Алматының жыл мұғалімі анықталды
Республика сарайында «Алматы жыл мұғалімі – 2012» байқауы мәресіне жетті. Оған Қазақстанның Білім және ғылым вице-министрі Мұрат Орынханов пен Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов қатысып, жеңімпаздарды марапаттады.
Жыл сайын Алматы қаласы әкімінің қолдауымен өтетін дәстүрлі байқаудың биылғы ерекшелігі – жаратылыстану ғылымдарына тиесілі математика, физика, информатика, химия, биология, география пәндерінің мұғалімдерінің өзара бәсекеге түсуі болды. Бұл байқау алып шаһардың ең үздік мұғалімдерін анықтап қана қоймайды, ұстаздық үлгі-өнегенің сабақтастығын жаңғыртуға, сабақ жүргізудің тиімді жаңа әдістемелері мен технологияларын ойлап табуға айрықша ықпал етеді.
Алматыда кейінгі жыл көлемінде шаһарда заманауи технологиялармен жабдықталған 20 білім ошағының ғимараты салынған. Осы күні тоғыз мектептің, бір кәсіби лицейдің, тоғыз балабақшаның құрылысы жүргізілуде. Жалпы білім беру мекемелерінде 12,5 мың мұғалім қызмет етіп жатыр. 2009 жылы мұғалімдердің жалақысы 25 пайызға артса, 2010 жылы тағы тура соншалықты көтерілді. Ал 2011 жылы болса, ұстаздар қауымының айлық жалақысы 30 пайыздық өлшемде өскен еді. Келер оқу жылынан бастап мұғалімдер мен оқытушыларға білім беру деңгейіне орай қосымша жалақы тағайындалады. Осы мақсатта Алматы қаласының бюджетінен 231 млн теңге қаржы бөлініп отыр. Аудандық дәрежедегі байқауларда суырылып шыққан 70 мұғалімнің тек 12-сі ғана ақтық сайысқа жолдама алған. «Алматы жыл мұғалімі – 2012» байқауының бас жүлдесін №165 лицейінің физика пәні мұғалімі Ринат Ибрагимов жеңіп алса, ал 1-орынды №126 мектеп-лицейінің математика пәні мұғалімі Зәмзәгүл Қиябаева қанжығалады. 2-орынды №148 мектеп-гимназиясының информатика пәнінің мұғалімі Гүлжан Дорветхан мен №105 мектеп-гимназиясының химия пәні мұғалімі Динара Әкімжанова өзара бөліссе, 3-орынды №112 жалпы білім мектебінің география пәні мұғалімі Әйгерім Едігеқызы қанағат тұтты. Жеңімпаздардың басы баспаналы болып, шетелде демалуға жолдама алды.