Алматыда бүгінгі таңда қала тұрғындарынан 50-ге жуық ұсыныс-тілектер келіп түсті. Олардың барлығы сайлауалды бағдарламаны әзірлеу кезінде ескеріледі, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Алматылықтарды қоғамдық көлік мәселесін жолға қою, экологиялық жағдайды жақсарту, құрылыстың тым тығыз жүргізілуі сияқты мәселелер толғандырады. Сонымен қатар, зейнет жасын төмендету, азық-түлік бағасын бақылау және кейбір дәрі-дәрмектерді тегін беру бойынша ұсыныстар жиналды.
Партияның Ақтөбе облысындағы филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесіне сайлаушылардан 97 тілек түсті. Өңір тұрғындары жастарды тұрғын үймен қамтамасыз етуді және әлеуметтік саладағы қызметтердің сапасын арттыруды сұрайды.
Сонымен қатар, партиялықтар ұсыныстарды проактивті форматта жинап жатыр. Петропавлда партия мүшелері арнайы «Дария» базарына барып, азаматтардың талап-тілектерін қабылдады. Мұнда шағын бизнесті дамыту, жалақы деңгейі сияқты және тағы да басқа түйінді мәселелер қозғалды.
Түркістан облысында да партиялықтар тұрғындардың ұсыныстары мен тілектерін жинап жатыр. Жалпы, өңір бойынша 168 талап-тілек келіп түсті, олардың басым бөлігі әлеуметтік салаға, жұмыспен қамту, денсаулық сақтау мәселелеріне қатысты болды. Түркістан қаласындағы «Қуаныш» орталық базарында тұрғындармен кездесу өткізілді.
Айта кету керек, заңнамаға сәйкес қазіргі таңда партияның Қоғамдық қабылдау бөлмелері азаматтардан ұсыныстар мен тілектерді жинау мен талдауды ғана жүргізеді, өзге қызметтер тоқтатылды.