«Алтын жүрек» иегерлері анықталды
Кеше Алматыда жыл сайынғы қоғамдық ұлттық «Алтын жүрек» сыйлығының иегерлерін таныстыруға арналған баспасөз мәслихаты өтті. Қайырымдылық танытып жүрген азаматтарды анықтауға арналған бұл байқау осымен үшінші рет қолға алынып отыр.
Жиынға байқаудың сарапшылық және қоғамдық кеңес мүшелері, атап айтқанда ұйымдастырушылар комитетінің төрайымы Жұлдыз Айтбаева, белгілі айтыс жанашыры Жүрсін Ерман, «Намыс» қоғамдық бірлестігінің басшысы Қайрат Иманәлиев, «Мөлдір» әйелдер қауымдастығының президенті Ләззат Ишмұхамедова келді. Ж.Айтбаеваның сөзіне қарағанда, биылғы жылы байқауға қатысуға еліміздің әр аймағынан 70-ке жуық адам ынта танытқан. Барлық өтініштер 1 тамыздан 30 қыркүйекке дейін қабылданған және байқау шарты бойынша, бәйгеде тек өткен жылдан бері қарай жасалған қайырымдылық істер қаралды. «Біз үшін жеңімпаздарды анықтау өте қиынға соқты. Себебі, қаралған істердің барлығы жүлдеге лайық. Алайда біз өз таңдауымызды жасадық», – дейді комитет төрайымы. Оның сөзіне қарағанда, биылғы жылы он аталым бойынша 30 адамға «Алтын жүрек» сыйлығы табысталады. Олар: «Жетім балаларға көрсеткен қамқорлығы үшін», «Білімді дамытуға қосқан үлесі үшін», «Мүгедек жандарға көрсетілген қамқорлығы үшін», «Спортты дамытып, оны қолдағаны үшін», «Ардагерлерге көрсеткен құрметі үшін», «Жыл меценаты», «Ақпараттық қолдаушы», «Жылдың қайырымды адамы», «Жыл ұйымы», «Өнер мен қайырымдылық» аталымдары. Жеңімпаздарды салтанатты марапаттау рәсімі 27 қазан күні Абай атындағы мемлекеттік опера және балет театрында өтеді.
Қайрат ИМАНӘЛИЕВ, «Намыс» қоғамдық бірлестігінің басшысы:
– Жүлдеге ілінгендер ішінде жеке адамдар да, жеке компаниялар да болды. Сондықтан мен бір ұсыныс жасағым келіп отыр, келесі жолы оларды екі бөліп марапаттасақ. Ең әділ жол осы деп ойлаймын. Ал бүгінгі байқау қорытындысына келсек, ол өте демократиялы жолмен өтті. Әрқайсымыз өз ойымыз бойынша дауыс бердік.