Алматыда тұрғындарға тегін көшет таратуға арналған «Жасыл аула» науқаны басталды. Бұл туралы қаланың экология және қоршаған орта басқармасы мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Науқан аясында көпқабатты үйлердің ауласы мен қоғамдық кеңістіктерді көгалдандыруға ниетті әрбір алматылық шаған, үйеңкі, шегіршін, қайыңның көшеттерін тегін ала алады.
Өтінімдер 15-24 наурыз аралығында қабылданады.
Тұрғындарға ыңғайлы болуы үшін көшеттер демалыс күндері таратылатын болады. Бір адамға 20 көшеттен артық берілмейді.
Ал, қатысу үшін jasyl.aula.almaty@gmail.com электронды поштасына келесі мәліметтерді жолдау қажет:
1. Қатысушының аты-жөні мен телефон нөмірі, ағаш отырғызылатын орынның нақты мекенжайы
2. Ағаш отырғызылатын орынның фотосы (мамандарға орынды толықтай бағалауға мүмкіндік болуы үшін панорамалық форматта болғаны жөн)
3. Сұралып отырған көшеттің түрі мен саны.
«Көшеттер 1,2 және 9, 10 сәуір күндері Алматы қаласы Әуезов ауданы, Юрий Ким көшесі, 9 («Eco Almaty» ЖШС) мекенжайында таратылады. Соңынан жоғарыда көрсетілген электронды мекенжайға фото есеп жолдау қажет»,- деп хабарлады Алматы қаласының экология және қоршаған орта басқармасынан.
Айта кетейік, мамандар көрсетілген уақыттан кейін жолданған өтініштердің қарастырылмайтынын мәлімдейді.