«Анамнан қалған үйді сатқанда, балалық шағымды сатқандай болдым» - Қайрат Әділгерей (ВИДЕО)
"Әзіл әлемі" театрының белді актері Қайрат Әділгерей ақтарыла сұхбат беріп, өзінің ішкі жан сырын ақтарды. Өнер иесі әкесіз өскен балалық шағын есіне алып, өнер жолы туралы бүкпесіз айтып берді деп жазады KAZ.NUR.KZ.
Қайрат Әділгерей өз отбасы мен балалық шағы жайлы көпшілік білмейтін тың мәліметтермен "Ең алғашқы" бағдарламасында бөлісті.
Актер жанұясының басынан өткен ауыр кезеңдерді есіне алды.
"Бала күнімізде анам жұмыс істеді. Ол қиын-қыстау кездер. Жалақы орнына киім, тағам, азық-түлік береді. Бір күні 50 келі мөшекпен 8 мөшек қарақұмық алып келді. Соны кейінге дейін тауыса алмадық. Көршілерге тараттық. Саттық. Сыйға бердік. Өзіміз әбден жеп шығып қалдық. Әлі күнге дейін осы тамақты жей алмаймын. Бірақ дәмі есте. Анам тігінші болып, тағы басқа жұмыстарды қатар атқарды. Киім-кешектер беретін. Сол кезде жалақы бермейді. Берген киімдерін біз киіп жүрдік. Анам ақша жетпеген соң 4 бөлмелі үйдің екі бөлмесін жалға беретін. Солай мені оқытты. Ол үшін мен намыстанатын едім. Тіпті мектеп бітіру кешіне беретін 5 мың теңге таппай қалып, бармай қалғанмын. Сондай күндер бастан өтті" , - дейді Қайрат Әділгерей.
Өкініштісі, өнер иесінің анасы 2010 жылы дүние салған. Ол ұлы Қайрат Әділгерейдің жұлдыз болып жарқыраған сәттерін көре алмай кетті. Актер анасы қайтқаннан кейін қара шаңырақты сатып жіберген.
“Үйді сату керек дегенде ойланбаппын. Үй өтіп кетсе екен, сатылып кетсе екен деген мақсат болды. Қайта, қайта үй жинап, шаршап кеткенбіз. Осы үйді сатсақ, бізге үлкен көпір болайын деп тұр. Сол кезде ойланбаппын. Заттардың бәрін көшірсіп, әпкеме анамның сырғасы мен суретін алып кетейінші дедім. Өзімді, балалық шағымды сатып жібергендей болдым. Шешем тірі болса, бұл үй сатылмайды, қозғалмайтын еді. Біртүрлі шаңырақ ортасына түсіп, құлағандай болды. Іштей өкініш болды. Ол кезде 26 жастамын. Жасым ұлғайған кезде мұндайға жол бермес пе едім деген ойлар бүкіл балалық шағымды сатып жібергендей болдым. Көңілім қатты құлазыды” , — деп көзіне жас алды актер.
Шоу-бизнес жұлдызы туған жері Атыраудан анамның көзі деп таққан сырғасын және фоторамкадағы суретін кеудесіне басқан күйі қайтқан.