттың алалығы қатты таңғалдырды. Қауіпті гидротехникалық нысандар мәселесінің үшінші қыры осыдан шығады.
«Су кодексінде су шаруашылығының гидротехникалық нысандарына ресурстарды басқаратын инженерлік құрылыстар, сумен қамтамасыз ету нысандары, плотиналар, бөгеттер, шлюздер, арналар, арықтар мен магистральды су құбырлары жатқызылған. Ал бүгінде осы кодекстегі қамтылған нысандардың республика бойынша жасалған толық әрі нақты есебі әлі жоқ. Әртүрлі ведомстволар түрлі мәліметтер ұсынады. Мәселен, Ауыл шаруашылығы министрлігінің дерегінше, елімізде 2010 жылы 560 гидротехникалық нысан болса, 2011 жылы бұлардың саны 422-ге кеміп кетіпті. Ал прокуратура органдары Елбасының тапсырмасына орай жүргізген тексерісінде еліміздегі 442 гидротехникалық нысанды есепке алған. Төтенше жағдайлар жөніндегі аумақтық органдардың мәліметі мүлдем басқа: 2010 жылы елімізде 907 нысан барлығы анықталған.
Енді жергілікті атқарушы органдар республикада 1 мың 244 гидротехникалық нысан бар екендігін алға тартады. Бұл қалай?» – деп аң-таң Төтенше жағдайларды ескерту департаментінің директоры Асқар Майлыбаев. Оның айтуынша, нақты мәліметтің бұлайша алшақ болуы елімізде бірегей есеп-қағидаттардың жоқтығынан және де су шаруашылығының гидротехникалық нысандарын нақты бағалаудың болмауынан туындап отыр. Ал гидротехникалық нысандардың елге туғызатын қаупі мәселесіне келсек, мұны төтеншеліктер ең алдымен «жекешеленгеннің кесірі һәм меншік иесінің қолдан-қолға ауысуынан» деп бағалайды. Нысан қожайынының жиі ауысуы жөндеу, қауіпсіздікті қатайту жұмыстарына көп көңіл бөлуге барғызбайтын сыңайлы. Дегенмен 47 инвестициялық жоба аясында гидротехникалық нысандардың құрылысына, оларды күрделі қайту жөндеуге 17,3 млрд теңге бөлінген. Әйтсе де нақты мәліметке сүйенсек, еліміз бойынша тек 113 гидротехникалық нысанға ғана күрделі жөндеу жасалған.
Осындай мәселелерден соң Төтенше жағдайларды ескерту департаментінің директоры Асқар Майлыбаев Қазақстанның гидротехникалық нысандарына толықтай тексеру жүргізу қажеттігін алға тартады.
«Гидротехникалық нысандардағы төтенше жағдайдың алдын алу мақсатында облыс әкімдері, Астана мен Алматы қалаларының басшылары олардың қауіпсіздігі тұрғысынан тексеру жүргізіп, коммуналдық меншіктегі гидротехникалық құрылыстарды нақты есепке алуы шарт. Бұдан бөлек тұрғындарға қауіп төндіретін гидротехникалық нысандарға есеп және мониторинг жүргізу мәселесін реттейтін нормативтік-құқықтық актілер әзірленгені ләзім», – дейді директор.
Ал Төтенше жағдайлар вице-министрі Жанболат Смайылов Парламентке «Азаматтық қорғаныс туралы» Заңға өзгертулер енгізген жобаның жолданғанын айтады. Аталған құжатта елдегі суқоймаларға байланысты қауіпсіздіктің барлық мәселесі қамтылатын болыпты. «Қазіргі таңда біз жекеменшікке өткен суқоймалар бойынша үлкен жұмыстар атқарудамыз. Бір мәселе, гидротехникалық нысандардың қауіпсіздігіне инвестиция салу бойынша меншік иелері тарапынан құлшыныс аса байқалып отырған жоқ. Оны мойындау керек. Алайда біз алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмысты жалғастырамыз», – дейді вице-министр.